Мерейтойға арналған турнир өтті

Мерейтой а арнал ан турнир Жаңалықтар

Өткен сенбіде ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылғанына 25 жыл толуына орай волейболдан жарыс өтті. Байрақты бәсекеде алты команда бақ сынасты. Олардың қатарында облыстық сот, ішкі істер, төтенше жағдайлар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, қылмыстық атқару жүйесі, мемлекеттік кіріс департаменттерінің ұжымдары болды.

Мерейтой__а арнал__ан турнир

Доданың ашылу салтанатында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Талғат Әлімжанов сала қызметкерлерін төл мерекемен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.

– Сала қызметкерлерінің еліміздің қауіпсіздігіне қосқан үлесін мақтанышпен айтуға болады. Сіздерді осы атаулы мерекемен құттықтай отырып, ел бейбітшілігі үшін атқарып отырған қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деді полковник Талғат Сәкенұлы. Ал, департаменттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Ақботин Отан игілігі, ел бейбітшілігі үшін жанқиярлықпен еңбек еткен азаматтарды үнемі еске алу – ұрпақ парызы екендігін айта келе, осы дәстүрдің жалғасын таба беруіне тілектестік білдірді.

Командалар екі топқа бөлініп ойнады. Жеребе нәтижесіне сай, ең алдымен, облыстық сот пен мемлекеттік кірістер департаменті өзара мықтыны анықтаса, екінші топта қылмыстық атқару жүйесі мен ішкі істер департаменті командалары кездесті. Финалда облыстық ҰҚК және төтенше жағдайлар департаменттері командалары ойнап, турнир иелері жеңіске жетті. Ал, ІІІ орынға таласта ішкі істер департаменті мемлекеттік қызметшілерден басым түсті.

Төрешілер шешімімен ойынның «Үздік байланыстырушысы» болып мемлекеттік кірістер департаменті командасының ойыншысы Болат Қажымғалиев танылды. Ал, «Үздік шабуылшы» аталымымен облыстық төтенше жағдайлар департаменті командасының ойыншысы Әлішер Әбілхайыров марапатталды.

Жарыс жеңімпаздарына арнайы диплом, кубок табыс етілді.

Айгүл СОЦИАЛҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз