Сағынып жеттім отанға!
Тағдырдың жазуымен ата-бабасының қаны тамған жерден жыраққа кетіп, жер жаһанға тарыдай шашылған қазақтың тарихи Отанына табан тіреуі – елдік мүдде. Қиырдағы қандастардың Отанға оралуына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ мүмкіндік туып, сол көш әлі де сәтті жалғасуда. Биыл бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіледі, былтырғы көрсеткіштер қандай? Ұлттық маңызы бар мәселені сараптап көрген едік.
Көш көлікті болсын!
Жалпы, көші-қон саясаты дегенде, тек елден кеткендер мен келгендерді орналастырып, олардың қоныс аудару себебін зерделеу деп түсінетіміз бар. Негізінде оның астарында тұтас елдің еңбекке тартылуы, халықтың жалпы өмір сүру сапасы тұрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, биыл Қазақстан қандастарды қабылдау үшін 2433 квота, солтүстік облыстарға қоныс аударатындар үшін 7050 квота бөледі. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 554 квотаға көп.
Салалық министрліктің мәліметінше, квота әр аймаққа әртүрлі бөлінеді. Мәселен, ең көбі – Павлодар облысы. Мұнда 902 адамға қарастырылған. Бұдан кейінгі орында Қостанай өңірі, 550 квота бөлінбек. Ал, 285 қандасқа Ақмола облысынан, Шығыс Қазақстан – 269, Солтүстік Қазақстан – 207 және Абай облысында 220 адамға квота бөлу жоспарда тұр.
Бұдан бөлек, елімізде оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы жұмыс істейді. 2017 жылдан бері қолға алынған жоба ауқымында мыңдаған адам қоныс аударған. Мұндағы мақсат – қазақтар аз тұратын солтүстік облыстарға оңтүстіктің тұрғындарын тарту.
Соған сай, қоныс аударатындарға бөлінетін квота да бар екені белгілі. Мәселен, биыл Солтүстік Қазақстан облысы – 2702, Павлодар облысы – 2603, Қостанай облысы – 950, Шығыс Қазақстан облысы – 372, Абай облысы – 255, Ұлытау облысы – 132, Қарағанды облысы – 36 адамға квота бөлу қарастырылған.
Алайда, солтүстікке бағытталған көш қарасы кейінгі жылдары сиреп барады. Мамандар бұл үрдістің сан алуан себебі бар екенін алға тартып отыр. Негізгілері қатарында тұрғын үйдің тапшылығы, тұрақты жұмыстың табылмауы және ауа-райының қолайсыздығы аталады.
Қош делік, қандастар елге келді. Бұл ретте мемлекет тарапынан қолдау болмаса, қапелімде қым-қуыт тірліктің қазанында қайнап, ел қатарлы тұрмыс кешу үшін де белгілі бір уақыт, қолдау қажет екендігі анық. Сол үшін мемлекет тарапынан қандастар мен солтүстік облыстарға қоныс аударғандардың отбасы мүшелеріне бір реттік, 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде ақша және алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы беріледі. Осыған қоса, қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа тұрғызу, жеңілдікпен баспана алу шаралары да қарастырылады. Айта кетерлігі, жоғарыда айтылған қос санатқа жататындарды жұмысқа қабылдағандарға да қолдау шаралары ойластырылған. Мәселен, қоныс аударғандар мен қандастарға жұмыс ұсынған жұмыс берушілерге 400 АЕК көлемінде субсидия беріледі.
1 миллион 128 мың қазақ оралды
Қандастардың Отанға оралуы жолындағы ұлы көштің қадасы тәуелсіздік таңымен бірге қағылғаны белгілі. Ресми дерек бойынша, 1991 жылдан бастап, 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанға шетелден 1 миллион 128 мың қазақ оралған.
Соның ішінде өткен жылы 21 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды және қандастардың жартысы, яғни, 50,3%-ы Өзбекстаннан келген екен. Екінші орында аспанасты елі тұр. Қытайдан оралған қандастардың үлесі – 21,5%. Сондай-ақ, 10,2% – Моңғолиядан, 9,2% – Түрікменстан, 6 пайыздан астамы көршілес Ресейден болса, қалған 2% басқа елдерден.
Жыл басындағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 30,9%-ды және зейнеткерлер 8,9%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,3%-ы жоғары білімді, 32,4%-ы орта кәсіби білімді, 44,3%-ы жалпы орта білімді және 8,3%-ының білімі жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Бірінші қаңтардағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2337 қандас көшірілді, бұл 2023 жылға бекітілген квотаға сәйкес келеді.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (2023 жылы – 241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (2023 жылы – 51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Өткен жылы 2126 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 735 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 2126 адам біржолғы субсидия алды, ал 694 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.
Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн. теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.
Өткен жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылған болатын. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 6203 өтініш қабылданды.
Алыстан ат арытып келгендер
Атырау өңіріне сырт елдерден келіп жатқан қандастар көшінің көпшілігі облыс орталығына тоқтайды. Атырау облысына осы жылдың 1 сәуіріне дейін шет елдерден 54 отбасы 67 адам этникалық қазақтар көшіп келіп, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатында қандас мәртебесін алды.
– Оның ішінде Өзбекстан Республикасынан 43 отбасы 54 адам, Ресейден 6 отбасы 7 адам, Қытай Халық Республикасынан 4 отбасы 6 адам, Украинадан 1 отбасы 1 адам көшіп келді. Олардың ішінен 49 отбасы 62 адам Атырау қаласына, 2 отбасы 2 адам
Жылыой ауданына, 1 отбасы 1 адам Махамбет ауданына және 2 отбасы 2 адам Мақат ауданына қоныстанды,-дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.
Оның айтуынша, қандастардың 18-і жалдамалы қызметкер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 7 адам, 42-сі басқа санаттағылар.
Қандас мәртебесін алған этникалық қазақтардың 12-сі жоғары, 28-і арнаулы орта білімді және білім беру саласының мамандары – 10, медицина саласының маманы – 5, 3-і ауыл шаруашылығы, 36-сы басқа сала мамандары болып
табылады. Сонымен бірге, облыста қандастарды уақытша орналастыру орталығы қызмет атқарады. Қазіргі уақытта орталықта қандастар тіркелмеген. Тұрғын үй кезегінде 43 қандас тіркеуде болса, мансап орталықтарында 5 қандас жұмыссыз ретінде тіркелген. Тұрақты жұмысқа орналасқан 2 қандас бар.
Кәсібін дөңгелентіп отыр
1991 жылдан бері республикаға 1 млн. 128 мың 300 этникалық қазақ оралған екен. Атамекенге деген сағынышын ала келген қандас ағайынның бірі Күләш Қамалова Қарақалпақстанның Берони ауылынан.
2006 жылы отағасымен бірге жас отбасы болып Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданына орналасады. 2013-те жарынан айырылған соң шиеттей бес баласын ертіп Атырауға ат басын бұрады. Балаларына қазақ тілінде білім беруді, Қазақстанға аз да болса пайдам тисін деген мақсатты арқалап келген олар түйесін біздің өңірге шөктіргелі қандай істің шекесін шертіп көрмеді десеңізші… Егінде еңбек етті, сатушы болды, нан пісіріп те күндерін көріп жүрді – айта берсе толып жатыр.
– Қазір істің көзін тапсаң, қаржы да, табыс та табуға болады. Ол үшін еңбек, ізденіс керек. Менің ешқандай дипломым жоқ. Бірақ, ізденіс – менің сүйікті ісім,-дейді Күләш.
Айтса-айтқандай, кішкентай цехта Күләш жанындағы 5-6 көмекшісімен бірге нан өнімдерін пісіріп, облыс орталығындағы «Сарайшық» базарындағы өз нүктесінде сатып, нәпақасын тауып жүр. Артынан ерген қызметкерлерінің де еңбек етіп, қаражат табуына қолдау көрсетіп келеді. Бір қызығы, Күләш Қамалова ісін ашқанда несие алмаған. Алдымен алғашқы капиталын тиындап жинап алады, ұсақтап бастайды. Тынымсыз еңбегінің арқасында қолға алған ісінен пайда көре бастайды. Бұл да ізденістің жемісі болар. Қазір кәсіпкер ретінде 5-6 жанға жұмыс беріп отыр. Кішкентай ғана цех үшін мұның өзі жетістік деуге болады. Ол бұл бизнеспен тоқтап қалмайтынын айтады. Айтпақшы, Күләш бүгінде үш қызын ұясына қондырып, олардан жиен сүйіп отырған әже. Кіші қызы Түркияда жоғары білім алып жүр. Ал, ұлы сегізінші сынып оқушысы.
Байқасақ, олардың бойында Отанға деген сезімдері ерекше. Көпшілігінің кіндік қаны тамған туған жерлері бүгінгі таңда өзге мемлекеттің территориясы болса да байырғы қазақ даласының бір пұшпағы екені тарихи шындық. Ол жерде бергісі жеті атасының басы, бабалар зираты жатыр. Сол бабаларының топырағын, туған жерін, ағайын-туыстарын, тіпті, өмір бойы ұрпағым үшін деп тірнектеп жинаған мал дәулетін, жылы орнын, қора-қопсысын қиып тастап, лауазымды қызметтерін тәрк етіп, «ата жұртым, қара шаңырағым, ұрпағымды осы шаңыраққа жеткізсем, үйіріне, ұлтына қоссам» деп келуден артық қандай патриоттық сезім болмақ.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Дерек пен дәйек
Биылғы жылдың І тоқсанында:
Өзбекстан Республикасынан 43 отбасы (54 адам),
Ресей Федерациясынан 6 отбасы (7 адам),
Қытай Халық Республикасынан 4 отбасы (6 адам),
Украинадан 1 отбасы (1 адам) көшіп келді.