Үкіметтік емес ұйымдар олардың ықпалы қандай дәрежеде?

  Атырау облысы әкімі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас жасау жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оны облыс әкімінің орынбасары, кеңес төрағасы Әлібек Нәутиев жүргізіп отырды. Жиында Құрманғазы аудандық әкімдігінің үкіметтік емес ұйымдарды қолдау жөніндегі жұмыстары, Жылыой ауданындағы шетелдік донорлар есебінен қаржыландырылатын жергілікті үкіметтік емес ұйымдармен өзара іскерлік қарым-қатынасы және аталмыш қоғамдық институттармен жұмыс барысында кездесетін проблемалар қаралды.

  Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметов өңірде алты қоғамдық бірлестіктің жұмыс жасайтынын және оларға аудандық әкімдік тарапынан қолдаулардың жасалып отырғанын айтты. Ал, Ардагерлер одағының тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарына қатысушылардың республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы өз жұмысын жаңадан бастаған.

  Жылыой ауданында қоғамдық институттар саны жылдан жылға артып келеді. Бұдан алты-жеті жыл бұрын өңірде бар болғаны жеті-ақ бірлестік болса, бүгінде олардың саны 22-ге жетіп отыр. «Бұған «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржыландыруымен «Әлеуметтік дамуға азаматтық қоғамның қатысуы» жобасының жүзеге асырылуы зор ықпал етті», – дейді аудан әкімі Мақсым Ізбасов. Бұл жобаны іске асырушы оператор болып «Орталық Азияның Еуразия қоры» бекітіліп, арнайы Жылыой ауданы үшін жобаны жүзеге асырды. Осының нәтижесінде ауданда 2011-2015 жылдар аралығында жаңадан 15 қоғамдық бірлестік құрылып, жұмыстарын жүргізу мүмкіндігіне ие болды.

 Аудан басшысы Мақсым Шафихұлының баяндауынша, өңірде таза шетелдік донорлар есебінен қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдар қызмет етіп отырған жоқ. Алайда, «Теңізшевройл» серіктестігі секілді бірлескен кәсіпорын қаржысы есебінен әлеуметтік жобалар алып, жұмыс жасайтын бірлес-тіктер бар. Мәселен, 2011-2013 жылдары «ТШО» мекемесінің қаржыландыруымен жергілікті үкіметтік ұйымдармен 22 әлеуметтік, ал 2014-2015 жылдары аталмыш серіктестіктің қолдауымен «Еуразия» қоры «Өрлеу» жобасын іске асырды. Жалпы, аудандағы үкіметтік емес ұйымдар негізінен жартылай шетелдік донор «Теңізшевройл» серіктестігінің қаржыландыруымен жұмыс жасағанымен, қосымша осы компанияға мердігер мекемелер арқылы да демеушілік көмектер алып отыр.

  Облыстағы «Азаматтық Альянс» қоғамдық бірлестігі өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіріп, 2005 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Десе де, «Азаматтық Альянстың» кеңсесі, қоғамдық институттардың бас қосатын жері жоқ. Бұл өз кезе-гінде аталмыш бірлестіктер жұмысына біраз кедергі келтіреді. Осы мәселені алға тартқан «Атырау облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі президенті Әлия Бек-қожиева проблемаларға қарамастан, бүгінде ауылдық жерлерде үкіметтік емес ұйымдар саны артып келе жатқанын айтты. Биылғы жылы үшінші сектор жұмысына 322 миллион теңге қаражат бөлінген. Өткен жылы «Азаматтық Альянс» елді мекендерді аралап, семинарлар өткізіп, әдістемелік материалдар таратып, үкіметтік емес ұйымдарының жұмысын жүргізу туралы ақпараттар да беріп қайтты.

– Бүгінде облыстағы барлық басқармаларға ауқымды қаражаттар бөлінді. Дегенмен, ол қаржылар толық игерілмей отыр. Сол себепті, мемлекеттік тапсырыстар бойынша қоғамдық ұйымдар жұмыстарын жүйелендіруге болар еді. Ал, «Азаматтық Альянсқа» «Нұр Отан» партиясы филиалдарының ішінен орын бөлуге мүмкіндік бар, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары, кеңес төрағасы Әлібек Нәутиев.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз