ШАҢЫРАҚТЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ
Орта мектепті 1961 жылы бітіріп, Қызылорда облысы, Қазалыдағы ауыл шаруашылық техникумында оқып, инженер-механик мамандығын алды. Қолына дипломын алған өндірдей жас жолдамамен Мұқырға келді. Бұл – 1965 жыл болатын.
Тағдырдың жазуын айтсаңызшы! Қызылқоға ауданының Тайсойған өңірінде дүниеге келіп, орта мектепті Мұқырдан тәмамдап, Гурьев педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай бітірген арман арқалаған жас қыз Зәуреш Телжанқызы да Мұқыр орта мектебіне, өзі өскен алтын ұяға оралады.
Екі жас Мұқырда кездесті. Екеуі де білімді, іскер, жаңашыл жандар. Содан да болар, ойлары үйлесім тауып, тағдырлары бір арнада тоғысты. Сөйтіп, 1967 жылы отау құрды. Мәдеш Әбдешұлы табан аудармастан 40 жыл бойына Мұқырда инженер боп еңбек етті.
Өміріне адалдық пен адамгершілікті ту етіп ұстаған жандар отбасында да береке мен татулықтың үлгісі бола білді. «Мен – түздің адамымын ғой. Менің даладан тауып әкелгенімді ұқсатып отырған – өзіңсің. «Мал таппас жігіт болмас, құрарын айт» деген ата-баба сөзінде үлкен мән бар. Мен Аллаға разымын! Сендей жар тапқаныма разымын! Ұрпағымның анасы бола білдің, шаңырағымды шаттыққа толтырдың», — дейтін ол оңашада жұбайы Зәуреш Телжанқызына.
Ешкімге жалтақтамай, жағынбай, қулық-сұмдыққа жол бермей, өзінің кесіп айтар тура мінезімен, бірбеткейлігімен ортасына сыйлы, қадірлі болды. Сонау 90-шы жылдары, еліміз экономикасының өлара шағында ұлдары мен қыздарына жоғары білім алып беру үшін күн демей, түн демей еңбек етті.
Мұқыр орта мектебінде 40 жылға жуық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, өмірін ұстаздық жолына арнаған Зәуреш Телжанқызы да – отбасының ұйытқысы бола білген жан. Азаматының үйде болғанынан, түзде жүргені көп болғандықтан, ұл-қыз тәрбиесіне баса мән бергені анық.
«Сендердің табандарыңа қадалған шөгір менің маңдайыма қадалсын» деп, мейірім нұрымен өсірген ұрпақтары ата-ана сенімін ақтады. Үш ұлы жоғары оқу орнын бітірді, үйленіп, отау тікті. Ұлдарының қолына диплом алып, бір-бір шаңырақ иесі болғанын көрген әке олардың өмірінің еркін өздеріне берді. Сырттарынан бақылап, разы болып отыратын.
«Ұлдарым мен қыздарым бір-бірімен тату болып ынтымағы ұйыса бергей! Ұлдар әрдайым қыздардың қамқоршысы екенін ұмытпаса екен. Ағайын-туғанның бірлігіне не жетсін!», — деп отыратын дастархан басына жиналған сәттерде.
Өз жұртының қадіріне жетіп, ата-баба аманаты мен өсиетіне адал болғаны баршаға мәлім. Нағашы жұртына тілеулес көңілден сыр ақтарып, қуанышты бірге бөлісті. Қайын жұртын қалтқысыз сыйлап, өзін де сыйлатты. Ақжарма пейілі арнасынан асып-шалқып жататын азамат Мәдеш Әбдешұлы тірі болса жетпіс жасқа толар еді.
Пешенеге жазулы тағдырдан кім асып кете алған?! Ұлын ұяға ұшырып, қызын қияға қондырған асыл әкенің соңында қара ормандай ұйысқан ұрпағы қалды. Аллаға тәубе!
Өзің едің үйдің алтын діңгегі,
Есімізде балалық шақ күндері.
Анамызбен әкеміздің ұл-қызға
Әрдайым да қамқор болып жүргені.
Бас иеміз, асыл әке, ізетпен,
Рухың бізді күні-түні күзеткен.
Тірі болсаң, 70 жасты тойлар ең,
Елеңдейміз қара жолға Сіз кеткен.
Асыл Ана өсиетіңді жеткізді,
Сағыныш қой, жүректен жыр төккізді.
Алла Сізге нәсіп еткей жұмақты,
Тірлігіңде қолдаған ең көп бізді.
Гүлмира МӘДЕШҚЫЗЫ.