«Respublica» партиясы Атырауға гуманитарлық көмек жеткізді
Бірнеше күн бұрын Алматыдан 65 тонна ең қажетті заттарды тиеген 3 ауыр жүк көлігі шыққан еді. Батысты беттеген «республикалықтар» Атырауға аман-есен аялдап, қызу іске кірісіп кетті.
Атырауға арнайы келген «Respublica» партиясының Алматы облыстық филиалының басшысы, журналист Жарас Ниязбек гумантиралық көмектің ішінде 12 моторлы қайық, 2 киіз үй, 1500 адамға арналған су етік, 40 дана етік белден келетін резина етіктер, 15 дана мотопомпа, 100 дана су өткізбейтін куртка, 12 мың дана қап, балаларға арналған киімдер, 35 тонна бұзылмайтын азық-түлік, 10 тонна су, төсек орын тағы басқа да ең қажетті заттар бар екенін айтты.
«Батыс өңірде қызыл су жүріп, халықты әбігерге салғанын естіген бойда гуманитарлық көмек беруді ұйымдастырдық. Басты мақсатымыз ең қажетті деген заттарды жинап, тездетіп жөнелту болды. Бастаманы қолдап, көмекке ұмтылған жерлестер саны артты. Алматы қаласында үлкен қойма даярлап, жүктерді сонда жинадық. Ал қазір Атырауға келген гуманитарлық көмектің бір бөлігін қалалық үлкен қоймаға өткіздік. Бір бөлігін су басып жатқан Орал қаласына жібердік. Енді Құлсары өңіріне заттарды дайындап жатырмыз»-дейді Ж.Ниязбек.
Ал тағы бір әріптесіміз, «Respublica» партиясының Жетісу облыстық филиалының басшысы Ришат Асқарбекұлының да Атырауда жүргеніне бір апта болыпты.
“Бір жамандықтың артында міндетті түрде бір жақсылықтың болатыны хақ. Орал қаласындағы жағдайды өз көзімізбен көріп, халыққа ең қажетті заттар тізімін алып, Алматыдағы жинақ пунктіне жібердік. Ол жерге бұған дейін кәсіпкерлер көмегімен 1 фура гуманитарлық жүк жеткізілген еді. Ал Атырауға өткен жұмада шыққан 2 жүк көлігі бүгін жетті. Біздің міндетіміз осы жауапты жұмысты үйлестіру. Мұндағы мақсат — дайындық жұмыстарына көмектесу және келетін судың алдын алуға атсалысу. Өз басым Атырау жұртының жанкештілігін және қазақ халқының ауызбірлігін көрдім. Бәрімізге Алла жар болсын!”,- дейді Ришат Асқарбекұлы.
Партия өкілдері гуманитарлық зат жинауға атсалысқан «Respublica» партиясының мүшелері, Алматы мәслихатындағы партия депутаттары (Жалын Жайнарбек, Әкім Тұрсын, Қайрат Бегалин, Салтанат Серікова, Руслан Идрисов), Damu Business Group тәуелсіз кәсіпкерлер кеңесі, партияның Алматы агломерациясы, журналист Әмірболат Құсайынұлына және Талғар ауданы белсенділеріне алғыс білдірді.