Жарнама
Қоғам

Шаңырақ күні: Астанада жас жұптардың некесі қиылды

Қазақстанда Наурыз 10 күн бойы тойланады. Ұлық мерекенің жаңа форматы бойынша 14-23 наурыз күндері – Наурызнама онкүндігі деп жарияланды. Атап айтқанда, 14 наурыз Амал мерекесі, 15 наурыз Қайырымдылық күні ретінде аталып өтті. Ал 17 наурыз «Шаңырақ күні» болып белгіленді. Осы күні отбасылық құндылықтарды дәріптеген, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді.

Мерекеге орай елордада «Астана жастары» ЖРО елордадағы АХАТ басқармасымен бірлесе үш жас жұптың некесін қию рәсімін ұйымдастырды. Атап айтқанда, іс-шара барысында Қайрат Рыспаев пен Медина Нұрмағамбетова, Ақжол Мельс пен Айтолқын Қуанышбек, Әли Сыбанбаев пен Айғаным Пернебекова есімді жас отбасыларды құттықтау рәсімі ерекше форматта өтті. 

«Отбасылық өмірімізді қызықта, бірлікте өткіземіз деп сенемін. Болуы мүмкін қиындықтарды бірлесе еңсере аламыз деп ойлаймын. Біздің жас отбасымызды Наурыздағы «Шаңырақ күні» аясында құттықтап, ерекше атап өтіп жатқанына алғысымды айтқым келеді», — деді Медина Нұрмағамбетова.

Сонымен қатар осы күні отау құрғандарына 55 жыл толған Геннадий Сиров пен Марина Сироваға, сондай-ақ 25 жыл бойы бір шаңырақта өмір сүріп жатқан Серік Мұқтаев пен Валентина Мендрухқа құрмет көрсетілді. 

«Біз отбасы құрғанымызға 55 жыл толды. Осы уақыт аралығында екі бала тәрбиелеп, төрт немере мен бір шөбере сүйдік. Бүгін елімізде Шаңырақ күні аталып жатыр. Осы орайда отбасы құндылығын жастарға тереңірек түсіндірген жөн. Шаңырақтың мықты болуы неге байланысты? Ең бастысы, ерлі-зайыптылар бір-біріне сеніп, бір-бірін тыңдап, сыйластықпен қарауы керек. Балалардың көзінше біз ұрысқан емеспіз және күйеуім ешқашан ауыр сөз айтқан емес. Осындай сыйластық отбасы құндылығын қалыптастыруға ықпал етеді. Жолдасым екеуміз 77-ге толсақ та, бүгінгі осы мерекелік іс-шарада өзімізді жас сезініп отырмыз. Жас отбасылар кешірімді болуға үйренуі қажет, яғни балалар толық отбасыда тәрбие алғаны маңызды. Ерлі-зайыптылар ажырасқанда балалар қиналады ғой. Ең бастысы, осы мерекеде барша қазақстандықтарға денсаулық тілеймін! Әрқашан мейірімді және қонақжай болыңыздар!», — деді Марина Сирова.

«Астана қаласы әкімінің аппараты» ММ Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспекторы-хатшысы Қарлығаш Саркенованың айтуынша, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға құрмет көрсетуге арналған іс-шараларды көбірек өткізу керек. Өйткені, олар өзінің өмірлік тәжірибесін арқылы отбасы құндылығы жайында жастарға егжей-тегжейлі жеткізе алады.

Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік емес корпорациясы» Астана қаласы бойынша филиал директорының орынбасары Бауыржан Бектұрсынов елордадағы неке қию статискасы жөнінде айтты.

«Наурызды тойлау аясында қалада жақсы іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бүгін «Шаңырақ күні» де ерекше аталып өтті. Статистикаға қарасақ, Астанада бір күнде 100-ге жуық неке қиылады. Еліміздің тыныштығы мен өркендеуі арқасында жас отбасылар саны өскені қуантады», — деді Б.Бектұрсынов.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button