Жарнама
Қоғам

Сахна шамшырағы

СЕКСЕН ЖЫЛДАН АСТАМ ТАРИХЫ БАР МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ САХНАСЫНДА ТЕАТР ҚҰРЫЛҒАННАН БЕРІ ӘР ЖЫЛДАРЫ 60-ҚА ТАРТА РЕЖИССЕР ЖҰМЫС ЖАСАҒАН ЕКЕН. ЕСІМДЕРІ АЛТЫН ӘРІППЕН ЖАЗЫЛАТЫН КЕШЕГІ ДӘУІРДІҢ ТАРИХИ КЕЙІПКЕРЛЕРІ, ТҰЛҒАЛАРЫ ҚАТАРЫНДА САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ТЕАТРҒА САРП ЕТКЕН ШӘКЕҢ, ЧАПАЙ ЗҰЛҚАШ АҒА ДА БАР.

Шәкең актерлік өнерімен жас кезінен-ақ танылады. Дубляж саласында да еңбегі жарқырап көрініп, есімі елге мәлім болған. Өнер корифейлерінің көзіне түсіп, батасын алған дарынды жастың бағы осылайша ерте жанған еді. Өнерлі Алматыны бағындырып, 1967 жылы кеңес дәуірінің күркіреп тұрған кезінде Бүкілодақтық театрлар фестивалінің лауреаты атанып, Мәскеудің өнерсүйер қауымын, театр тарландарын мойындатты. Сол күнгі Кремль сарайында аяқталған спектакльдің соңында көрерменнің Шәкеңе деген ыстық ықыласы ерекше болғаны соншалық, жұрт залдан кетпей, тоқтаусыз қол соққан. Осы сәтте Шәкеңнің сахнаға қайтадан шығуына тура келген екен. Сахна шымылдығы жеті рет ашылып, жеті рет жабылған.

screenshot 1 16

Көрерменнің қошеметі деген осы емес пе?! Мұндай овация «кіші триумф» деп бағаланса, ауыл баласы үшін – үлкен жетістік! Осы жолы сахнаға КСРО мәдениет министрі Екатерина Фурцева шығып марапат тапсырса, әйгілі Мария Кнебельдің өзі Шәкеңе ақ жол тілеп: «Вы человек, одаренный замечательным талантом, пусть все дороги будут открыты перед вами!» деп батасын беріпті. Кейіннен Шәкең Мәскеуге арнайы оқу курсына барып, Е.Вахтангов атындағы театр жанындағы П.Фоменконың шеберлік класында оқып, режиссерлық білімін шыңдайды. Атырау сахнасында біраз жыл тер төгіп, Мәдениет министрлігінің жолдауымен Семейге барады. Онда да көрерменді өнерімен дүр сілкіндіріп, актерлік шеберліктің озық үлгісін көрсетеді.

Өнеріне тәнті болған қалың көрермен қойылымнан кейін ұзақ қол шапалақтап, сахнадан жібермей, шексіз ықыласын білдірген. Өнердің шырқаушыңын бағындырған Шәкеңнің сол бір ғибратты ғұмыры бүгінде тарихқа айналды. Өнер қайраткері дәрежесін, елдің Құрметті азаматы атағын иеленді. 2010 жылы Алматыдан оқу бітіріп, театрымызға келген жас режиссер Жанат Телтаев: «Институт қабырғасында жүргенде Чапай ағаны бір көру арман болатын. Ұстаздарымыз ол кісінің өнеріне үлкен құрметпен қарап, ауыздарынан тастамай жиі айтып отыратын. Шығармашылығы туралы оқып-білуге кеңес беріп, тапсырмалар жүктейтін. Кітапханаға барып аты аңызға айналған Чапай Зұлқаштың өмір жолын, шығармашылығын іздеп, газет-журналдар мен кітаптарды ақтарып, талай түніміз реферат жазуға кеткен» деп студенттік кезеңді еске алатын. Б.Момышұлының 100 жылдығына орай Таразда өткен республикалық театр фестиваліне барғанымызда, жанжақтан келген өнер адамдарының Шәкеңе деген риясыз құрметіне куә болғанымыз бар. Шығармашылық ортаны былай қойғанда, тамақтануға асханаға келген өнердегі аға буын әріптестеріміз: «Шәкең келсін, Шәкеңді күтейік!» — деп тамаққа тапсырыс бермей күтіп отыратын. Қалғанымыз бұл ұсынысты құба-құп көретінбіз. Шәкең келгеннен кейін ғана: «Аға, асқа бата беріңіз!» — деп Шәкеңнің батасымен ас ішіп, орындарынан тұратын.

jjjjjj

Қазақы әдет-ғұрып дегеніңіздің өзі осы емес пе?! Шәкеңнің соңғы қойған қойылымы Р.Отарбаевтың «Көрген-баққан» әңгімесінің желісімен дайындалып , сахналық нұсқасын өзі жасаған «Жаңғырық» қойылымы еді. Мен соның қоюшы суретшісі болдым. Бір табан жақын жүріп, ағамыздың кісілігін тани түстім. Оған дейінде бір — екі пьеса беріп қойған-ды: «Оқи бер, өзің суретшісі боласың. Маған ешқандай «абстракция, условность, новизм» керек емес. Бүгінгі өмірді боямасыз, шынайы, тұрмыстық қалыпты көрсетсем деймін» — деп бірден басын ашып алатын. Сол қойылымда қарияны Шәкеңнің өзі сомдады. Премьерасына замандасы, театр сыншысы Ә.Сығай арнайы қатысты. Ол жөнінде «Аtyraý» газетіне (22 желтоқсан, 2011 жылы) «Жаңғырық немесе шалдар шаршаған жоқ» айдарымен көлемді материал да шықты. Қария – Шәкеңнің өз прототипіндей, айтар ойын сахнада ақтарып салды. Қойылымнан кейін Шәкеңнің бойы босап, жеңілденіп , рахаттанып қалатын. Қойылымда айтатын қарияның: «Басымнан бақайшағыма дейін құйқам шымырлап кетті» — дейтін сөзі бар.

Қоғамдағы өзекті жағдайға бейжай қарай алмаған Шәкең осы қойылым арқылы сахна тілінде үн қатып кеткен еді. Біз білетін Шәкең осындай жан болатын. Шәкең туралы арнайы бейнематериалдар басылып, мақалалар жазылды. Түрлі деңгейдегі марапаттар мен соңғы жылдары алған Махамбет атындағы және Президент атындағы сыйлықтың иегері атағы Шәкеңнің абыройын аспандатып, мерейін тасытты. Қарт тарлан өзі сайран салған әсем Алматыға, басын ақ қырау шалған Алатау бөктеріне барып, балаша мәз болып, армансыз аунап-қунап қайтты. Атырауға алыстан үзеңгілес әріптестері, өнер — қоғам қайраткерлері келе қалса, алдымен, Шәкеңді сұрайтын, лажы болса қасына алдыратын. Солардың бірегейі, қазақтың театр-кино өнеріндегі жарық жұлдызы Асанәлі Әшімов еді. Ол кісінің келетінін естісе Шәкең де елегізіп елең ете қалатын. «Мен үйленгенде Асанәлі күйеужолдас болып ерген» деп мақтана айтып отырушы еді. Қаншалықты жақындығын содан біле беріңіз. Қаншама жанға жүрегінің жарығын төккен өнер шамшырағы, мәңгілік мекеніңіз, жатқан жеріңіз жарық болғай! Осындай өнер шамшырағының қасында болып, ақ батасын алған баршамыз бақыттымыз, расында! Бір-бірімізге әрқашан жақсылық, жарық сыйлай жүрейік.

Темірбек МӘЖИТҰЛЫ,

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button