Жарнама
Қоғам

ШАПАҒАТ ШУАҒЫ

Қазақ топырағының қай қиырын алсаң да, мақтаныш тұтар тұлғалары баршылық. Сондай тұлғалармен ауыл-аймақ еліміздің бақытты ертеңін жасап жатыр. Исатайлықтар мақтан тұтатын осындай тұлғалардың тұғырында біздің Жәкең, Жанай Беркәліұлы да бар. Оны айтудың жөні де бар сияқты. Жәкең жуырда 75 жасқа толды. Өзіміздің Қамысқалада (Х.Ерғалиев ауылы) дүниеге келіп, Нарынның сайын даласында өсіп, есейген Жәкеңнің балалық шағы дәуренді кезең болмапты.
«Төрт жақтан керген кермені
Тағдырда барлық есеміз.
Аштықтың өзі көрінеді
Ап-арық кіндік шешеміз.
Қатарым-құрбым өсіпті
Кимей-ақ киім пүліштен.
Тұсауды біздің кесіпті
Соғыстың өзі қылышпен.
Балалық жасап, бүлінсек,
Бұқтырып уақыт алыпты.
Күрек пен айыр сүрінсек,
Құлатпай сүйеп қалыпты» деп ақын жырлағандай, әке мен анадан жастай айырылған Жәкең, жазғы каникулда, небәрі сегіз жасында Чапаев колхозының пішен бригадасына жұмысқа тартылды. Буыны қатпаған, аялы алақан мен ыстық құшақты аңсайтын баланы шаршап сүрінгенде, айыры сүйемегенде кім сүйесін?! Мектепте оқуы, одан босағанда ересектерше жұмысы – еңбегіне бірде 7 сом 5 тиын, бірде 19 кило ет алып, Жәкең осылайша мектепті тәмамдаған (аудандық мұрағат, 254-қор).
Ағасы Ележан мен жеңгесі Жамалдың тәрбиесін көрген Жәкең мектеп бітірген соң бірден еңбекке араласып, кеңшарда жүргізуші бола жүріп, ауыл тірлігінің ауырлығын бойына сіңіре ер жетті. Кейін Кеңес Армиясының қатарында болып, әскери өмірдің талабы мен тәртібін көріп, бой тіктеді, білікке білім керек екенін ұқты. 1962 жылы тиянақты дайындықтан кейін Алматы зооветеринариялық институтына «ғалым зоотехник» мамандығы бойынша конкурстан сүрінбей өтіп, оқуға түсті. Бұл білім мен өнерге ерекше құлшыныс туғызған, қазақ поэзиясы мен ән өнеріне жаңа есімдер әкелген алпысыншы жылдар еді.
Домбырасы мен сырнайын кезек арқалаған Жәкең жастардың ұйытқысы боп, олардың бел ортасында жүрді. Кеңес Армиясы қатарынан коммунист боп оралған жас жігіт партия ұйымының хатшылығына да сайланды. Сөйтіп жүріп оқуды тәмамдап, «ғалым зоотехник» атағымен жоғары білімді диплом алып келген жас маман қолтығында Жамбылдан тапқан Ұлы жүздің аруы Кларамен Теңіз (Құрманғазы) ауданының Калинин кеңшарына ферма зоотехнигі, кейін ферма басқарушысы, Құрманғазы атындағы кеңшардың бас зоотехнигі, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметтерінде танылды. Жанындағы жақсыны, соңына ерген ертеңді көрген азаматтар, облыс басшылары оны 1972 жылы Индер ауданындағы Амангелді атындағы кеңшардың директоры лауазымына тағайындады. Осы лауазымда жасаған жеті жылы ауылдың шаруашылығын ұйымдастыру мен оның әлеуметтік мәселелерін шешудегі Жәкеңнің қарым-қабілеті көрінген сәтті жылдары болды десек, ешкім қызғана қоймас. Жемшөп мәселесін шешу үшін екі мың гектар суландыру жүйесінің жобаланып, іске қосылуы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевты облысқа сапары кезінде осы шаруашылықта қабылдап, оң баға алуы, «Самара-Бейнеу» газ құбырының Амангелді атындағы кеңшар иелігіндегі жайылымдық жерлермен өтуіне байланысты Елтай ауылының табиғи газға қосылуы, Ақтөбенің мәдени-ағарту училищесін бітіріп, аудандағы саз мектебіне жолдамамен келген бірі домбырашы-дирижер, бірі әнші-хор маманы ерлі-зайыпты Мирас пен Аққаным Қибашевтарға Елтайдан үй беріп, саз мектебіне орын бөлуі – іс басындағы азаматтарға үлгі етуге тұрарлық дүние.
Шаруаны ұйымдастыруға шаршамаған Жанай Беркәліұлы ғылыми ізденіске де қажымай қарекеттеніп, уақыт таба білді. 1979 жылы облыстағы қазақтың қаракөл ғылыми-зерттеу институтының Батыс бөлімшесін басқарып, 1980 жылы Москвадан ғылыми-зерттеу жұмысын қорғап, «Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты» ғылыми атағына ие болды.
1982 жылы Жәкең облыстағы ең ірі де іргелі шаруашылық – Чапаев атындағы кеңшардың директорлығына тағайындалды. Бұл жемісті жылдардан жаңадан көлтабандық жерлер игеру, селоның батпақты көшелері мен гаражын асфальттау, су желісін жүргізу, орта мектеп салу, т.б. көптеген ел үшін істелген ұнамды істер қалды. Тіпті, 2000 жылдардан бастап Исатай ауданы толық газдандырылған болса, ол сол сексенінші жылдары Жәкеңнің Ресеймен келісіп, Орта Азия-Орталық газ құбырынан арнайы рұқсат алып қалуының арқасы екенін де көп адамдар біле бермейді. Мұнан кейінгі облыстық Тәжірибе станциясының, Забурын, Чапаев атындағы кеңшарларының директоры, Новобогат ауаткомының төрағасы, Махамбет, Исатай аудандарының әкімі, облыс әкімінің орынбасары қызметтерінің әрқайсысында ел үшін төккен тер, халықтан алған алғыс, саулыққа түскен салмақ бар. Осы тынымсыз еңбек пен төгілген тер, аламаннан алған алғыс Жәкеңе қай наградадан да артық боп сезіледі қазір.
Мансапты мақсат тұтпау, жүдеуді демеу, асқанды тежеу, қарсыласты тілеулес қылу, айналасына дос жию – Жәкеңнің қанындағы қасиет іспетті. Оған қоса өнбеске жүрмейтін, қаңқу сөзге ермейтін, жеті өлшеп, бір рет пішетін, пішкенде әбден мол пішетін, ұсақтығы жоқ нар мінез де Жәкеңе ғана тән.
Бүгінде 75-ке келсе де жалығу мен шалдығуды білмейтін қазанат іспетті Жәкеңнің белдеуінен ат кеткен жоқ, ошағынан от сөнген жоқ. Ұяға қонған ұлдардың, қияға қонған қыздардың, иіліп сәлем етер келіндер мен сыбанып қызмет етер күйеулердің, арын арлайтын бауырлардың ортасында ол. Осы айтылғандардың ұйытқысы, қойны құтты ана, ақылгөйіңіз дара, отбасының ажары, немерелердің базары — Клара да ұл мен қызды өсіріп, тәлім беріп, шаңырақтың қонағын күте жүріп, көптеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, әулетке келін, ұрпаққа ақылшы әже.
Сұңғақ бойынан сұңғылалы сұлулық, айбынды ажарынан азаматтық абырой, өнегелі өңінен өрісті өнер, маңғаз кейпінен мақпалдай мейірім, жылы жүзінен шапағат пен шуақ төгілген осы азаматқа Жаңа жылмен бірге жылы леп ала жеткен мерейлі күнінде деніне мықты саулық пен ұрпақ қызығына бөленген ұзақ ғұмыр тілейміз.

Жұмажан ҚАДИМОВ,
Таупих МАШТАХОВ,
Исатай аудан

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button