САҚТАНБАСАҢЫЗ, СУДАН ДА АУРУ ТАРАЙДЫ
ЖАУАП: — Сусыз тірі ағзалардың тіршілігінің болмайтындығын барлығымыз жақсы білеміз. Егер пайдаланатын ауыз судың сапасы төмен болса, адам ағзасына әртүрлі ауру қоздырғыштары еніп, аурулар тудырады. Алдымен, судың эпидемиологиялық маңызына ерекше тоқталып өтейік. Себебі, су жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың таралуында басты фактордың бірі болып табылады. Сарапшылардың мәліметі бойынша, әлемдегі барлық аурулардың 80 пайызы ауыз су сапасының нашарлығымен және сумен қамтамасыз етудің санитарлық нормаларының бұзылуымен тікелей байланысты болады. Су арқылы бактериалды ішек жұқпалы аурулары көп тарайды.
Бактериалды ішек жұқпалы ауруларына тырысқақ, іш сүзегі, А және Б паратифтер, дизентерия, әртүрлі энтериттер мен энтероколиттер жатады. Бұл аурулардың дамуының басты себептері: ұйымдастырылмаған суды тұтыну, жеткіліксіз су мөлшері, олардың дамуына қоршаған ортада қолайлы жағдайдың болуы, суды алу және суды тазарту қондырғыларында, су құбырларында техникалық ақаулардың болуы, қарапайым жеке бас гигиенасын сақтамау.
Жалпы, суға түскен әртүрлі химиялық, фармацевтік заттар, былғары және басқа кәсіпорындардың қалдықтары оның тек биологиялық тепе-теңдігіне әсерін тигізіп қоймай, судағы микрофлораларға да зиян келтіреді. Атап айтқанда, патогенді ішек клеткалары микробтарының морфологиялық, физиологиялық қасиеттерін өзгертеді (тіршілік қабілеттілігі, вируленттілігі, биохимиялық реакциялары, т.б.). Осыған байланысты микробиолог мамандар көбінесе тікелей патогенді микроағзаларды анықтауға көңіл бөледі. Суда ішек жұқпа қоздырғыштарының тікелей бөлінуі оны пайдаланудың міндетті қаупі туралы анық дәлелдейді.
А.ҚИСЫМОВА,
Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық
сараптама орталығының лаборанты.