ЖАҚЫН АРАЛЫҚТА БЕНЗИН МЕН ДИЗЕЛЬДІК ОТЫН ҚЫМБАТТАМАЙДЫ

Жақын аралықта Қазақстанда бензин мен дизельдік отын қымбаттамайды. Бұл туралы  Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

 

Брифинг Елбасы айқындаған «100 қадам» Ұлт жоспары аясында жер қойнауын пайдалану саласындағы ілгері реформалар тақырыбында өткен болатын. Вице-министрдің айтуына қарағанда, Қазақстанда жанармай бағасы негізінен көктемгі немесе күзгі егіс науқанына қатысты емес, әлемдік ахуалға, соның ішінде көршілес елдердегі жағдайға қатысты өзгеріп отырады. «Біз Ресейден 30 пайыз мұнай өнімдерін, яғни бензин мен дизельдік отынды импорттаймыз. Қазіргі таңда ол тұста мұнай өнімдерінің бағасына күрт өзгерістер байқалмайды. Сондықтан да, егіс науқанының жұмыстарына байланысты бағаның көтерілуі  болмайды. Егер ондай жағдай орын алса да, ол негізінен нарықтағы бағаның өзгеруі нәтижесінде орын алуы ғана мүмкін», – деп түсіндірді Ұзақбай Қарабалин.

Айта кетейік, елімізде мұнай өнімдеріне бағаның соңғы өсуі ағымдағы жылдың мамыр айында орын алды. Нақтырақ айтқанда, былтырғы жылдың соңына таман бензин бағасы өзгергеннен кейін, мамыр айында АИ-92 маркалы бензин литріне 99 теңгеден 108 теңгеге көтерілген болатын.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз