ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫН ШАЛҚЫТЫП…
Атырау қалалық ішкі саясат және мәдениет бөлімдерінің ұйымдастыруымен өткен сайыстың ашылуында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғалым-хатшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, қазылар алқасының төрайымы Баянсұлу Тыныбаева сөз алып, отбасы – ел дамуындағы басты құндылықтардың бірі екенін баса айтты.
— Елбасы айтқандай, біз отбасындағы рухани тәрбиеге мән беріп, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, кедергісіз келешек құру қажетпіз. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан алыстатпай, керісінше, оларды ортаға тартуымыз керек. Олардың өмірге құлшынысы өте жоғары. Әрқайсысының қолынан келмейтін іс жоқ. Тек қашанда демеу болып, жандарынан табылып, қол ұшын созғанымыз абзал, — деп, барлық сайысқа қатысушы отбасыларына сәттілік тіледі.
Сайыскерлер таныстыру, қолөнер сайысы, әнші, бишілік өнер, спорттық сайыс, ас мәзірін дайындау, сән үлгісін көрсету сынды алты кезеңнен бақ сынады. Әрқайсысы бір-бірінен оза шауып, біліктіліктерін көрсетті. Бірі әсем ән әуелетіп, сахнаны жаңғыртса, енді бірі мың бұрала би билеп, қолөнер бұйымдарын көрсетіп, өмірге құштарлықтарын танытты. Нәтижесінде «Ұлағатты отбасы» номинациясымен Оразғалиевтар жанұясы марапатталды. Танкеевтер – «Үлгілі отбасы», Мұхамбетовтар – «Ынтымақты отбасы», Әбдешовтар – «Өнегелі отбасы», Батырғалиевтар «Өнерлі отбасы» номинациясын иеленді. Барлық отбасыларына бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Сондай-ақ, сайыс барысында Құрманғазы мәдениет сарайының өнерпаздары да өнер көрсетті.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.