РЕЙХСТАГҚА ЕСІМІН ЖАЗЫП ҚАЛДЫРҒАН

майдангер Сауғабай Үсенов туралы сыр...

Сауғабай Үсенов он сегізге толғанда, яғни 1943 жылдың жазында майдан шебіне алынып, Мәскеу түбіндегі Внуково, Домодедово, Яхрома, Звенигород қалаларында  парашюттен секіру жаттығуынан өтеді.

 

Кейін Башқұртстанның астанасы Уфа қаласындағы әскери училищеден арнайы курстан өтіп, ұрыс даласына аттанды. Жауынгерлік тапсырмамен он сегіз мәрте әуеге көтерілген десант жау әскерлеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, бірнеше рет «тіл» әкеліп, олардан маңызды әскери ақпараттар алу арқылы жауға күйрете соққы беру операцияларына тікелей қатысады. Осындай стратегиялық маңызды операциялардың бел ортасында жүрген әкем Берлин қаласына дейін барып, Жеңіс қуанышын осы қалада көреді. Сөйтіп, немістердің әскери базасы болған Рейхстагқа өз атын қалдырады. Бұл жөнінде кезінде «Лениншіл жас» газетінде жазылды.

Берлиннен кейін жауынгер Үсенов Польшаға жіберіледі. Польша жерін жаудан тазарту жұмыстарына тікелей араласқан ол елге 1948 жылы ғана оралды.

Әкем көп сөзге жоқ тұйық адам еді. Біздің сұрақтарымызға жарытып жауап бермейтін. Тек сол кездегі жас тілші Кәрім Масабаевтың «Атойлап жауға шапқан» деген мақаласындағы әкеміздің айтқан мына бір сөздері сақталып қалыпты. «Өзім үшін ең есте қалар шайқас – 1945 жылдың басында «Балатон көлі» операциясы болды. 300 мыңдай жауынгері бар тоғыз гвардиялық армия сапында соғысқа қатыстым. Жау оңай берілген жоқ. Үш қатарлы бекіністі бұзып өтуде біз көптеген жолдастардан айырылдық. Менің басқарған взводымда 38 жауынгер болды. Сұмдық соғыс болды. Аспан мен жер араласып кеткендей. Содан екінші күнгі қорғаныстан кейін барып, шепті бұзып, Жеңіске жеттік!».  Бұл аяулы әкеміздің сұрапыл соғыста көрсеткен ерлігінің  бір эпизоды ғана…

Соғыс даласынан аман оралғаннан кейін әкем білімін шыңдап, ұстаздық жолын қайта жалғастырды. Қызылқоға ауданының Сағыз селосына қарасты Шолақсай елді мекенінде бастауыш орталау мектебіне, кейін «Жаңашаруа» орталау жеті жылдық мектебіне басшылық етті. Әкеміздің қажырлы еңбегінің арқасында кейін ол орта мектеп болып үлкейтілді. Қызылқоға аудандық партия комитетінің нұсқауымен түрлі жауапты қызметтерді атқарды.

Небәрі алпыс бір жас ғұмыр кешкен әкем зайыбы Балзиямен сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Жүздеген шәкірт жүрегіне жол тапқан әкеміздің ұстаз деген ұлы атқа лайық тұлға болғандығын шәкірттері дәлелдеп кетті.

Бүгінде бақилық болған Қазақстан Журналистер Одағының, Жазушылар Одағының мүшесі, республикалық «Атамекен» газетінің бас редакторы болған Жолдығали Бақытовтың «Сағыныш», «Ұстаз», «Мәңгілік махаббат» атты эссе, очерктері бұл сөзімізді қуаттай түседі.

Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Венаны азат еткені үшін», «Будапешті азат еткені үшін», жеңістің мерекелік медальдарымен, ағартушылық саладағы абыройлы қызметі үшін  «Құрмет белгісі» орденімен, «Оқу-ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен мадақталған әкеміздің өмір жолы жас ұрпаққа үлгі, өнеге екені даусыз…

           Әлім ҮСЕН,Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз