РУХАНИ КЕЛІСІМ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

Елімізде 18 қазан - Рухани келісім күні. Соған орай өткен жұмада Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында салтанатты шара өтті.

Облыстық дін істері басқармасы ақпараттық талдау орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға жиналғандарды аймақ басшысының орынбасары Айгүл Әжіғалиева атаулы күнмен құттықтады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылдың қазан айында конфессиялы және гуманитарлық қоғамдық қозғалыстар өкілдерінің қатысуымен өткен тұңғыш Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінде 18 қазан – Рухани келісім күні болып бекітілді. Бұл – еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтастықты, өзара келісімді дамытуға бағытталған шешім. Осы орайда Мемлекет басшысы: «Тұрақтылық пен ынтымақ  –жылдан-жылға ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін күнделікті үлкен жұмыс. Ұлыс пен ұлтына қарамастан әр қазақстандық оны көздің қарашығындай сақтау керек. Біздің Отанымыздың, әр қазақстандықтың байқуаттылығы, болашағы осыған тікелей байланысты»деп атап көрсеткен болатын. Осыдан бастап, Рухани келісім күні қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың, халықтың ынтымағын нығайтудың бірден-бір тетігі болып  келеді. 140 ұлт пен 17 конфессия өкілдері мекендейтін Қазақстан үшін бұл – аса өзекті мәселе, – деді облыс әкімінің орынбасары. Одан әрі ол  ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың нығаюына өзіндік үлес қосып, үлгілі еңбегімен танылып жүрген бір топ атыраулықты облыс әкімі  атынан Алғыс хатпен марапаттады. Марапат иелерінің атынан Атырау облысының Құрметті азаматы Мәдина Ғадісәлімова сөз алып, айтулы күннің маңыздылығына тоқталды.

Дінаралық татулықты дамытуда облыстық бұқаралық ақпарат құралдары да өзіндік үн қосудан кенде емес. Мереке қарсаңында олар да назардан тыс қалмады, облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің журналистері Гүлжан Әмірова мен Гүлжан Елешова, «Қазақстан-Атырау» телеарнасының редакторы Амандық Есқалиев және облыс әкімі аппараты баспасөз бөлімінің бас маманы Әлпеш Садық аймақ басшысының марапатына ие болды.

Одан әрі өңіріміздегі діни тұрақтылықты арттыруға сүбелі үлесі бар тұлғаларды облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқай құттықтады.

«Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров мемлекетіміздің салмақты саясатының негізінде қоғам өмірінің бейбіт те берекелі, біртұтас келбетінің бұзылмай, қайта қанат жайып, рухани келісім мен түсіністіктің тереңдей түскені – еліміздің әлемдік деңгейдегі мәртебесі екенін баса айтты.

Шара барысында Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінің тілшісі, айтыскер-ақын Серікбол Панабердиев те ақжарма тілегін білдірді. Барлық марапат иелеріне Алғыс хатпен бірге сыйлықтар табыс етілді.

Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, атыраулық өнерпаздардың орындауында әсем ән әуелеп, күмбірлеген күй төгілді.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз