РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВ, ЖАЗУШЫ, ДРАМАТУРГ: «ҚАЗЫНА» – ТАРИХИ ОҚИҒАҒА ҚҰРЫЛҒАН ФИЛЬМ»
— Ең алдымен кино туралы айтып берсеңіз? Сценарий қайда, қалай және қашан жазылды?
— Бұл – тарихи оқиға желісіне құрылған кино. Кезінде Оразмұхамбет деген геолог ғалым болды. Өзі Маңғыстау өңірінің тумасы. Патшалы Ресей кезінде оқу бітірген өте зиялы үлкен тұлға болған екен.
1928-1930 жылдардағы конфискация кезінде қудалауға түскен ғалым жинаған бірер сандық кітабын, аз-мұз мүлкін Маңғыстау тауларына жасырады да, Ауғанстанға өтіп кетеді. Әрі қарайғы тағдыры белгісіз. Тек, деректер Оразмұхамбеттің жат жерде қайтыс болғанын айтады.
Кинодағы оқиғалар желісі атасының жасырған қазынасын Ақтауға іздеп келген немере сапары арқылы дамиды. Қолында атасының берген картасы бар. Онда жасырылған қазынаның нақты орналасқан жері көрсетіледі. Осыдан кейін шым-шытырық оқиғалар басталады. Әрі қарай киноны халықтың өзі көріп, баға бергені дұрыс деп ойлаймын.
— Туындының ерекшелігі неде? Және ол қайда түсірілді?
— Кино тарихи оқиғаларға құрылған шынайылығымен құнды деп ойлаймын. Кинодағы оқиғаларға Қазақстаннан бөлек Түркіменстан, Ауғанстан және Ресей елдері қатысады. Онда сонау Кеңес Үкіметі жылдарындағы жаппай конфискация да, амалдың жоқтығынан шетелге үдере көшу кезеңі де, Ауғанстандағы соғыс та, есірткі бизнесі де, мафия да бар.
Кино негізінен Маңғыстау жерінде түсірілді. Белгілі бір оқиғалар Шетпе жерінде, Бекет атадан шыққандағы таулар маңында, Қаражанбас жолында және теңіз бетінде түсірілді.
Ауғанстандағы соғыс та көрініс табады деп айттым ғой. Сол оқиғаларды түсіру үшін ауған еліне барудың қажеті болмай қалды. Маңғыстау жерінен бір малды ауылды тауып алып, жасақтап кеп жібергенімізде ауғандықтардың қыстағына айналып шыға келді. Қару-жарақ, әскери техникаларды әкеліп, халықты гримдеп, киіндіріп қойғанымызда, сол кездегі тарихи жағдай картинасы қалыптасты.
Ескерте кетерлігі, біз Түркіменстанның атын Шахристан деп алдық. Өйткені, түркімен жерін есірткі тасымалының жолы ретінде пайдаландық. Кинодағы оқиғалардың көбі сонда түсіріледі. Түркіменстан бейтарап ел болғандықтан, сыртқы саясатқа кері әсерімізді тигізбеу үшін, мемлекеттің атауын өзгертуімізге тура келді.
— Сөз арасында «кино асығыстау түсірілді» деп айтып қалдыңыз…
— Иә, кино біз ойлаған мерзімнен өте кеш түсірілді. Оған ресейлік әріптестеріміз себеп болды. Атақты «Диверсант» фильмінің режиссері Андрей Малюков пен осы киноның сценаристерінің бірі Андрей Житков «Қазынаны» түсіруге қатысуды ойлап, бес айға жуық уақытты созып жіберді. Сөйтіп, киноны үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап түсіруге ұсыныс берді.
«Қазына» Мәдениет және спорт министрлігі бөлген қаржыға түсірілетіндіктен, біз уақыт соза алмадық. Қаржы уақытылы игерілмесе, оның бюджетке қайтарылатыны белгілі. Бірақ, әртістеріміз көңілден шықты. Әрқайсысы рөлде жанын салып ойнады. Өйткені, олар жоғары деңгейдегі іріктеуден өтті. Жалпы, кино бас-аяғы алты айдың ішінде түсіріліп бітті.
— Басты рөлдерді кімдер сомдады? Тарихи оқиғаларға құрылған кино деп айтып отырсыз, әскери техникамен, қажетті жабдықтармен кімдер қамтамасыз етті?
— 16 сериядан тұратын телехикая Әнуар Сүлеевтің режиссерлығымен түсірілді. Басты рөлдерде Ерік Жолжақсынов пен Мақпал Исабекова ойнады. Жалпы, кастингке көп әртіс қатысты.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қорғаныс министрлігіне алғыс айтқым келеді. Түсіру алаңын танк, өзге де әскери техникадан бастап, қару-жарақ, жауынгерлер киіміне дейін қамтамасыз етті. Ішкі істер министрлігі түсірілімді Ақтаудың ішкі істер департаментінің ғимаратымен, қызметкерлер формасымен қамтыды. Маңғыстаудың облыстық әкімдігі, жекелеген азаматтар да атсалысты.
— Сіз алдымен жазушы, драматургсыз. Драмалық шығарма жазу мен кино сценарийін жазудың арасында қандай айырмашылық бар екен?
— Әңгіме, повесть жазсам оны ешкімнің қозғай алмайтынына нық сенімді боламын ғой. Ал, киноның айырмашылығы өте көп. Кейде режиссер өз ойына қарай сценарийді бұрмалап отырады. 16 сериялы киноға 800-900 бет сценарий жазылды. Ол жетпеді. Кино сөздерді «жұтып» кетеді екен. Содан режиссерға сценарийді толықтыратын уақытымның жоқтығын айттым. Келісім бойынша тағы екі жігіт бес-он парақтай сөз қосып, сценарийді толықтырды.
Алғашқы 6-8 серия шашыраңқы болып көрінуі мүмкін. Бұл бастапқыда оқиғаны жинақтау үшін жасалған қадам. Кейінгі сериалдарда оқиға дамиды. Сан түрлі шытырман жағдайлар орын алады. Бұл отандық кино тарихында экшн жанрында түсірілген тұңғыш көп сериялы фильм болып отыр. Алға қарай киноны шетелдерге прокатқа беру көзделуде.
Әңгімелескен
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.