Шопаннан басшыға дейін…
Өзге замандастарына қарағанда, Оңайбай Көшекұлы – мұнайлы өлкені ең ұзақ басқарған басшылардың бірі. 1977 жылдың 24 ақпаны болатын. Осы күні Оңайбай Көшекұлы Гурьев облысының бірінші хатшысы болып тағайындалады.
Кадрлық өзгерістер
Мұның өзі еңбек жолын шопандықтан бастап, мемлекеттік қызметтерде іскерлігімен танылған Оңайбай Көшекұлына деген үлкен сенім болатын. Бұл кезеңде облыс ірі аграрлы-өндірісті аймаққа айналған-ды.
Көп ұзамай облыста кадрлық өзгерістер басталады. Гурьев қаласын 1965-1977 жылдары басқарған Е.Тасқынбаев – Еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық Кеңесі атқару комитеті төрағалығына, Гурьев қаласы басшылығына – Р.Шырдабаев, Махамбет ауданына – А.Оңайбаев, 1977 жылы 7 маусымда облыс хатшысы М.Тәжин орнына – А.Кенжебаев, Р.Бердіғожин –обкомның өндіріс-транспорттық бөлімі, М.Ғабдісәлімова – обкомның насихат және үгіт бөлімі меңгерушілігіне, Б.Таубаев – Еңбекшілер депутаттары Махамбет аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағалығына, 1977 жылы 5 қыркүйекте обкомның ІІ хатшысы О.Желтиковтың ҚазКСР Мемлекеттік жоспар төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалуына байланысты оның орнына В.Сергеев бекітіледі. Инженер құрылысшы В.Сергеев те облыс шаруашылығын білетін тәжірибелі басшы болатын. Ол Саратов облысында дүниеге келгенімен, өзінің саналы ғұмырын Қазақстанда өткізеді. 1960 жылы Шымкент қаласындағы политехникалық техникумды бітірген соң, Гурьев балық консерві комбинатында, балық шаруашылығы басқармасында, Гурьев облыстық партия комитеті құрылыс және қалалық шаруашылық бөлімі нұсқаушысы, «Гурьевмұнайхимияқұрылыс» тресі партия комитеті хатшысы, 1970-1976 жылдары Гурьев қаласы партия комитетінің екінші хатшысы болып жасаған-ды.
Осы сәтте облыстық партия комитеті Гурьев педагогикалық институтына да басшылықты күшейтеді. Мәселен, 1977 жылы 11 мамырдағы бюро отырысында декандыққа биология факультетіне М.Алдабергенованы, физика-математика факультетіне Қ.Қамматовты, ал 1979 жылы 28 ақпанда обком бюросы ән-күй-педагогикалық факультетін қосып, факультет деканы қызметіне Г.Котлярды бекітеді.
Қонаевтың Гурьевке сапары
Сексенінші жылдар қарсаңында КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы Л.И.Брежневтің «Тың», «Өрлеу», «Кіші жер» еңбектерін жастар ортасында кеңірек насихаттау қолға алынған еді. Елдегі барлық ұжымдар, өндірістік, ауыл шаруашылық мекемелер жоғары көрсеткіштерге бағытталады. Бір ғана мал шаруашылығына қой, ешкі санын 1985 жылы – 1 400 мың, ал 1990 жылы 1 700 мың басқа көбейту, қой еті өнімін 1985 жылы 22 500 тоннаға жеткізу жоспары алға қойылады. Бұл талап облыстағы – Балықшы, Теңіз, Индер, Қызылқоға, Махамбет, Новобогат, Ембі, Мақат аудандары ұжымдарына жүктеледі.
Жоспарды орындау мақсатында кеңшар, ұжымдық шаруашылық басшылары мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшыларының, мамандарының білімін жетілдіруге көңіл бөледі. 1979 жылы қыркүйек айында бес кеңшар директоры, бес кеңшар зоотехниктері білімін арттыруға жіберіледі. Облыс ірі өндіріс орындары мен құрылыс, энерго жабдықтау мекемелерін де мал шаруашылығына жұмылдырады. Басты мақсат 1979-1980 жылдағы қыстық азықты мал қыстақтарына жеткізу және фермаларды электр энергиясымен қамтамасыз ету болатын.
Гурьев облысы шаруашылығын дамыту мақсатында О.Көшеков республика басшылығымен де тығыз қарым-қатынас орнатады. Нәтижесінде ҚКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев облысқа бірнеше рет арнайы сапармен келіп, шаруашылықты дамытудың жолдарын қарастырады. Республика басшысы Гурьев облысының жағдайында мал шаруашылығын дамытуға, одан тұрақты да сапалы өнім өндіру үшін берік жем-шөп қорын дайындауға, ол үшін суармалы жердің көлемін көбейтіп мол өнім алуға басты көңіл бөледі. Осы мақсатта облыста қалған жалғыз «Передовик» ұжымдық шаруашылығы 1977 жылы кеңестік шаруашылыққа көшіріледі. Облыс басшысы ұсынысымен шаруашылық басшылығына Р.Құспанов ұсынылып, ол 1977 жылы 11 маусымда Д.Қонаевтың қабылдауында болады. 1978 жылы 4 мамырда О.Көшеков Гурьев облысына келген Дінмұхаммед Ахметұлын арнайы «Передовик» шаруашылығына апарып, республика тапсырмасының орындалу барысымен таныстырады.
1979 жылы 28 ақпанда Гурьев обком бюросы Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың Гурьев облысына келіп, Индер ауданын аралау барысында жасаған ұсыныстарын іс жүзіне асыру жолдарын арнайы талқылайды. Бюроға Индер ауданы басшысы Б.Майдыров, Гурьевтегі ҚазКСР Ғылым Академиясы Мұнай және табиғи тұздар химиясы институты директорының орынбасары М.Диаров шақырылады. Басты мәселе борат өндірісін дамыту және жаңа байлық көздерін ашу, Индер, Сәтимолла кендерінде одан әрі зерттеу жұмыстарын жандандыру болатын. Бұл арада тағы да шешімін таппаған «Гурьев – Индер» көлік жолын аяқтау да көтеріледі. Облыс үшін маңызды саналған «Гурьев – Ганюшкин» және «Гурьев – Индер» көлік жолдарын салу 1977 жылдың аяғында жүктелген болатын.
«Теңіз» кенішінің ашылуы
Бірінші хатшы облыстың басты көрсеткіші болып есептелген мұнай өндірісіне де жете назар аударады. Мұнай өндірісінде соңғы жылдары жаңа кен орындары ашылмағанымен, зерттеу-бұрғылау жұмыстары бір сәт тоқтаған емес. Оған «Ембімұнайгаз» бірлестігі, «Саратовмұнайгеофизика», «Ембімұнайгеофизика», «Нижневолжскмұнай» трестері және ғылыми-зерттеу институттары тартылады. Көп ұзамай мұнайшылар Ж.Досмұхамбетов, С.Шақабаев, Т.Жұмағалиев және өзге де еңбек ұжымдарының барлау қорытыңдылары сараланып, «Қаратон – Прорва» аумағының, оның ішінде «Теңіз» аумағының мұнай қорына бай екені дәлелденеді. Тарихшы Л.Бердіғожиннің зерттеуінше, «Саратовмұнайгеофизика» тресі 1976 жылы «Теңіз» аумағына сейсмикалық-барлау жүргізіп, алаңды терең бұрғылау жұмысына дайындаған. 1979 жылдың 17 қарашасы мен 1980 жылдың 17 қаңтары аралығында №1 ұңғыда арнайы сынақ байқауы жүргізіліп, нәтижесінде мұнай бұрқағының қосындылары алынады. Болашағынан үміт күттірген «Теңіз» алаңын терең бұрғылау ісімен «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігі мамандары айналысқан. Оны басқарған бас директор Бөлекбай Сағынғалиев, бас инженер Құмар Балжанов, бас геолог Мақаш Балғымбаев, бөлім басшылары Орынғазы Есқазиев, Серго Дүтбаев, Болат Еламановтар еді.
Оңайбай Көшековтің басшылығы тұсында әлемге әйгілі алып «Теңіз» кеніші ашылды. Ол турасында О.Көшеков ХХІ партия конференциясында Каспий аймағында геологиялық барлау жұмыстарының күшеюі және Каспий аймағы бұрғылау жұмыстары басқармасы құрылуы нәтижесінде «Досмұхамбетов, Ровный, Шығыс Көкарна, Теңіз кен орындары ашылды» деп атап өтеді. Конференцияда сөз алған «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры Б.Сағынғалиев: «Бұрғылау жұмыстарының бес жылдық жоспары 1980 жылы 7 желтоқсанда орындалды. Ең бастысы, біздің бұрғылаушылар ірі мұнай және газ кеніші «Теңізді» ашты, алғашқы мұнай фонтаны алынды» деп жар салады.
1982 жылы 14 сәуірде «Теңіз» кенішін игеру үшін оперативті топ құрылады. Топқа обком хатшысы Ю.Викулов, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Д.Клинчев, «Ембімұнай» бірлестігінен Б.Сағынғалиев, обкомның өндіріс-транспорт бөлімі меңгерушісі Р.Бердіғожин және өзге де өндіріс, құрылыс, ғылыми-зерттеу мекемелерінен тиісті тұлғалар енгізіледі.
Ел билігіндегі өзгерістерге қарамастан, облыста 1983 жылы «Мақат – Индер» темір жолы құрылысы басталады. 1983 жылы ұзындығы 177,6 шақырым «Гурьев – Индер» электр желісі, 1985 жылы екінші көлік көпірі іске қосылады, ұзындығы 102 шақырым «Құлсары – Теңіз» теміржолы, «Теңіз» мұнайшылары үшін вахталық поселке салынып, «Ембімұнай» бірлестігімен үш жыл ішінде 229 мың шаршы метр тұрғын үй, үш мектеп, бірнеше балабақша, сауда кәсіпорындары, облыс көлемінде орталық газ құбырынан «Гурьев – Индер» құбыры, ұзындығы 500 шақырымдық «Еділ – Маңғыстау» магистралі пайдалануға беріледі.
Бұл кезеңде КСРО-да терең өзгерістер басталды. Алдымен, КСРО-ны ұзақ жылдар бойы басқарған Л.Брежнев (1964-1982), кейін Ю.Андропов (1982-1984), К.Черненко (1984-1985) дүниеден өтеді. КОКП Орталық комитетіне жаңадан Бас хатшы М.Горбачев сайланады. Осылайша КСРО-да тарихта аты қалған қайта құрулар заманы басталады. Оңайбай Көшекұлы соңғы рет обком бюросын 1985 жылы 18 желтоқсанда басқарып, ауылшаруашылығы, облыстың шеткері аймақтарындағы мәдени-тұрмыс мәселелерін талқыға салады.
Көп ұзамай, 1985 жылы 23 желтоқсанда шақырылған Гурьев облысы партия комитетінің ХІ пленумы кезінде, зейнеткерлікке шығуына байланысты Оңайбай Көшеков қызметінен босатылады.
Кейіпкеріміздің 1954 жылы 8 қыркүйекте өзі толтырған өмірбаянынан:
«Мен 1925 жылы кедей шаруа отбасында, Гурьев облысы Кеңарал ауылдық кеңесінде (бүгінгі Плотовинск ауылдық кеңесі) дүниеге келдім. Әке-шешем Қазан революциясына дейін байлардың малын бақты, революциядан соң Гурьев қой совхозында, кейін Енотаев совхозында еңбек етті. Бүгінде әкем жұмыс жасамайды, соғыс мүгедегі. Мен 1941 жылы Таңдай толық емес орта мектебін бітірдім. 1941 жылы әкем соғысқа аттанып, мен Гурьев қаракөл совхозында алдымен шопан-бригадир, кейін есепші, кассир болып еңбек еттім. 1943 жылы ақпан айында Кеңес армиясы қатарына шақырылып, 1948 жылға дейін әскери қызметте болдым. Алдымен рота хаттаушысы, кейін бөлім басшысы, Грузия шекара округындағы шекара бекетінде басшы көмекшісі, орынбасары, басшысы қызметтерін атқардым. 1945 жылы Благовещенск әскери-жаяу әскер училищесін бітірдім. 1948 жылы қаңтар айында Москвада әскери госпитальда емделіп, елге қайтарылдым».
Әбілсейіт МҰҚТАР,
тарих ғылымдарының докторы, професор