ҚҰРБАН АЙТ – ізгілік бастауы
Одан кейін Ибраһим Халиолла заманында түс көреді. Оның түсіне құрбандыққа өз баласын шалып жатқан сәт енеді. Ол түс тектен-тек енбеген еді. Өйткені, Ибраһим Халиолланың заманында адамдардың барлығы пұтқа табынды. «Ей, адамдар, сөйлегенде сөзіңді тыңдай алмайтын, құрбаныңа жауап бере алмайтын тасқа сыйынбай, бүкіл әлемді жаратқан Аллаға неге сыйынбайсыңдар?» деген аманатын Ибраһим адамдарға осы заманда жеткізген еді. Ол кезде адамдар малын пұттың қасына әкеліп, соятын болды. Енді біреулері «біздің иемізге сендерден де мен жақынмын» деп, өз баласын құрбандыққа шалып, үлкен адасушылыққа, күпірлікке ұрынып жатты.
Бірде Ибраһим бір адамның тастың қасына өз баласын әкеліп, әлгі пұттың атын атап, оны құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Сол кезде Ибраһим «ешқандай жаны жоқ жаратылыстың ішінде жаратылған адамды шебер дегенше, Алланы шебер десейші, Аллаға арнап құрбан шалмайсың ба? Малдан құрбан шалмайсың ба? Адамнан құрбан шалмайды ғой» дейді. Сонда пұтқа табынушы «ей, Ибраһим, егер сен өзің сыйынып жатқан Аллаңа өз балаңды құрбандыққа шалуға бұйырса, шалар ма едің?» деп сұрайды. Сонда Ибраһим «сөзсіз өзімнің Исмаилымды құрбандыққа шалуға дайынмын» деп жауап береді. Осылайша сол түні ол өз баласын құрбандыққа шалып жатқан түс көреді. Сол түсті екі күн қатарынан қайталап көргеннен соң, үшінші күні көрген түсін ұлына айтады. Оны естіген ұлы «егер Алла тағала сізге өз балаңызды құрбандыққа шалуға бұйырған болса, онда мен дайынмын» дейді. Бірақ, Алланың әмірімен құрбандыққа көк қошқар шалынады.
Жалпы, мұсылмандарда екі мейрам бар. Бірі Ораза айт, екіншісі Құрбан айт десек, Құрбан шалу жалпы сүннет емес. Құрбан шалу – уәжіп. Егер адам жағдайы келіп тұрып құрбан шалмаса, онда ол оның мойнында уәжіп болып қала береді. Сондықтан, жағдайы бар, Аллаға шүкір, несібесі мол шаңырақтар болса, олардың құрбан шалғаны дұрыс. Әрі ол үлкен сауап болады.
Ислам шариғатында төрт түлік малдан құрбан шалынады. Олар — қой, ешкі, сиыр және түйе. Басқа түлік құрбандыққа жарамайды. Яғни, қой мен ешкі бір жастан асуы керек, сиырдың екі жастан асуы шарт. Ал, түйе бес жастан асуы қажет. Бірақ, алты ай, сегіз ай болған қойдың ірілігі бір жастағы қоймен тең болса, онда мұндай мал құрбандыққа жарайды. Бір ескерерлігі, құрбан шалатын малдың дені сау болуы керек. Яғни, құлағы жоқ, ақсақ немесе қотыр малдан құрбан шалынбайды. Осындайда кей адамдар «құлағында ені бар немесе сырғасы бар малды құрбандыққа шалуға болады ма?» деп сұрап жатады. Ондай малдар құрбандыққа жарайды. Тек туылғаннан ауру мал жарамайды.
Екіншіден, құрбандыққа алып бара жатқан малды балағаттап, ұрып-соғып, қинауға тыйым салынады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с) бір сахабаның құрбандыққа шалынатын малды құлағынан сүйреп алып бара жатқанын көреді. Сол кезде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) одан «сен не істеп жатырсың?» деп сұрайды. Сахаба «мен құрбан шалайын деп жатырмын» деп жауап береді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «құрбандықты шалу ол — Аллаға жақындықтың белгісі. Ал, сен Аллаға жақындау үшін оны ұрыс-керіспен емес, мейірімділік танытып құрбан шал» деп айтады.
Үшінші бір шарты, құрбандықты таза жерге шалу қажет. Төртінші шарты, малды қинамай, пышақты өткір етіп қайрау қажет. Бірақ, пышақ малдың көзінше қайралмайды. Және бір маңызды сәт, малды бауыздар кезде «Иә, Аллаһым, мына құрбандықты бір өзіңнің разылығың үшін шалдым» деп іштей дұға ету міндет. Бірақ, бауыздалған сәтте бойындағы жаны шықпай тұрып, малдың басын кесіп алуға немесе терісін сыпырып салуға тыйым салынады. Осы жерде бір ескерерлігі, Айттың алғашқы үш күні құрбан шалынады. Бірақ, төртінші күні құрбандық шалынбайды. Бастысы, адам құрбандықты мейіріммен шалып, оны мұқтаж жандарға таратып берсе, үлкен сауап іс атқарады.
Жалпы, құрбан шалу мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Өйткені, Алла оның ешбірін пайдаланбайды. Бұл жерде бастысы – біздің Аллаға деген сүйіспеншілігіміз. Осы жерде тағы бір мәселе, малы бар адам құрбандық шала алады. Наны бар адам садақа бере алады. Бірақ, кез келген адам бір-біріне шын ықыласпен мейірім төге алмайды. Сондықтан, бір кездері пендешілікпен бір-бірімізді ренжіткен болсақ, кешірім сұрағанымыз дұрыс. Және де құрбан шалған адамға «құрбандығыңызды Алла қабыл етсін» деп шын ниетпен айтудың өзі үлкен садақа екендігін ескергеніміз жөн. Сондықтан, құрбандық шалуға жағдайы болмаған адам жақсы мінезбен, жақсы ниетпен, жақсы тілекпен жүрсе, осының өзі үлкен сауапты іс болады.
Құрбан шалған адам. Бұл туралы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) айтады: егер бір адам «Бисмиллаһир рахмани рахим, Аллаһу әкбар» деп құрбан шалатын болса, ең алғашқы қан тамшысы жерге түскен сәттен бастап, ол адамның жасаған күнәлары кешіріледі. Екінші бір риуаятта, егер кімде-кім құрбан шалатын болса, әрбір аққан қан тамшысынан періште жаратылып, сол құрбан шалған әулеттің амандығын, тыныштығын тілеп отыратындығы айтылады. Және де адамның құрбан малға барған әр қадамының өзіне сауап жазылады. Қараңызшы, Алла бізге қанша нығметті нәсіп еткен? Ендеше, жүректеріңізде қандай да бір арман, тілек болса, Алла сол мақсаттарыңызға жетуді нәсіп еткей! Құрбан айт қабыл болсын, ардақты ағайын!
Ізгі ниетпен, Амантай САДИЕВ,
облыстық «Иманғали»
мешітінің бас имамы,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының өкіл имамы.