Жарнама
Қоғам

ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ – ЖЕТІСТІКТЕР ЖАЛҒАСЫ

— Атырауда соңғы рет 1999 жылы болдым, — деп еске алды Серік Қонақбаев. — Қала адам танымастай өзгерген. Ел чемпионаты да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Атыраудың болашағы зор деп ойлаймын. Мұнда экономика саласы қарқынды дамуда. Енді спорт саласына да үлкен көңіл бөлініп жатқандығын байқадық. Бұның бір айғағы – Атыраудың намысын қорғап жатқан төрт боксшы кеше жартылай финалға жолдама алды. Яғни, олар – ел чемпионатының жүлдегерлері.
Қазақстан бокс федерациясы вице-президентінің айтуынша, Кеңес Одағы тұсында әлем чемпионатына немесе Олимпиада ойындарына жолдама алудың өзі өте қиын болды. Ал, тәуелсіздік алғаннан бері үш чемпионымыз Олимпиада ойындарындағы ең жоғары марапат – Баркер кубогының иегері атанды. «Мұның өзі — бүкіл дүниежүзі қазақстандық боксшыларды мойындағанының белгісі» деп атап өтті С.Қонақбаев.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановтың айтуынша, қазір жастарға байрақты додаларда топ жаруға үлкен мүмкіндіктер бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спортты дамытуға ерекше тапсырмалар бергендігін айта келе, ол өткен жылғы Лондон Олимпиадасында қол жеткізген жетістіктеріміз, ең алдымен, ҚР Президентінің спорт саласына деген оң көзқарасы, қамқорлығы екендігін айтты. Сонымен қатар, 2016 жылы Рио де Жанейрода өтетін Олимпиадада кем дегенде екі алтын медальды еншілеу мақсаты тұрғандығын жеткізді.
Ал, кәсіпқой бокстан қазақтан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы Марат Мәзімбаев пен ең ауыр салмақтағы тұңғыш олимпиадашы Максим Юрченко жастарды армандауға, мақсатқа жетуге ұмтылуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
— Бокстан Әлем және Олимпиада чемпиондарын дайындауда Жамбыл және Қарағанды облыстарында үлкен мектеп қалыптасқан, — дейді Мырзағали Айтжанов. — Сондықтан, бұл аймақтар бокс спортында алдыңғы қатарда келеді. Ал, Атырау өңірінде бокс спорты кенжелеп қалғаны жасырын емес. Бұл өлкеден жас боксшылар енді ғана шығып жатыр. Салыстырып қарасақ, өткен жылғы Қазақстан чемпионатында Атыраудан бірде-бір боксшы жүлдегер атанбаған екен. Ал, биыл төрт бірдей боксшы жартылай финалға шықпақ. Бұл да мұнайлы өңірде бокстың енді дамып келе жатқандығын көрсетеді. Көптеген спорт мектептерінде бокс үйірмелері жұмыс жасауда. Болашақта ел Туын желбіретер боксшылар осы өңірден да шығарына сенімдіміз.
Аға буынға елітіп, чемпион болуға талпынған ізбасар жас спортшыларға шеберлік сағатын алуға, әсерлі әңгімелерін тыңдауға қайталанбас орайы түсті. Жастарды спортпен шұғылдануға, соның ішінде боксшы болуға шақырып, ғылым, өнер саласына бет бұруды көздеген жастарға былғары қолғап шеберлері ең бастысы, өмір рингінде есені жібермеуге тілек білдірді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button