Мұнайлы өңірдің мүмкіндігі мол

Screenshot 2 4 Қоғам

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Мақат ауданының әкімі Жұмабай Қарағаев өңірдің биылғы жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы хабарлама жасады.

Screenshot_2

Он бір айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 66 млрд. 604 млн.теңгені құрап,  былтырғыдан 38, нақты көлем индексі 100,2 пайызға өсті. Барлығы 423,6 мың тонна мұнай және 24,8 млн. текше метр ілеспе газ өндіріліп, өнім көлемінің өсімі 30 пайызға жуықтады. Аудан аумағы арқылы өтетін болат  жолдың бойымен жалпы көлемі 10 млрд. 450 млн. теңгенің жүгі тасымалданып, бұл көрсеткіш  6,5 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі  9514,0 млн. теңгені құрап, 42 пайызға көбейген.

Аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1350-ден асты. Жаңадан алты кәсіпкерлік нысаны іске қосылып, 12 адам тұрақты жұмысқа тартылған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 27  адамға 158 млн. 200 мың теңге сомасында жеңілдетілген несие берілген. Ал, «Сыбаға» бағдарламасымен бір және «Құлан» бағдарламасына қатысқан екі кәсіпкер өз істерін ашып, шаруашылығын жүргізу үшін мүйізді ірі қара мен жылқы малын сатып алған.

Шаруа қожалықтарының саны 22-ге жетіп, олардың басым бөлігі атакәсіпке бет бұрған. Осы шаруашылықтардың бағымындағы мал саны 6285-ті құрайды. Мүйізді ірі қараның өзі 1500-ге жуықтап, 3 пайызға өсім байқалса, қой-ешкі 3200-ден асып, 4,5 пайызға көбейді. Ал, жылқы 1 095-ке және түйе 490-ға жетіп, тиісінше өсімі 9,2-14,2 пайызды құраған.

Осы кезеңде мұнайлы өңірде жүргізілген құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 2 млрд. 245 млн. теңгені, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 26 мың 320 шаршы метрді құрап отыр. Іске қосылған тұрғын жайдың тең жартысынан астамы тұрғындардың жеке қаражаты есебінен салынған. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекеме қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешу мақсатында Доссор кентінен 3 қабатты 60 пәтерлік бір үй салынып, пайдалануға берілді.  Енді аудан орталығынан да осындай жайлы баспана тұрғызу жоспарланған.

Жыл басынан бері 1650-ге тарта жаңа жұмыс орны ашылып, 1360-тан астам адам жұмысқа орналасқан. Кәсіби дайындық, біліктілігін көтеру және қайта даярлау курстарына 275 адам жіберілсе, 52 жұмыссыз азамат әлеуметтік жұмыс орнымен қамтылған. Сонымен қатар, «Жастар тәжірибесі» жобасымен 100-ге жуық жас  жұмысқа орналасты. Дипломмен ауылға келген 8 жас маманға (негізінен мұғалімдер мен дәрігерлер) әлеуметтік қолдау көрсетіліп, баспаналы болуына  несие беріліпті.

 

Дәулетқали Аруев

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз