Қатал тағдырға қасқайып қарсы тұрды

hv39hiz7bz2ab279 lg Жаңалықтар

Atr.kz/15 мамыр, 2020 жыл. Ел басына қара бұлт үйірілген сонау 1941 жылы қаншама әкелі-балалы жандар Отанын қорғауға бірге аттанып, қапелімде шаңырақтары қаңырап қалды.

Солардың арасында Алдаберген тегі Мәтжан қарт пен Балкен анадан тараған ұлдар да бар болатын. Бір әулеттен бірнеше жан болып соғысқа аттанған олардан тек екі-ақ азамат – Әбдіуәли мен Жетпісбай ғана жеңіспен елге оралды. Басқа ұлдар мен Мәтжан әкеге туған үйдің дәмі бұйырмады…

«Барының қайыры!» деп, өз-өзінен күбірлеген Балкен ана ұлдарының аман оралғандарына жүрегі жарылардай қуанады. Сұм соғыс екеуін бір-бір аяқтан айырып, екінші топ мүгедегі еткенімен, жастық жалыны ұшқындаған жігіттер елге келген соң қызу тірлікке құлшына кіріседі. «Бас екеу болмай, мал екеу болмас» деген аналарының ақылына құлақ асып, бірінен соң бірі шаңырақ көтереді. Әулетке келін болып түскен Шолпан мен Қанзиба үй шаруасын дөңгелентіп, өмірге ұрпақ әкеле бастайды.

Осылайша ағалы-інілі жігіттер он шақты ұл-қызға әке атанып, өмірдің қызығына бір тоймайды… Тағдырдың жазуы болар, әулеттің кіші ұлы Жетпісбайдың жары Қанзиба соңғы перзентін өмірге әкелерде қатты қиналып, ақыры содан көз жұмады. Бар болғаны қырықтың о жақ, бұ жағындағы қылшылдаған жігіт аналары қайтқан сегіз баламен бір өзі қалады… Үлкендері ештеңе емес-ау, күні кеше дүние есігін ашқан қызылшақа ұлды бағуды айтсаңызшы!.. Мұндайда ақыл айтушылар да аз болмайды ғой.

Бірде көрші азамат келіп: – Жәке, сенің жағдайыңды түсінемін. Саған өте қиын. Мүмкін мына кішкентайды балалар үйіне өткізерсің. Кейін есейгесін үйге аласың ғой… – дейді. Бірақ, Жетпісбай бұл сөзге құлақ аспайды. «Онсыз да анасы жоқ бала. Енді әкесінен тірілей айырып қайтем?! Үлкен аға-әпкелері бар, әжесі бар – бәріміз көптеп-көлемдеп бағармыз…» деп, сыңар аяқпен жүріп сегіз баласын асырап, қатарға қосты.

***

…Бүгінде Балкен ана да, оның бала-келіндері де өмірден өткен. Менің анам марқұм осы әулеттің қызы болғандықтан бала кезімнен нағашы жұртымды көріп өскен едім. Сонда байқағаным, Жетпісбай нағашымыз өте балажан-тұғын. Қолына түскен тәттісі болса: «Жалғыз жиенге берші!» деп, маған ала шабатын. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында мен де осы азаматтардың атын атауды жөн көрдім. Олардың Отанға, бала тәрбиесіне сіңірген еңбектері ұшан-теңіз еді-ау…

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз