ШЕЖІРЕ ШЫРАЙЫ – ШЫНАЙЫ ДЕРЕКТЕР
Сол шежіре арқылы біз ата-бабаларымыздың кім болғандығын – қол бастаған батыр, дауды шешкен би, ұлағат айтқан шешен және басқа да ерекшеліктерін танып-білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, таяуда ғана атыраулықтар қолына тиген «Шеркешнама» атты шежіре кітабының орны ерекше. Бұл кітаптың Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып шығарылғандығы да қуантады.
Жалпы көлемі 1216 беттен тұратын (А-4 қалыбында) бұл кітаптың авторы – халықаралық, республикалық әдеби-шығармашылық конкурстардың жеті дүркін лауреаты, белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин. Жазылу стилі, мазмұны жағынан тарихи, танымдық, деректік, әдеби, суретті кітапта тек он екі ата Байұлының үлкен бір тайпасы – Шеркеш руының шежірелік тізбегі ғана көрсетілмеген, жалпы қазақ халқының қалыптасу шежіресі, оның аймаққа, аталыққа топтасуы, ол жөнінде Елбасы, басқа да зиялылар айтқан тұжырымдар мен қағидалар келтірілген. Сондай-ақ, халық батырлары мен билер, аузы дуалы шешендер, қоғамның қалыптасуына үлес қосқан қайраткерлер, әскербасылар, Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, мәдениет, әдебиет, спорт саңлақтары, ғалымдардың өмірбаяндары мен суреттері берілген. Дуалы ауыз билер мен шешендердің тапқыр сөздері де келтірілген. «Деген екен» айдарында тартымды әзілдері де кімге де болса еріксіз езу тарттырады.
Өткен жексенбіде Атырау қаласындағы Салтанат сарайында аталған кітаптың арнайы тұсаукесер-таныстырылымы болып өтті. Оған облыстың әр шалғайынан, Астрахан, Саратов облыстары мен Қалмақ Республикасынан шежіреге қызығушылық танытқан жандар көптеп келді. Алдымен кітап авторы Пернебай Дүйсенбин аталған шежірені қолға алуға себепші болған көрнекті актер, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған тұлғалар, оған демеушілік жасап, көмектескендер, сондай-ақ, шежіре жиынтығының қамту аймағы (Қазақстанның Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Ресейдің Астрахан, Волгоград, Саратов, Орынбор аймағы), оған жасалынған тоғыз жылдық іссапар нәтижелері туралы әңгімеледі. Бұдан соң мемлекет және қоғам қайраткерлері Есен Тасқынбаев, Нұрпейіс Мақашев, Айдын Айбаров, Төкен Жұмағұлов, кәсіпкерлер Марат және Әмір Исмағұловтар, еңбек ардагері Жәукен Көшенов және басқалар сөйлеп, ата-бабаларымызды ардақтап, тарихымызды тануда аталған кітаптың құндылығы жайлы толғана айтты.
Таныстырылу шарасы барысында ән-күйден шашу шашылып, жыр маржаны төгілді, кітап таратылды. Соңында кітап авторына ақ боз ат мінгізіліп, айрықша құрмет көрсетілді.
P.S. Шежірелік кітапты Атырау қаласы, Шүкір Еркінов көшесіндегі 19-үйден алуға болады. Байланыс телефоны: 87012600717.
Т. ЖИДЕЛИН.