АБЗАЛ ЖАН ӨТТІ ДҮНИЕДЕН…

Тамыздың оны күні таңертең жеткен хабар жан дүниемді астан-кестен етті. Қайран, Сәуле апа өтіпті дүниеден... Ұлы ұстазым Зейнолла ағамның аяулы жар қосағы... О, Жалған дүние! Ақыры... ұлы аға жан жарын құшағына шақырған екен ғой. Талай рет телефонмен аман-есендігін біліп, хабарласқанымда Сәуле апа былай дейтін еді: «Айналайын, мен де бір күндікше жүрген адаммын ғой. Зекең қасымда жоқ. Бала-шаға, немере-шөберелерімнің қызығын көріп, солардың тілегін тілеп отырамын. Әр жұма сайын машина шақырып, гүлімді қолыма алып, Зекемнің басына барып қайтуды дәстүрге айналдырдым. Зекемнің мәңгілік мекеніне барып, сырласқандай болып қайтамын. Ал, күнде үйге келетін газет-журналдарды аударыстырып қараймын ғой, «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» журналының және басқа да газеттерден жақсы мазмұнды мақала оқимын. Зекеммен қоштасқаннан бері ағаң туралы кім қандай мақала жазды екен, оны кім қалай еске алып жатыр екен деп ойлаймын. Зекеңнің аты аталған мақала көрсем, оны қиып алып, жинап қоямын. Көңілім бір марқайып қалады». Апай, міне, осылайша телефонмен төгіліп сөйлейтін. Әрбір мерекеде Сәуле апайды құттықтап отыратын едім. Енді кіммен сөйлесем деп мен де күрсінемін. Сәуле апа  менің ұлы ағам Зейнолланың көзі еді ғой. Ағаның рухын биік ұстап, рухына табынып отыратын шырақшысы болатын. Міне, бүгін сол шырақшы ең ақырғы демін алып, көзін жұмғаны Зейнекеңнің барлық шәкірттерінің қабыр-ғасын қайыстырды-ау.

 

Сәуле апа! Мұндай сұлу мінезді, дархан көңілді, қолы да, жаны да әр таза жүректі адамға айқара ашық еді-ау. Ол өзінің Зейнолласын ерекше сүйетін, табынатын, аса құрметтейтін. Бейне Зейнолла ағамызға табиғаттан әдейі арналып туылғандай сүйікті жар еді. Алла тағала екеуін де Қызылқоға жерінде дүниеге келтіріп, жер жәннаты Алатау аясында, гауһардай мөлдір қала Алматыда кездестіргендей. Тұрсынбек Кәкішев аға: «Зейнолла, Сәуле сені күтіп отырғандай, менің Күбірәммен бір курста оқиды. Жүр кеттік, ЖенПИ-ге!» – деп айтуы да жасағанның өз қалауымен болғандай.

Сәуле Төлеуқызы Алматының қыздар педагогика институтының тарих факультетін бітіріп, тарих пәнінің мұғалімі деген квалификация алып шығады. Алғаш бітірген жылы Атыраудағы Доссор елді мекеніндегі мектепте мұғалім болып бастайды да, кейін Алматыға барады. Себебі, студент кезінде бір-бірін қатты ұнатып, уәде байласқан жігіті қазақтың С.Н.Киров атындағы мемлекеттік университетінің оқытушысы Зейнолла Қабдоловпен шаңырақ көтереді. Алматыдағы №12 мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Осы мектепте зейнеткерлік жасқа жеткенше қызмет істеп, «Халық ағарту ісінің үздігі» деген атаққа, тағы басқа марапаттарға ие болады. Аталған мектепте оқып, Сәуле апайдан дәріс алған қазіргі республикаға аты белгілі журналистер, жазушылар, өзге де мамандық иелері білім алып, тәрбиеленді. Әсіресе, көрнекті жазушы Смағұл Елубай бір естелігінде Сәуле апайдың бір баласындай болып, осы отбасының қамқорлығында өскендігін айтады.

Иә, бұл ұлы адамдардың шапағатына талай адамдар бөленді. Сондай адамдардың мен де бірімін. Алматыға іссапарға барғанымда мені Атыраудағы бір інілеріндей қарсы алатын еді. Зейнекең маған былай дейтін: «Мені көп жігіттер, яғни, шәкірттерім өз ағаларындай көреді. Сен де солардың бірі боласың ғой, шырағым»-деді. Зейнолла аға кандидаттық диссертация қорғағанымда – жетекшім, докторлық диссертация қорғағанымда – кеңесшім болды. Бұл, шынында да, мықты ағалық шапағат еді. Иә, біз, ағаның інілері көппіз: Жанғара, Зейнол, Серік-қали, Арап, Бағдат, ғалым Бауыржан, ақын Бауыржан, Мақсат… әрі қарай ондап, жүздеп жалғаса береді.

Олардың әрбіреуі Сәуле апаның таңдайды жұлып алатындай ең дәмді бешбармағының дәмін татты. Бәріне аналық, апалық ақыл-кеңесін аямады.

Сәуле апа асқан ақылды, парасатты адам болатын. Ол Зейнолла ағаның көңіл-күйін қас-қабағынан, қимыл-әрекетінен, әр сөйлеген сөзінен байқайтын. Ғалымның, жазушының, ұстаздың жұбайы ретінде ағаға деген қарым-қатынас әркімге де үлгі болғандай. Міне, осылайша ұлы жазушы әрі ғалым Зейнолла ағамен екеуінің арасындағы сыйластық өзгелер қызыға да, қызғана да қарайтын қасиет еді.

Сәуле апа Зейнолла аға сырқаттанып қалғанда, 1999 жылдан бастап күнделік жүргізіпті. Мұны бірақ ешкім білмеген екен. Зейнекеңнің қан қысымы көбейіп, денсаулығы нашарлай бастағанда оның үйдегі аса ұлағатты бапкері, дәрігері Сәуле апа болды.

Зейнекең 2004 жылы қыркүйек айының басында қатты соққан инсульттан төсек тартып жатып қалды. Содан бастап, бірде аурухана, үйде болғанда қайта-қайта жедел жәрдем, әлсін-әлсін дәрігерлердің келуі – бәрінде дархан жүректі Сәуле апа ағаны жанын қоярға жер таппай өбектеумен болды. Біз шәкірттері Зейнекеңнің ауырып қалғанына қатты күйзелдік. Мен осы кезде бірнеше дүркін Алматыға қайта-қайта барып, ағаның хал-жағдайын біліп кетіп жүрдім. Зейнекең дені сау кезінде бес томдық шығармалар жинағын бастыруды жоспарлаған екен. Бірақ, оның екі томын ғана шығаруға мүмкіндігі болып, қалған үш томының жайы шешілмеген еді. Университет ректорының тапсырмасымен мен Алматыға іссапарға барып, қалған үш томды құрастырдым. Сәуле апаның осы кездегі көмегі зор болды. Үш томдықты «Санат» баспасына тапсырғаным туралы Зейнекеңе барып айтқанымда: «Рахмет, қарағым!» – деп маған риза болғандығын білдіріп, көз нұры төгіліп қарағаны әлі есімде. 2006 жылы тамыз айының аяғында ұлы аға бәрімізді қайғыға душар етіп, мәңгілікке аттанды. Қаралы жиында Атырау жерлестері атынан және шәкірттері атынан сөз сөйледім.

2008 жылы ғылыми іссапармен Алматыға жол түсті. Сәуле апайға, Зейнекең отбасына сәлемдесуге барғанымда апай маған өзінің күнделігінің қолжазбасын көрсетті. Бұрын ешкімге айтпаған қолжазбаны маған оқып шығуды ұсыныс етті. Күнделікті бір күнде оқып шығып, өзімнің риза болғандығымды айттым. Күнделіктің тілі де көркем, майда, мазмұны да өте мәнді шыққан екен. Мен Сәуле апаға Зейнолла ағаға арналған үлкен ескерткіш жазғандығын айтып, баспаға ұсынуды кеңес еттім. Бірақ, апай қолжазба күйінде қалдырғысы келіп: «Жөнді дүние емес, өзімнің Зекең ауырып жатқанында түртіп жазып отырған көңіл-күйімнің көрінісі ғой» –  деп, баспаға бергісі келмегендей сыңай танытты. Алайда, мен «Алматы ақшамының» редакторы, Зейнекеңнің шәкірті Қали Сәрсенбайға телефон шалып, Сәуле апайдың күнделігі жөнінде айттым және газетке жариялау жөнінде кеңес бердім. Қали Зейнекеңнің тағы бір шәкірті Бауыржан Омаровқа күнделік жайын хабарлапты. Бауыржан апайдың күнделік жазып жүргенін білмейді екен. Ести сала Сәуле апайға барып, күнделікті жариялау үшін алып кетіпті. Бауыржан апайдың 2003 жылдан бастап жазған күнделік нұсқасын «Ана тілі» газетінің он шақты санына жариялаттырды. Бұл кезде газеттің редакторы Мақсат болатын. Осылайша Зейнекеңнің шәкірттері тарапынан үлкен азаматтық жасалды.

Күнделіктің газеттегі жарияланымын мен кітапқа айналдырып, «Емен дағы құласа, бетеге екен, Дара туған тұлға да өтеді екен…» деген атпен Атырау университетінің типографиясынан бастырып шығардым. Сәуле апаның күнделігінің үлкен сезіммен жазылған шынайылығының әсер еткендігі сондай, сол күнделік туралы мынадай өлең шығарған едім. Өлең «Сәуле апа күнделігі» деп аталады:

Жазулар, жазулар – терең мұң күнделіктері,

Оқимын әсерге құбыла түрленіп тегі.

Өтеді елестер оймыштап ой салған,

Болар ма осындай сезімнің мың көріпкелі?!

 

Өткен бір күндердің дауылы буырқанады,

Сәуле апа жанының естіліп құлындағаны.

Сырқаттың жай-күйін көшірген жазбадан,

Сезілер ағаның ұйқымен тынымдағаны.

 

Ағаның сеземін үнсіз қиналыстарын,

Естимін тамырының сарынды қилы ағыстарын.

Жан дүние бас қоса жамырай сөз алып,

Өткізіп жатқандай консилиум – жиналыстарын.

 

Апатай жүрегін жүрекке жалғастыр-ғандай,

Өзінің болмысын болмысқа алмастыр-ғандай.

Бір ғана құдірет шеберлік қисынмен,

Жүйкесін жүйкеге мәңгілік қолдастырғандай.

 

Ағаның әр сәтін елеусіз жібермегендей,

Секундтап тынысын жанымен түгендегендей.

Бойынан төгіле мөлдірей тараған,

Аялы махаббатының тіні мен нұры емдегендей.

 

Қаламнан жауған жыр солайша толғандырады,

Әр сөзі, нүктесі, тынысы таңғалдырады.

Зекеңді бір рет көруді арман қылғанға,

Сол күндер суретін күнделік жандандырады.

 

Сәуле апа күнделіктері – қиялдың пір көліктеріндей,

Оятқан ұйқыдан әркімнің мың көріпкеліндей.

Ұлылық ғұмырының өшпейтін эпилогындай,

Мәңгілік сөйлеген жүректің күнделіктеріндей.

Сәуле апайдың күнделігі сегіз жыл бойына жазылған екен. Барлығы бір кітап болып, 2009 жылы «Астана» баспасынан «Көрген түстей,  сағымдай» деген атпен қомақты кітап болып жарық көрген. Кітап шығарылуға дайындалып жатқанда, Астанадан кітапты қалай атау керектігі жөнінде Сәуле апайдан сұраған екен. Апай ұзақ толғаныпты. Ойлаған әр түрлі варианттарды лайықты көрмепті. Сол күндерде Зейнекең апайдың түсіне еніп, дауыстап: «Көрген түстей,  сағымдай» деп аян беріпті. Осы аян беріп айтылған сөзді кітаптың атына айналдырыпты. Ал, бұл сөз Зейнекең өзі жазған «Жайық қызы» әнінің қайырмасының бір тармағы еді:

Жалт етті де жоқ болды,

Көрген түстей, сағымдай…

Иә, бұл күнделік Сәуле апайдың ағаға деген шексіз терең махаббатынан туған күнделік деп айту ләзім. Ұзақ уақыт отасқан ұлы махаббаттың шынында да көрген түстей, сағымдай болатыны шындық-ау деймін!

Бүкіл қазақ елі Сәуле апаны ұлы Зейнолла Қабдоловтың ұлы махаббаты деп шынайы сезіммен бағалай отырып, сүйген жар-қосағы жатқан Кеңсай зиратына табыс етеді.

Қош, Сәуле апа! Атырау халқы сізді Зейнолла ағамен қатар атап, әрқашан ұмытпайтынына сенімдімін…

ҚАДЫР ЖҮСІП,

Академик З.Қабдоловтың шәкірті, филология ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университетінің профессоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз