ШАТТЫҚҚА БӨЛЕНГЕН ШАҢЫРАҚТАР
— Бұл фестиваль – тәуелсіздік алған егемен еліміздің, отбасының қадір-қасиетін ұлықтауға, отбасындағы тәрбиенің рөлін, ата-ананың беделін көтеру мақсатында Елбасының бастамасымен қолға алынған ауқымды шаралардың бірі, — деді фестивальдің ашылу салтанатында облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Злиха Дүйсекенова. «Мөлдір бұлақтан» деп аталатын бұл фестиваль соңғы төрт жыл ішінде әркімге жылы естілетін шараға айналып үлгерді. Бүгін республиканың әр аумағында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырған бұл шара отбасы мерекесіне ұласуда.
Фестивальалдымен мектеп ауласындағы «Отбасылар аллеясына» тал егу рәсімімен басталды.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Әр отбасы көрме жасақтап, қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттап, шығу тарихын әңгімелеп, өнерлерін де ортаға салды.
Облыстық байқауға қатысуға Құрманғазы ауданынан Ерболсын Жолдығұловтың отбасы келді.
— Ата-анамыз Ұлы Отан соғысы жылдары майдангерлерге май, сүт өнімдерін дайындауға атсалысып, егістік алқаптарында жұмыс жасады. Қазіргі таңда ата-анам 24 немере сүйіп отыр. Менің жұбайыммен отасқаныма биыл 16 жыл толды. Төрт бала тәрбиелеп келеміз. Бәрі де мектепте оқу озаттары қатарында. Осы байқауға дайындалуға қолұшын берген Балқұдық округінің әкімдігіне және ауылдағы мектеп ұжымына алғыс білдіремін, — дейді құрманғазылық Ерболсын Жолдығұлов.
Ал, Жылыой ауданынан келген Қарақожа Қиянов – 87, ал, оның жұбайы 78 жаста. Олар төрт ұл, бес қыз тәрбиелеп, бүгінгі таңда 13 немере мен алты жиен сүйіп отыр. Жуырда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай тыл еңбеккері ретінде аудан әкімі медальмен марапаттаған. Байқауда да бұл отбасы шеберлігімен, ұйымшылдығымен, бірауыздылығымен ерекше көзге түсті.
Фестиваль қорытындысымен махамбеттік Сахиевтар – «Саламатты отбасы», исатайлық Бермағамбетовтер – «Өнерлі отбасы», атыраулық Сисеновтар – «Үлгілі отбасы», индерлік Жалғасбаевтар – «Өнерлі отбасы», қызылқоғалық Шүрегеевтер – «Бәсекеге қабілетті отбасы» және құрманғазылық Жолдығұловтар – «Ұлағатты отбасы» аталымдарын жеңіп алды.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.