Референдум ерекшелігін ел ағалары түсіндірді
Түркістанда «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің көшпелі кеңесі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауын жүзеге асырудағы ардагерлердің міндеттерін айқындау, жұмысты ұйымдастыру мақсатындағы жиында көптеген мәселе талқыланды.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен кеңеске «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңестің, Астана, Алматы, Шымкент қалалары, өңірлік ардагерлер ұйымдарының басшылары, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық мәсли-хаттың төрағасы Нұралы Әбішов пен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау сөзін облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев оқып берді. Ал «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов өз баяндамасында Мемлекет басшысы кейінгі жылдары халыққа жылына екі рет ма-ңызды Жолдау жолдайтынын атап өтті.
«Біріншісі жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы болса, екіншісі – Ұлттық құрылтайда сөйлейтін сөзі. Дәстүрлі Жолдауында Мемлекет басшысы экономикалық мәселелер мен халықтың әлеуметтік жағ-дайын жақсарту жолындағы күрделі проблемаларды шешу жолдарын айтса, Ұлттық құрылтайда ұлт-тық идеологиямыздағы күрмеуі көп мәселелерді тарқатып айтып жүр», — деді Б.Ізмұхамбетов.
Сондай-ақ ол Президент Жолдауында айтылған тоғыз басымдыққа ие түрлі бастамалары, ұсыныс-тары мен тапсырмаларына тоқ¬талды. Жолдауда айтылған атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесі еліміздің болашағына қатысты аса маңызды екенін айтып өтті.
«Бәріңіз білесіздер, АЭС құрылысы тақырыбы қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. АЭС салуға қарсылық – оның қаншалықты пайдалы екенін білмеуден, білімнің жеткіліксіздігінен, кәсіби маман-дардың ақпаратының аздығынан. Кейбір азаматтар АЭС-тің қандай пайдасы барын түсінбесе де әлеуметтік желілерде елді дүрліктіріп, неше түрлі еш қисынға келмейтін әңгімелермен үрейлендіріп жатыр. Оның энергия тұрғысынан қарағанда әлдеқайда қауіпсіз екенін, өнімді энергияның қайнар көзі екенін біле бермейді. Бүгінгі таңда Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында 17,9 мыңға жуық адам жұмыс істейді», — деді «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің төрағасы.
Елімізде Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталығы, Алматы қаласындағы Ядролық физика институты сынды екі ірі ғылыми ұйым атом электр стансасын құру үдерісін ғылыми-техникалық қамтамасыз ету рөлін атқарады, ал қызметкерлері МАГАТЭ сарапшылар құрамына кіреді. Сондай-ақ баяндамашы қазіргі қаралып отырған атом электр стансасының сыртқы қабығы торнадо, дауыл, 8 балға дейінгі жер сілкінісі, су тасқыны сынды табиғи, техногендік және антропогендік әсерлерге төтеп бере алатынын атап өтті. Бүгінде бүкіл өркениетті әлем экономикалық ынталандыруды қоса алғанда, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға күш салып келеді. Бұл міндеттеме БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы бойынша келісімінде көрсетілген. Осы келісімге сәйкес Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқартуға міндеттеме алды. Парниктік газдардың едәуір көлемін жылу электр стансалары шығарады. Оларды пайдалану кезінде көмірқышқыл газын шығармайтын атом электр стансаларына ауыстыру қоршаған ортаға тигізетін кері әсерді азайтады. Бұған қоса Б.Ізмұхамбетов еліміздің жоғары оқу орындарында «Ядролық физика және ядролық энергетика» мамандықтары бойынша 2011-2023 жылдар аралығында 1 649 маман даярланғанын, осы оқу жылында тағы 253 маман даярланатынын, яғни кәсіби мамандар өзімізде жеткілікті екенін айтып өтті.
«Атом электр стансасы кейбіреулер ойлағандай атом қаруы емес, функциясы мүлдем басқаша екенін түсінуіміз керек. Атом энергиясын әлемде дамыған елдер ғана емес, біз сияқты дамушы елдер де өз игілігіне жаратып отыр. Сондықтан атом десе ат тонымызды ала қашпай, АЭС салу мәселесін қолдауымыз әрі қорғауымыз қажет. Бұл – өте жауапты іс. Ардагерлеріміз тұрғындармен кездесулерде атом энергиясының пайдасы орасан зор екенін дұрыс түсіндіріп жүрсе деймін», — деді Б.Ізмұхамбетов.
Жиында жарыссөзге шыққан Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, Орталық кеңес төралқасының мүшесі Ж.Ерғалиев, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесі¬нің төрағасы С.Төлетов, Абай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Әлин өз ой-пікірін ортаға салды. Мысалы, Жеңісбек Мәуленқұлов халқымыздың игі-жақсылары мен ел ағаларының қасиетті шаһарда бас қосып, еліміздің болашағына қатысты келелі мәселелерді талқыға салуы терең мәнге ие екенін айтты.
«Мәселеге тереңінен қарайтын болсақ, Президент бұл Жолдауы арқылы өзінің конституциялық міндетін орындап қана қоймай, сонымен қатар келешек ұрпаққа қандай мемлекет, қандай қоғамды мұра етіп қалдыруымыз керектігін де айқындап беріп отыр. Бүгінде елімізде электр қуатының басым бөлігі жылу электр стансаларында өндіріліп жатыр. Біріншіден, қолданыстағы жылу электр стан-саларының барлығының дерлік тозығы жеткен, екіншіден, мұндай стансаларда көмір жағылатын-дықтан, оның қоршаған ортаға зияны көп. Мемлекет күн және жел электр стансаларының желісін дамыту бойынша да жұмыс істеп жатыр. Бірақ бұл стансалардың жұмысы ауа райы жағдайына тәуелді болғандықтан, онда өндірілетін энергия тұрақты емес. Ал отандық экономиканың дамуына тұрақты, таза және арзан энергия көзі керек. Атом энергетикасы – жасыл экономиканың бір тармағы. Қазақстанда АЭС салуға қажетті шикізат әлеуеті жоғары. Бүкіл әлемдегі уран өндірісінің 40 пайыздан астамы – еліміздің еншісінде. Осылай бола тұра атом энергиясын пайдаланбау, бұлақтың басында отырып суға жарымау сияқты әрекет емес пе?», — деді Ж.Мәуленқұлов.
Сондай-ақ Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы аға буын өкілдеріне қамқорлық пен әлеуметтік қолдау көрсету және жас ұрпаққа ұлттық танымға сай саналы тәрбие беру бағыттарында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал Орталық кеңес төралқасының мүшесі Жабал Ерғалиев жиынға қатысушыларды үлкен істі ел үлкендері болып қолдауға шақырды.
«АЭС салуға қатысты мәселенің қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Талқы қазір де қыза түсті. Ел азаматтарының пікірі де сан алуан. Біреу қарсы, біреу қолдап жатыр. АЭС-ке қарсылар бұл жобаның қауіптілігін, мамандардың жоқтығын алға тарта сөйлесе, қолдаушылар жағы қазір әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқанын, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көз-дері аса қажет деген пікірді айтады. Өз басым халықтың пікірін де зерделей отырып, осы саланың мамандары мен ғалымдардың ойына көбірек ден қоямын. Не де болса бұл істің тоқ етерін сол істің өз мамандары айтқаны жөн ғой деп ойлаймын. Ал мамандар мен ғалымдардың айтқандарынан түйгенім – біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек. Өйткені Қазақстан осы алдағы уақытта әлем бойынша түр¬лі өнеркәсіп орындары ең көп шоғырланған мемлекеттерінің бірі болары анық. Қазірдің өзінде ел экономикасы күн өткен сайын мол энергияны қажет етіп отырғанын, сұранысты тек атом энергетикасы қамтамасыз ете алатынын мамандар дәлелмен айтып отыр», — деді Ж.Ерғалиев.
Абай облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин қазір дамыған және дамушы мемлекеттерде 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұрғанын айтып өтті.
«Қаншама жыл ядролық жарыстардан зардап шеккен Семей жұрты атом деген сөзді естігенде, төбе шашы тік тұрып, қарсылық білдірері хақ. Оның үстіне Чернобыль АЭС-нің апаттық кесірі де әлі ұмытыла қойған жоқ. Соған қарамастан халықтың көпшілігі қазіргі ғылымның жетістіктеріне сүйе-ніп және экономикалық, энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін алдыңғы қатарлы елдер сияқ-ты атом энергиясын пайдалану керек деген шешімге келді», — деді М.Алин.
Кеңесте ардагерлер қозғалысына белсенді араласып жүрген Түркістан облысы ардагерлеріне Орталық кеңестің төсбелгілері мен Құрмет грамотасы тапсырылды. Алқалы басқосу Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жастарымен кездесу жиынымен жалғасты. Университеттің мәдениет залында еңбек адамына арналған музыкалық-композициялық қойылым қойылды. Ал «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов студент жастармен сұхбаттасып, университет ұжымына кітабын тапсырды. Кездесу соңында университет ректоры Жанар Темірбекова білім ордасының тыныс-тіршілігі, жетістігі мен алдағы мақсаттары туралы ойын ортаға салды. Сондай-ақ ардагерлер Түркістанның көрікті орындарын аралап, соғыс ардагерлеріне арналған «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды, «Жібек жолы» саябағында ағаш отырғызды.