АҒАЛАР ТУРАЛЫ СЫР АҚТАРҒАН

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, исатайлық Аяпберген Мұханбетовтің «Ағатай» баспасынан «Жұлдызды жүректер» атты кітабы жарық көрді.

Аяпберген – көп жылдар бойы мәдениет пен өнер саласында жемісті қызмет еткен, көргені мен түйгені мол азамат. Ол соңғы төрт-бес жылдың ішінде өзінің ардагер ағалары, қатарлас замандастары, тұрғыластары туралы материалдарды топтастырып, кітап етіп ұсынуды үрдіске айналдырды. Атап айтқанда, «Келбетті кезең», «Таланттардың тал бесігі» атты кітаптары осы сөзімізге дәлел. Бұл кітаптардың құндылығы сонда кез келген оқырман өз аймағының таланттары мен талаптыларын, даңқты да даңғайыр ұландарын осы кітаптардан табады. 

 

«Жұлдызды жүректер» атты жаңа кітабында автор Нарын өңірінде туып, өскен белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Закаш Камалиденов, елші  Ибрагим Аманғалиев, Исатай ауданының бұрынғы бірінші хатшысы Тұрғали Мусағалиев, әйгілі мұнайшы Шияп Ақдрашев, ұлағатты педагог Есет Қаженбаев, партия, кеңес қызметтерінің ардагері Қабижан Салықов, басқа да ел ағаларымен қатарлас, жұмыстас болған азаматтардың өмір жолдары туралы жазылған мақалалар мен естеліктер көңілге жылылық ұялатады. Сондай-ақ, бірнеше жыл әріптес болған бард ақын Табылды Досымов туралы өзінің, жолдастарының жүрекжарды, толғанысты пікірлері мен естеліктері де кітаптан орын алған.

Кітап  қалың  оқырман  қауымға  арналған,  жастарға тәрбиелік мәні зор. Аяпбергенге алдағы уақытта да шығармашылық сәттілік тілейміз.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз