Жарнама
Қоғам

«Шаңырақ» күні жас отау құрылды

Мемлекет басшысы «Шаңырақ – бұл тек қана үйдің шатырын емес, еліміздің бірлігі мен тұтастығын, халқымыздың ертеңге деген сенімін білдіретін символ. Осы маңызды күнді атап өту арқылы біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, мәдени мұрамызды жаңғыртып, жастарымызға туған жер мен ұлттық салт-дәстүрлерді қадірлеуді үйретеміз», – деген еді. Наурызнаманың онкүндігі аясында «Шаңырақ» күні шаңырақтың беріктігін сақтап, үлгілі өмірімен өскелең ұрпаққа өнеге көрсеткен күміс той иегерлері Қуановтар мен Арыстанбаевтар отбасына ақжарма тілектер ақтарылып, жаңадан отау құрған жас жұбайлар Бекзат Ермұханұлы мен Шұғыла Асланбекқызының некелері қиылды. 

–Жаңа өмірге бірігіп аттаған қадамымыз наурыз мерекесімен тұспа – тұс келіп, ерекше сипатта, ұлттық нақышта, наурызнаманың онкүндігі аясында бастауын алғанына қуаныштымыз. Қандай ма қиындықтарды бірге еңсеріп, отбасылық өміріміз берекелі де мерекелі өтеді деген сенімдеміз, — дейді жас жұбайлар.

Ал, 25 жыл бір шаңырақта өмір сүріп жатқан Талғат-Әсел Қуановтар үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған ата-ана, бір немеренің ата-әжесі. Олар отбасы құндылығын жастарға тереңірек түсіндіру қажеттігін айтып, қашан да кешірімді болуға үйренудің маңызына тоқталды.

– Шаңырақтың берік болуы – қоғамның тұрақтылығының негізі. Мен келін болып түскен жылдары ата-енеммен, қайын аға-абысыныммен бір шаңырақ астында тұрдық.  Сиыр да саудық, от та жақтық. Ол кезде Ракуш ауылында табиғи газ болмаған, үйде мал ұстағанбыз. Өзім Еркінқаланың қызы болғандықтан, бұл жұмыстар маған жат емес-тін. Ешқашан айқай – шу шықпаған екен. «Сіз-біз» десіп, бір үйдің балаларының етегінен ұстаған соң сыйласып өмір сүрдік. Мұндай сыйластық  отбасы құндылығын қалыптастыруға ықпал етеді, – дейді отанасы Әсел. Ал, жары Талғат Әселдің үй тірлігіне ептілігіне, мінезінің жайлылығына ғашық болғанын айтады.

 Облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор-комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасылардың өмірін үлгі ететін іс-шаралардың көбірек ұйымдастырылғанын жөн санайды. 

 – Шаңырақ күні — қазақ халқының отбасы құндылықтарын, ұлттық дәстүрлер мен салт-санасын құрметтеуге бағытталған ерекше күн. Бұл мереке отбасының берекесі мен бірлігін сақтау, ата-бабадан келе жатқан дәстүрлерді насихаттау мақсатында атап өтіледі.

Бұл салтанатты шара – екі жүректің біріккен сәті, сүйіспеншілік пен сенімнің, бірге болудың қуанышы мен жауапкершілігінің, болашақ өмірлерінің жаңа кезеңіне қадам басатын күн!  — дей келе жас отбасылармен жұмыс жасайтын кабинет ашуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Бата – қазақ халқында ұзақ әрі бақытты өмірдің, береке мен тыныштықтың белгісі. Бүгінгідей маңызды Малдыбай қарт жұбайларға ақ батасын берді. 

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button