САПТА ТҰР САРБАЗДАР

vo3nЖақында қаламыздағы №51051 әскери бөлімінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскер қатарына шақырылған жас сарбаздары Отан алдындағы парызын адал өтеуге ант етті. Оған «ашық есік» күні барысында әскери-патриоттық клуб мүшелері мен мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты.
Сымдай тартылған сарбаздар легі сап түзеген бойы қаз-қатар қалпында тұра қалды. Үстеріндегі мерекелік киім үлгісі алыстан көз тартады. Әдеттегідей әскери жалау биіктен бой көтеріп, полковник А.Жүсіповтің даусы естілді: «Түзел! Туға тік тұр! Солға түзел! Еркін тұр!» Дәстүр бойынша штаб басшысы командир алдында баяндама жасады. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының командирі А.Халықов сарбаздармен сәлемдескен соң, Мемлекеттік Ту тұғырға көтеріліп, Әнұран көкте қалықтады.

Өз кезегінде генерал-майор А.Халықов әскери антқа адал болу керектігін айтып, жас сарбаздарға құрметті де жауапты міндеттің маңызын түсіндірді. «Отанға қалтқысыз қызмет ету қашанда азаматтың асыл парызы болып қала бермек. Абыройлы міндетінен жалтарғандар жұртына еш жақсылық жасай алмайды. Керісінше, «елім» деп жұлқынған жүрегі бар, «жерім» деп бұлқынған білегі бар азамат қана ата-баба аманатын орындайды», – деді ол. 
«Әскери ант қабылдау рәсімі жүргізілсін!» деп бұйрық берілісімен сарбаздар ел тыныштығын қорғаймын деп серт беріп, жиын басшысы подполковник Т.Серікбаев барлығы 116 сарбаздың ант қабылдағандығын мәлімдеді. Осыдан соң Ұлы Отан соғысының ардагері Әлібек Түсібалиев, облыстық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Асылтек Исбусинов сарбаздарға сәт сапар тіледі. Ал, ата-аналар атынан Гауһар Ниязбекова аналық ақ тілегін жолдаса, қатардағы сарбаз Таймир Вексилов пен №41321 әскери бөлімінің былтырғы сарбазы Диас Ғазизов әскери өмірдің әсерлерімен бөлісті. Содан соң әскери оқу-жаттығу дайындықтары көрсетілді.
Майор Кенжеболат Смағұловтың айтуынша, ел алдында ант беру сол елдің амандығы үшін жан берумен бірдей. Балаларын алма-кезек құшып, суретке түсіп жатқан ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Өйткені олар жас сарбаздарға барлық жағдай жасалғандығын алға тартып, олардың аман-саулығына алаңдамауға болатынына көздері жеткенін айтады. Салтанат соңында алыстан ат арытып келген ата-аналар құрметіне концерттік кеш ұйымдастырылды.

Амандық АБДОЛОВ.
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз