ЖАУАПСЫЗДЫҚ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

Шет елге шығар алдында мемлекетке борышыңыздың бар-жоғын анықтап алғаныңыз дұрыс. Әйтпесе, «ем алам», ия «дем алам» деп шетке алаңсыз шыққалы тұрғаныңызда шекара қызметкерлері жолыңызды бір емес, бірнеше рет бөгеуі бек мүмкін. Тап осы жағдай отанасын бір көзінен айырып тынған. Даулы мәселе Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша Тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында қаралды.

Аудандардың бірінде орын алған жағдай былай болыпты. Атырау облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Әлібек Ермекқалидың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын ерімен ажырасуына байланысты азаматшаға мемлекет пайдасына 39 мың теңге көлемінде баж салығын төлеу жөнінде сот шешімі шығады. Қолданыстағы заңға сәйкес, мемлекетке борышы барлардың қарызын өтемейінше шекара асып, шет елдерге шыға алмайтыны белгілі. Аудандық сот орындаушысы осы заңды негізге ала отырып, әлгі азаматшаны да шекара аса алмайтындардың тізіміне енгізіп жібереді. Түрлі себептермен аталған салық араға бір жыл салып қана төленеді. Осылайша, бар бәле борыштан уақтылы құтылмаудан басталады.
Көршілес Ресей мемлекетінің Волгоград қаласына көзін емдетуге жол тартқан тұрғынды орта жолдан шекарашылар пойыздан түсіріп алып қалады. Дәл осындай жағдай кейін екі рет қайталанады.
Осы жерде оқырман тарапынан «қарызын өтей тұра, шетке шыға алмауы несі?» деген заңды сұрақтың туатыны белгілі. Мәселесі қаралып отырған ауданның сот орындаушысы жағдайды былай түсіндірді. Сөйтсек, азаматша белгілі себеппен жеке басын куәландыратын құжатын ауыстырыпты. Сот орындаушысы оны шетке шыға алмайтындардың базасынан осы жаңа куәлік бойынша шығарады. Аталмыш базаға азаматша кезінде ескі куәлікпен тіркелгендіктен, оны тізімнен де сол бұрынғы құжатпен шығару керек екен. Бар мәселе де осы жағдайдан туындағанға ұқсайды. Сала маманының айтуынша, аталмыш база тізімінен бұрынғы борышкерді шығару ұзақ уақытты талап етеді. Яғни, аудан облыстық сот актілерін орындау департаментіне сұраныс жібереді, ол сұраныс облыстан Сот актілерін орындау комитетіне, кейін Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне жолданады екен. Бірнеше күнді қажет ететін бұл процесс әлгі азаматшаның ем-домын уақытында ала алмауына себеп болған. Бұл жерде құзырлы орган тарапынан да жіберілген кемшілік болғанын Атырау облысы сот актілерін орындау департаментінің басшысы Қалдыбек Сапаров та айтты.
Мәселені жан-жақты тыңдаған Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Избанов жағдайды саралай келіп: – Қазақстанның заңы бар. Сот шешім шығарды екен, ол еш талассыз орындалуы тиіс. Салық уақтылы төленгенде мұндай жағдай мүмкін орын алмас та еді. Екіншіден, сот орындаушылар жұмысын ширатуы керек. Әйтпесе, айыппұлын әлдеқашан төлеген адам неге ұзақ уақыт «жолы жабылғандардың» тізімінен шығарылып болмайды? – деді.
Кеңес отырысында қаралған тағы бір мәселеден оқырмандарымыз хабардар болуы керек. Өйткені, ол жөнінде кезінде газетімізде мақала жарық көрген де болатын. Аудандардың бірінде орын алған бұл жай лауазымды тұлғаға қатысты болды. Аудан әкімдігінің аппарат басшысына бірде жұмыс кабинетіне әкімдіктің көлік жүргізушісінің кіріп, құжат алып жатқаны ұнамай қалады. «Мына шөпір менің кабинетімде не істеп жүр?» деп дүрсе қоя берген ол әлгі қызметкерді жұмыс бөлмесінен шығартып жібереді. Нәтижесінде «шөпір» деген бірауыз сөз оны аудандық соттың алдына дейін алып барды. Аппарат басшысының үстінен әкімшілік іс қозғалып, оған он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Кейін іс облыстық аппеляциялық сотта қаралғанымен де, сот шешімі күшінде қалады. Осылайша, бір ауылдың жігіттерінің арасында орын алған кішкене ғана келіспеушілік соттың алдында, одан қалды, Тәртіптік кеңес мүшелерінің алдында бет қызартуға дейін жетті.
Мемлекеттік қызметкер эмоцияның емес, әдептілік пен ар-ұжданның адамы болуы керек. Осылайша, жағдайды жан-жақты қараған кеңес мүшелері тиісті аудан әкіміне аппарат басшысына қатаң сөгіс жариялау түрінде жаза қолдануды ұсыныс етіп жіберетін болды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз