СЕНАТОРДЫҢ САЛИҚАЛЫ САПАРЫ

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Махамбет ауданының Таңдай селосында болып, тұрғындармен жүздесті.

 

Кездесу барысында алдымен аудандық мәслихат хатшысы Асқар Құрманбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады.
Одан әрі сенатор Парламенттегі «Өңір» депутаттық тобы алыстағы елді мекендердің проблемасымен жете шұғылданып жатқандығын, «Қазпошта» жұмысын жандандыруға бағытталған шаралар алынғандығын, шағын және орта бизнес өкілдерін одан әрі қолдау жөніндегі заң қабылданғанын, Елбасы тапсырмасымен Кәсіпкерлер кодексі дайындалуда екендігін жеткізді.
Сенатор Тұңғыш Президент күнінің мәні мен маңызына жіті назар аударды. Жалпы, мұндай мерекенің шығу тарихы он сегізінші ғасырдың аяғындағы АҚШ Президенті Джордж Вашингтон есімімен байланысты. Елі сүйген, халқы қадірлеген тұлғаларға осындай құрмет көрсету лайық.
Ал, 1 желтоқсан – Тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш Президент сайлауы өткен күн. Осы кезден бастап еліміз Президенттік басқару жүйесіне көшті. Содан бергі уақытта Елбасының Қазақ елін әлемдегі дамыған мемлекеттер қатарына қосу, халықтың әл-ауқатын арттыру, егемендігімізді орнықтыру, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау жолында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Кездесу барысында жиналғандар Парламент депутатына «Ұлы көш» бағдарламасының тоқтап қалғандығы, оралмандарға неліктен бес жылға дейін азаматтық берілмейтіндігі, кейбір құрылыс компанияларының жергілікті билікпен санаспайтындығы және басқа да сауалдарын жолдады.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,
Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз