СӘУЛЕШТІҢ ӨШПЕС СӘУЛЕСІ
Соғысқа қайтадан 1945 жылдың қаңтар айында алынып, 316 атқыштар дивизиясы 1073 атқыштар полкі құрамында Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия, Австрияны азат етуге қатысып, 1945 жылдың қыркүйек айында елге оралады.
Майданда болған кездерін Сәуекең жұрт қатарлы көп айта бермейтін. Кейіннен 1971 жылы дүниеден өткенде, оның соғыс кезіндегі марапаттарын жастықшалардан көргенбіз. Ерекше көзге түскені үшін алған «За отвагу», «За боевые заслуги», «За победу над Германией» медальдарымен қатар, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін, ал, Австрия шекарасындағы неміс қоршауын талқандаудағы айрықша жауынгерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденін алыпты.
Соғыстан аман-есен келгеннен кейін 1946 жылдың басында, Сәуекең сол кездегі Чапаев бастауыш мектебіне оқу ісінің меңгерушісі әрі мұғалімі болып тағайындалған.
Осы кезеңде тәртіп пен талап солай ма, әлде кадр тапшылығынан ба, 1949 жылы Сәулеш ағамыз Чапаевтан 1-Май колхозының орталығы болған, Қарашығанақ ауылындағы бастауыш мектептің меңгерушілігіне және колхоздың бастауыш партия ұйымының хатшылығына жіберіледі. Колхоздың басқарма төрағасы Жүнісбаев Рахметолла шаруашылық мәселелерін шешерде Сәуекең екеуі ақылдасып, кеңесіп отыратын, мектеп ісіне де көмек беретін. Жазғытұрым колхозшылар егін салу жұмысына басқа жерге жіберілгенде балалары қасында қалып, оқуларын жалғастыру үшін әдейі киіз үй тіккізіп, мектепті сонда көшірісетін.
1955-1956 жылдары теңіз өресін жайлаған балықшы колхоздарының айдыннан су маржандарын сүзуіне тыйым салынып, шаруашылықтардың бәрі Жайық өзенінің жағасына, Дамбы бойына көшіріліп, біріктіріліп, ірілендіріледі. Сондай ұжымдардың біріне бұрынғы «Соцжол», «ІІІ Интернационал» және 1956 жылы Қазақстанның 25 жылдығы колхоздарының орнына құрылған Ленин атындағы ұжымшардың басқарма төрағалығына Сәулеш Әдияұлы жіберіледі. Шаруашылықтардың материалдық-техникалық базалары төмен, науқанды жұмыстың барлығы дерлік қол күшімен атқарылатын.
Осындай байсалды басшының терең ойлылығы, халықпен жұмыс жасаудағы шеберлігі ескеріліп, 1964 жылы Новобогат селолық кеңесі атқару комитетінің төрағалығына сайланады. Селолық, аудандық кеңестердің депутаты ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты.
Және бір айтпағымыз, Сәуекең өмірлік серігі, құдай қосқан қосағы Мәдина апамызбен бірге Сағын, Манап, Қадіржан атты ұлағатты ұлдар мен Жайлекен, Галина, Ақкенже атты инабатты қыздар тәрбиелеп өсірді.
Шүкіршілік етеріміз, жерлес, ауылдастары айтулы азаматтың есімін ұмытпай, бүгіндері Х.Ерғалиевтың атымен аталатын ауылындағы ең үлкен көшелердің біріне Сәуекеңнің атын беріп, құрмет тұтады. Міне, осындай елі ардақтап, қадір тұтқан, оқығанынан тоқығаны көп азаматты еске алу, өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, азаматтың көзін көргендердің міндеті деп түсінеміз.
Ізбасқан ХИСИН,
зейнеткер,
Исатай ауданы.