РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВ, ЖАЗУШЫ, ДРАМАТУРГ: «БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМА ОЙША ЖИІ ОРАЛАМЫН»
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Жылы: Мешін
Жұлдызы: Таразы
Жазушысы: Ә.Нұрпейісов, Ш.Айтматов, Л.Толстой
Күйшісі: Құрманғазы, Дина
Әншісі: Амангелді Сембин
Актері: Богдан Ступко
Тағамы: Ет
Сусыны: Шәй
Сүйікті ісі: Кітап оқу
Өмірлік ұстанымы: Таспен соққанды баспен соқпау
Атақ-марапаты: ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің және Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың иегері, Атырау қаласының Құрметті азаматы.
Рахымжан – интелектуальды қазақ прозасының ХХI ғасырдағы озық өкілі.
Шыңғыс АЙТМАТОВ.
Рахымжанның әр жазғаны жүрекке жабар шындық.
Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ.
Рахымжанның әр сөйлемінің өзі сұңқардай самғап тұрады.
Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ.
Рахымжанның шығармаларында қаншама кейіпкер болса – соншама қайталанбас ғажайып образ бар.
Дулат ИСАБЕКОВ.
Қазақ әдебиетінде Мүсіреповтің жолын жалғастырған бірден-бір жазушы – Рахымжан Отарбаев.
Смағұл ЕЛУБАЕВ.
Рахымжан, дархан дарыным,
Атыраудай ерке арыным.
Бірге өткен асау жылдарда,
Рухыңның күшін таныдым.
Мұхтар ШАХАНОВ.
Әттең, уақытынан кеш туды ғой ол. Әйтпесе, қолына қалам емес, найза ұстап, астына ақбоз ат мініп майданда жүрер еді…
Қуандық ТҮМЕНБАЕВ.
АНАМНЫҢ ТҮР-ӘЛПЕТІ ЕМІС-ЕМІС ЕСІМДЕ
— Рахымжан аға, «Ағып бара жатқан уақыт, қалып бара жатқан бақыт…» деп өзіңіз жазғандай, жылжыған жылдарымыз әудем жерге ұзаған сайын кешегі қозы күнің де мәңгілік сағынышқа айналады. Сіздің патша көңіліңізде ескірмес естелік болып қалған бала Рахымжан қандай еді?
— Арманшыл еді. Жер ортасынан астық. Алланың көмегімен ағалық жасқа жеттік. Әсіресе қиналған кезімде балалық шағыма ойша жиі ораламын. Көңілсіздеу болса да. Естелік еміп жұбанамын.
Туған топырақ – қазіргі Атырау облысы, Қанішкен өңірі. Жұмекен (Нәжімеденов – авт.) ағаның «Кімнің қанын ішіп едің Қанішкен» деп жырлайтыны. Ганюшкин деген орыс ныспысының қазақшаланған түрі шығар.
Әкем Қасымғали бір қауым елдің ұйытқысы еді. Аталарымыз байдың тұқымы деп тәркіленіп Қалмақ қыры, Дағыстан елінде жүргенде көп оқи алмай қалған. Өмір бойы мал бақты. Анам Шәмсия Дәулетқызы аса көрікті, ақыл-есті кісі болыпты. Бекежан деген інім, Райса деген қарындасым жастай шетінеді. Ал, анам су білмейтін қырдың қызы ғой, 26 жасында өзен тасығанда суға кеткен. Сөйтіп мен бес жасымда жетім қалғанмын. Анамның түр-әлпеті еміс-еміс есімде. Су астындағы бейне сияқты бірде анық, бірде көмескі.
2005 жылы ауылда анама арнап ас бердім. Біздің өңірде көктемде Каспий теңізінің суы қатты тасиды. Сай-сала, жалпақ жонға дейін тегіс жайылады. Астың алдында анамның зиратына жаңа құлпытас жасатып алып келе жаттық. Екі жарым шақырымға созылған суды моторлы қайықпен кешіп өттік. Айнала сыңсыған қамыс, қоға, арасы толы үйрек, қасқалдақ. Балық шоршып ойнайды. Осы көрініске көз салып отырып: — Шіркін, біздің ауылдың шалқыған суын қарашы, керемет қой, — деппін. Сонда жұбайым Сәуленің: — Шешеңді жұтқан судың несін мақтап отырсың,- деп тойтарғаны бар…
— Бала күніңізде нағашы жұртыңызбен араласып тұрдыңыз ба?
— Үйленбей жастай Баймұрат нағашым қайтыс болған соң, сол Құрманғазы ауданындағы Ортақыр деген қырда нағашы әжем – Ұлжан шешем жалғыз үй болып отырды. Өзі де, малы да құдықтан су ішеді. Маңында ел жоқ. Айналасының бәрі құм, шағыл. Анам қайтыс болған соң әкем қолына көшіріп алғысы келген, көшпеді. Дәулет атамның шаңырағын жыққысы келмеген шығар… Сол нағашы шешеме үшінші сыныпты бітірген жазда түйеге мініп алма апарып бердім. Кейін бір айдан соң-ау деймін, барсам әлгі алманы бөліп-бөліп тұздап қойыпты. Жаз айы ғой, шіріп кетпесін, келесі келгенде өзі жер деп. Көрмеген таңсық дүниесі…
— Бес жасар сәбидің ана мейірімін аңсаған күндері көп болған шығар. Кімнің бауырында өстіңіз?
— Әжем Гүлбағиланың бауырында өстім. Кішкентай кезімде бір немере ағайдың үйіне қыдырып барған едік. Он баласы бар. Бірі кешқұрым мал қоралап, екіншісі шәй жасап, үшіншісі су салып есік алдын сыпырып, екеу-үшеуі жамылғы көрпеге таласып, екі-үшеуі горшокта, горшок жетпегені жерге отырып у да шу боп жатқаны. Тура құс базары дерсің. Қызығып қараймын. Сосын әжеме: — Бұлар көп, мен неге жалғызбын, — деп мұңаятын болсам керек. Сонда әжем жарықтық: — Бұлар көп те болса шөп қой. Жалғыздың жары Құдай деген, бәрінен түбі сен озасың,- деп еді… Сол шағылдары шыққан күнмен сары алтындай балқитын иен дала. Жалғыз үй. Бірге ойнайтын баланың жоқтығы, әрі жастай жабысқан мұң мені қияли ғып жіберді-ау, деймін. Қозы-лақ, қой қайырып жүргенмен ойым өзге әлемде, оңаша аралда өмір сүріп жататын. Тіпті басы бүтін десе де болғандай. Кейін ойласам қорқынышты. Сол қиялмен жасаған аралдардан қайтпай қалуым да мүмкін еді ғой. Өйткені, мен онда өзім басшы, өзім би болатынмын. Қарауымда көп бала бар еді… Мүмкін, мені жалғыздықтан құтқарған да солар шығар. Сол ойша қиял қуу, өз-өзіме күбірлеп сөйлеу, шалықтап күлу әлі күнге жалғасып келеді. «Жазушы болу үшін талантпен қоса бақытсыз балалық керек» — деген Хемингуэй сөзінің жаны бар-ау деймін.
ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ӘКЕМНІҢ СОЛ ДАУСЫНАН ШОШЫП ОЯНАМЫН
— Ұл бала әкеге жақын өседі ғой. Жүрек төрінен орын алған әке бейнесін қалайша еске аласыз?
— Қайран әкем… Сен де менің мәңгілік сағынышыма айналдың-ау… Әкелі-балалы боп бірге жүрген сонау балдырған шағымнан бір естелік айтып берейін: Тамыздың соңғы күндері еді. 2-сыныпқа оқуға келе жаттым. Қасымда – әкем. Ол – аттылы. Ал, мен шудасы желкілдеген бураға мінгенмін. Беталысымыз — теңіз тамағындағы Приморье ауылы. Сонда тұратын Халел ағаның үйіне жатып оқушы едім. Қанішкеннің сыртындағы Көкқұтан өткелінен өткен соң бура жүргісі келмей тартынып қалып, мұрындығы шығып кетті. Бұйдасы әкемнің қолында қалды. Босанған тентек бура ал, кеп қашсын. Әкем сасып «Рахымжан, қорықпа. Қазір ұстаймын, қорықпа» деп жанамалап шапсын. Екі өркештің ортасында мойным қылқиып қаршығадай боп кете бардым. Қорыққан да, жылаған да шығармын. Көп кешікпей бураны ұстады-ау. Әлі күнге дейін әкемнің сол даусынан шошып оянамын. Қазір де заман атты бұйдасыз тентек бураның үстінде кетіп бара жатырмын ғой. Беталыс белгісіз. Ондай қамқор дауыс та естілмейді.
— Жігіт болуға асыққан бозбала шағыңызда сыныптас бұрымды қыздың есімін терезенің жақтауына ойып жазған шығарсыз… Алғашқы махаббат хикаясын қалай бастан өткердіңіз?
— «Жүз қызға ғашық болдым мен» деген Расул ағам. Балалық шақта, желкілдеген жігіт кезде әдемі қыздарға қызыққан да шығармыз. Құмартқан болармыз. Бұйырмаған ас екен. Атын атап, түсін түстеп қайтеміз. Алды әже болған шығар. Қызды біреу табады, қызығын біреу көреді. Жалғыз ұлым Ермерейге: – Жүз қызбен жүр, жүз біріншіге үйлен, — деп айтатыным бар. «Ақылының түрін. Өзің сондай болғансың»,- деп шешесі ойбайлайды. Қайтейін… Өзің жетпегенге балаң жетсе екен деп тұрасың ғой.
— Жастықпен жасаған қателіктің бәрі кешірімді. Қай жасыңызда жігіттіктің жейдесін шешіп, кісіліктің киімін кидіңіз?
— Таратып айтсам ол кезде арманым көп те, ақыл аз еді. Қазір ғой, ақылдың көбейіп, арманның азайғаны. Жастықтың өзі – жарты мас. Көңілдің көк дөнені бізді қай қияға салмады дейсің. Соның бәрінен аман шыққаныма бүгінде таң қаламын. Майданы, сайраны, ойраны – бәрі-бәрі ғазиз бастан өтті ғой… Жас кезде ұрыншақтау болдым-ау деймін. Біреулер: «Апыр-ай, бала кезіңде қатты тентек едің. Итке шана жегіп жүретінсің. Рогаткамен атып, мұғалімдерге күн бермейтінсің. Сабақ сұрамасын деп мектеп журналына өзіңе төрт пен бесті қаптатып қойып алатынсың» — деп айтады.
Приморьеде алтыншы сыныпта оқып жүргенде досым Юрий Ким екеуміз түн ішінде бір орыс баласының велигін ұрлап едік. Әлі күнге ұяламын. Ұят адамды өмір бойы қуалайды екен. Балалық шалдуарлық қой бәрі. Орта мектепті бітірген соң, Орал қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түстік. Студент атандық. Кісі бола қоймағанмен сол кезден бастап алға ұмтылып бақтық қой.
— Қаламгер болу әу бастағы көңіліңіздің қалауы ма еді?
— Атырау облысы Құрманғазы ауданының Приморье ауылындағы Ю.А.Гагарин атындағы орта мектептің сегізінші сыныбында оқып жүргенімде Сәбит Мұқановтың 16 томдық қалың-қалың көк жолақ кітабы жарық көрді. «Менің мектептерімнен» бастап түгел оқып тауыстым. Керемет әсерлендім. Алдымнан ақтабан жол шыққандай, сәуірдің шипа самалы ескендей күй кештім. Сол сәттен бастап жазушы болсам деген ой көкейіме мықтап орныққан. Қазірде көп насихаты жоқ осы нағыз халықтық қаламгерге деген құрметім шексіз. Мынау алды – сағым, арты сағыныш тірлікте басыма сана, тіліме бояу берген Алла болса, қолыма қалам ұстатқан сол алып тұлға деп білемін. Еліктеу еріккеннің ермегі емес екен.
— Жас кезде әдемі өлеңдер жазыпсыз. Неге тастап кеттіңіз?
— Себебі қызық. Айтайын. 1982 жылы «Жалын» журналында «Киіктер» деген өлеңім басылсын.
Тағыға әсте балама,
Жанары қандай тұп-тұнық.
…Алдыңды туған далада,
Кестірмей жүрсең мықтылық! — деген жолдар бар. Журналдың бас редакторы – Тұманбай Молдағалиев. Поэзия бөлімінің меңгерушісі – Жұматай Жақыпбаев. Өлең шыққан бетте біреулер жоғарыға арыз айдапты. Жоғары болғанда ҚКП Орталық Комитетінің хатшысы Саттар Имашевқа! Идеологияға жауапты сол кісі еді. Айқай көтерілді. Тұмағаңды «Мынау алдыңды орысқа кестірме деген сөз. Киік те жай киік емес. Ұлтшылдықтың иісі аңқып тұр. Саяси сауатың кем», — деп Имашев қысады. Тұмаға түсініктеме жазып әрең құтылады. Келе Жұматайға «Ана пәлені енді жолатпа. Шатылып кетуге шақ қалдық», — деп тапсырма береді. Сөйтіп, өзім құрметтейтін екі ағамның амандығын ойлап өлеңді тастап кеткем. Әдірем қалсын!
БҰЛ ҚАЗАҚҚА МАХАМБЕТТІҢ АТАҚ-ДАҢҚЫ КЕРЕК, АЛ, БАСЫ ҚАЖЕТ ЕМЕС…
— Аға, сіз кезінде Исатай мен Махамбет туралы роман жазып, артынша қолжазбаңызды өртеп жіберіпсіз. «Бас» деп аталатын драмаңызды Махамбеттің өлмес рухына арнасаңыз да, қос батыр туралы салмақты дүние жазу сіздің қаламыңызға сұранып тұрған секілді…
— Оның өзіндік сыры бар. Жас кезде жазған роман ғой. Кеңес дәуірі. Социалистік реализмнің даңғылына түсіп кетіппін. Исатай мен Махамбет ұлттық батыр ғой. Ал, Жәңгірді надан, иіс алмас ит-шошқа деппін. Фатима тоташты көрсеқызар, ақылынан тақымы жүйрік біреу деппін. Тұқым-жұрағатының бәрі қанаушы, қаскөй деппін… Кейін мұрағатқа кірейін… Ескі қолжазбаларды қазайын. Өткен дәуірдің шаңын жұтайын. Қайран қалдым. Бақсам, солай деп жазған жазушы ағаларым да, мына мен де надан екенмін. Әбілқайырдың қазаққа сіңірген еңбегін айтпай-ақ қояйық. Нұралының жер аударылып, Уфада өлгенін айтпай-ақ қояйық. Бөкейдің өзі халыққа ұлы жақсылық жасаған бекзада екен. 1771 жылы қалмақ үдере көшкен соң бос қалған Еділ-Жайық екі өзеннің ортасын 1801 жылы 11 наурызда Павел Бірінші патшадан иелігіне сұрап алмаса, бұл өңір орыс меншігінде қалып қоятын еді. Еділден айырылғанымыз өз алдына, Жайықтан да көз жазып қалар едік… Баласы Жәңгір жәдігер ше? Жастайынан Астрахань генерал-губернаторы Андреевскийдің үйінде жатып білім алыпты. Орыс, неміс, француз, парсы тілін еркін меңгеріпті. Қазан университетінің қамқоршысы, әрі құрметті профессоры боп сайланыпты. Ауық-ауық студенттерге лекция оқыпты. Кіші жүз шежіресін жазыпты. 1841 жылы Ордадан қазақ даласында тұңғыш рет жан-жақты білім беретін мектеп ашыпты. Өз қаржысына бала оқытыпты. Озықтарын Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург, Прага қалаларына оқуға аттандырыпты. П.П.Семенов-Тянь-Шанский жетекшілік ететін Санкт-Петербург ботаника бағының Ордадан бөлімшесін ашыпты. Қарағайдан бастап алуан түрлі бау-бақша, көшеттер отырғызыпты. Пошта жүйесін іске қосыпты. Казначейство ашыпты. Дәріхана салыпты. Ресейден білімді дәрігерлер алдырып, шешек, қызылша сынды жұқпалы ауруларға қарсы халықты ектіріпті… Фатима тоташ қыздардың сауат ашу мектебін құрыпты, қолөнер, би үйірмелерін ұйымдастырыпты… Бұлардың ұлы, қазақтан шыққан тұңғыш генерал-лейтенант Ғұбайдолла болса Александр Бірінші ағзамның тұсында Балқан соғысының батыры атаныпты. Ресей империясының байланыс министрі дәрежесіне көтеріліпті. Аты-жөні Суворов, Кутузовтармен қатар Кремльдің Георгиевский залында алтын әріптермен жазылыпты… Осының бәрі Еділ-Жайық екі өзеннің арасында ереуілдеткен екі тентек ағамның еңбегіне тати ма, жоқ па? Татығанда қандай! Ал, мен оны тағы да «Хан емессің, қасқырсың» деппін. Обал-сауапты ұмытыппын. Тоңмойын жазғышқа айналыппын. Ал, Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде «Хандардың ішіндегі ең прогрессивтік хан – Жәңгір хан» деп баға берген. Осыдан кейін қолжазбаңды өртемей көр! Сол өзім ғайбат айтқан аруақтардың алдында боз бие сойып кешірім өтінсем де артықтық етпес. Жазылғанына он жыл болып республикалық конкурста екінші орын алса да ешбір театр қоюға тәуекел етпеген «Бас» деген пьесам бар. Махамбетке арнаған. Режиссерлер оқып көреді де, осының ішінде бір пәле бар, магиялық күшке ие деп қашып шығады. Өзім де таңмын. Осы аттас романымды аяқтадым. Оның ішінде тірі Махамбет жоқ. Айқай соғыс жоқ. Бүгінгі күннің пенделік тірлігі суреттеледі.
Оқиға былайша өрбиді: Махамбеттің сүйегін Қаройдан кезінде антрополог Ноэль Шаяхметов қазып алған. Бас сүйегіне қарап мүсінін жасаған. Хош. Сосын Мәскеуге көшетін боп, «Махамбеттің бас сүйегін алып қалыңдар» деп талай құзырлы мекемелерді жағалаған. Бәрі де ат-тонын ала қашқан. Демек, бұ қазаққа Махамбеттің ақындығы, атақ-даңқы керек. Күйі керек. Ал, бас сүйегі қажет емес. Солай ғой. Сөйтіп бас жоғалды. Өзге сүйегі бөлек жатқан, ол да жоғалды. Екеуі екі жертөледен бөлек-бөлек 14 жылдан соң табылды. Міне, біздің ұлы тұлғаға деген құрметіміздің түрі. Осыдан соң тәуекел етіп бұ қазаққа сеніп өліп көр.
— Сізді драматург ретінде де жақсы білеміз. Осыдан 13 жыл бұрын жазылған «Бейбарыс сұлтан» атты тарихи драмаңыз М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында, сондай-ақ орыс театрларында да жиі сахналанып жүр. Бұл шығармаңызға қалам тартқан кезіңізде алдыңыздан араб әлемінің де есігі айқара ашылған шығар.
— «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасын жазып болған соң Египетке жолым түскен. Каир мен Александрия қалаларын емін-еркін араладым. Атақты Ніл өзені бойымен саяхат құрдым. Осы екі ұлы шаһардың кітапхана қорымен жете таныстым. Бейбарыс жайлы жазылған үш мың беттік еңбек бар екен. Осы ұлы сұлтан салдырған әл-Асхар университетінде болдым. 240 мың студент дәріс алады. Мешіті қайта салыну үстінде екен. Бір қызыл кірпішін қалап алып, ауылға алып келдім. Сегіз ғасыр өтсе де міні құрымапты. Александрияда болғанымызда Жерорта теңізіне ентелете салынған шеркеш Қайтпай сұлтанның қамалын тамашалау сәті түсті. Ал, Каирдың «Өлі қаласында» 120 шеркеш пен беріш руынан шыққан сұлтандар әулеті жатыр. Есімдері Ақтай, Қоңқабай, Тұманбай, Ақсұңқар, Қарасұңқар, ағайынды Қорықпас пен Қашпас… Өзіміз ғой. Әттең, жоқтаушысы жоқ. Астанадағы М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры осыдан бес жыл бұрын бұл тарихи драманы көрермендерге ұсынған. Әлі жүріп жатыр. Екі жыл бұрын арнайы шақырумен Венгрияда гастрольдік сапарда болып қайтты. Сол елдің Мемлекеттік хатшысы қабылдап, Мәдениет министрі мен біздің елшілік үлкен жәрдем көрсеткен. Қан тартады ғой, спектакль соңында мадиярлар жылап әртістерді жібермей тұрып алған. Египеттің ірі баспасы үлкен бір томдығымды араб тіліне аударып шығарған. «Мысырда шығармасы басылған алғашқы қазақ жазушысы боласыз» дескен. «Бейбарыс сұлтанды» араб тіліне тәржімалаған. Каир сахнасына шығарамыз десіп қам жасасқан. Бірақ, елде көтеріліс, аласапыран басталып кетті де, бәрі жайына қалды.
ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВ ЖАЙЛЫ БІРАЗ ҚҰПИЯ СЫРДЫҢ КУӘСІМІН
— Сіз кезінде Шыңғыс Айтматовтың сыйлас інісі атандыңыз…
— Иә. Мұхтар аға Шахановтың дәнекерлігімен. Шыңғыс аға жайлы біраз құпия сырдың куәсімін. Егер оқырмандарды қызықтырса, айтып беруге әзірмін. Бірақ, ол бөлек әңгіме! Нанасыздар ма, осы екі айтулы тұлғамен жақын сырлас, қызметтес болғаным үшін талай адамға жеккөрінішті де көріндім. Әлде олардан ала алмаған өшін менен алғысы келе ме екен?
— Республикалық «Ақ Жайық kz» журналын шығарып жатыр екенсіз. Бұл басылымның қандай өзіндік ерекшелігі бар?
— Қазақта шығып жатқан көп журналдың – бірі, әрі-бері емес! Үш ерекшелігін айтайын. Алдымен – ең қалың басылым. Келесісі – үздік роман, хикаят, өлең-поэма, әңгіме, көсем сөзге 2,5 млн. теңге сыйлық тіккен журнал. Соңғысы – барлық таралымы ұлтымыздың ұлы тұлғалары жайлы түсірілген деректі фильммен бірге жазылымға, сатылымға түседі. Әйтеуір, руханиятымызға пияз қабығандай болса да пайдасы тисе деген ой ғой.
— Адам бір терінің ішінде мың арып, мың семіреді. Сіз де пендесіз ғой, жеттім деп жығылған, толдым деп төгілген кезіңіз болды ма?
— Болды. Алладан жасырмағанды адамнан жасырып қайтемін. Өз-өзіме сұмдық көп жасадым. Шапағатты емес кесапатты. Қайсы бірін тізе берейін. Тек өзіме ғана емес, мына қоғамға да айтарым бар.
— Датыңыз болса, айтыңыз.
— Мәселен, осыдан жеті жыл бұрын Пекиннің ең үлкен баспасы ханзу тілінде менің екі том кітабымды жарыққа шығарды. «Қазақстан егемендік алғалы біздің тілімізге аударылып отырған алғашқы қазақ жазушысы – өзіңіз» десіп, той жасады. Пекин, Шанхай, Үрімшіде шығатын журналдары повесть, әңгімелерімді үсті-үстіне насихаттап жатты. Кейін Мәскеудің «Художественная литературасы» кітабымды қайта-қайта басты. Газет, журналдары әңгімелерімді дембіл-дембіл жариялаумен болды. Мен мұны мақтангершілік үшін айтып отырғаным жоқ. Сол тұста Пекин олимпиадасына қатысып, біреудің тұмсығын бұзып, медаль алғандарды еліміз аспанға көтеріп, әуелетіп қарсы алысты. Спорт – дене күші, бүгін бар, ертең сөнеді. Ал, менікі рухани қазына еді ғой. Және жеке басым үшін емес, осы елдің аз ба, көп пе атын шығардым емес пе? Пияз қабығындай болса да мерейін үстем еттім емес пе? Неге Мәдениет министрлігінің бір құйттай шенеунігі Алла разы болсын айтып, бір бет қағаз беруге жарамады?! Жарайды, қояйын, сөзімнің соңы келін – өкпе, кемпір – назға айналып барады.
— «Қызмет – қолдың кірі» деген сөзбен келісесіз бе?
— Ал, саясат – беттің кірі. Сол екеуінен де тазардым-ау, деймін.
— Сіздің Америкаға барған бір сапарыңызда тағып қайтқан «халықаралық дәрежедегі қауіпті адам» деген қоңырауыңыз бар. Өзіңіз туралы тағы қандай аңыз әңгімелерді жиі естисіз?
— Ол қоңырау әлсін-әлсін сыңғырлап қояды. Біреулер соның даусын сағынатын болса керек. Ешкімге өкпем де, өкінішім де жоқ. Өзім жайлы көп әңгімені құлағымның сыртынан жіберемін. Кейбіреулер азамат, батыл адам десе, екіншісі қырт дер. Жігіттер «Рахымжанның сөзіне қарасаң ертедегі билер сияқты, өзіне қарасаң кісі ататын киллер сияқты» — деп әзіл айтқан. Иә, біреулер шексіз жомарт, мейірбан десе өзгесі қатал, қатыгез деседі. Тіпті бай екен деп те аңыз естіп қаламын. Осының қай-қайсысында да аздаған шындық бар-ау деймін.
— Иә, сізді дәулетті деп естиміз? Рас шығар?
— Қатты бай болудан қорқамын. Ештеңеге таңырқамай, үміттенбей, қуанбай қалам ғой деп. Адам өмірін кішкентай-кішкентай қуаныштар құрайды. Қуанышыңды ұрлайтын байлық неге керек?!
— Рахымжан аға, сіз мәңгілік мекеніңізді бүгіннен қамдап қойыпсыз. Бұл да тірілердің ескермей жүрген бір ісі ме?
— Бәлкім. Ертеде аталарымыз баһи кешкенде киер кебіндік ақ матасын, сабын, иіс суын, қалампырын буып-түйіп қоятын болған. Бұл – өлім тілеу емес. Алланың шексіз құдіретін мойындау. Бас тігу. Менікі де сондай әрекеттің бірі де. Мәңгілік мекенді сайлап қойғанның несі айып? Күнделігімдегі әртүрлі көңіл-күйдің үстінде қағазға түскен жазбаларымды оқып берейін (кейіпкерім күнделігін қолға алды — авт.):
«… Ойын баласы едім. Тым ұзаққа кеткенімде кәрі әжем: – Келе ғой, құлыным. Мә, кәмпит жеші. Келе ғой, — деп дауыстап шақыратын. Ертеңгі күні ажал келіп (ол да кәрі ғой) әжемнің дауысымен алдап, тәтті ұсынып шақырар ма екен?!
… Өмір сүргім келмейді. Тап осы сәт Аллекем ақ мылтығын кезесе «атқан қолдан айналдым» дер едім.
… Түн еді. Жалғызбын. Аз-кем қорқыныш бар. Жыңғылдың қу бұтағын теріп от жақтым. Лаулап жанды. Жалыны тарам-тарам боп аспанға көтерілді. Биіктеген сайын басы сарғыш тартып, желмен билеп жығылады. Алыстан әлдекімдерді жанталасып шақырып жатқан қол сияқты». Осымен тоқтайын. Жалғастыра берсем тым ұзап кетерміз.
АЛ, ДҰШПАН ШЕ? ОЛ АЙНАЛАЙЫНДАРҒА ДА ҚАРЫЗДАРМЫН
— Күнделігіңіздегі жан сырыңызбен бөліскеніңізге рахмет! Енді жеке өміріңізге қатысты сұрақтарға кезек берейік. Отбасында қандай қожайынсыз? Сізге шәй құйып беру бақытына ие болған жеңгеміз туралы да айтар әсерлі әңгімеңіз бар шығар.
— Қателеспесем, әжептәуір қожайынмын-ау, деймін. Жеңгеңнің есімі – Сәуле. Мамандығы – журналист. Кереметтей ғашық болып қосылдық. Тіпті «Сені ҚазМУ-дегі он екі мың қыздың ішінен таңдап алдым» деп көтеріле сөйлейтінім бар. Қазір Атыраудағы алғашқы жекеменшік балабақшаның иесі.
— Қанша рет неке куәлігін алдыңыз?
— Тағдыр – мені, мен – тағдырды алдаған шығармын. Түбін қопарып қайтеміз.
— Балаларыңызға қаншалықты сыншысыз?
— Ұлымның есімі – Ермерей. Мәскеудің технологиялық институтының түлегі. Өлең жазатын еді, бизнестің сиқыры арбап жүр. Ол деген қызуы басылмайтын, қызығын қашырмайтын пәле ғой. Қызым Қаракөз түбі қаламымды ұстап қалар деген үміттемін. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетін бітірді. Әңгімелерін орыс тілінде жазады. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері. Алғашқы кітабы Мәскеудің жастар баспасынан шыға ма деп отырмыз. Француз, жапон әдебиетін жетік меңгерген. Ал, Жансая мен Айжамал – мектеп оқушылары. Бірі дәрігер, екіншісі дизайнер бола ма деп ойлаймын. Ең бастысы – амандығы. Үлкен шүкірлік сол.
— Нөсерлей жауған жаңбырда сенімді қолшатыр болған достарыңыз бар ма?
— Көбіміз дос пен жолдасты айыра алмай жатамыз. Жолдас жолда кездеседі, сол жолда айырылысады. Ал, дос – ақыреттік ұғым. Бірлі-жарым досым бар шығар. Ал, дұшпан ше? Ол айналайындарға да қарыздармын. Әйтпесе етек-жеңімді жинамай, ауа жайылып кетер ем…
— «Адам кейде гүлдейді елуінде» деп ақындар жырға қосқан Ер жасына дейінгі тындырған тірлігіңізге ризасыз ба? Алғы күннен не күтесіз?
— Не тындырып жарытты дейсің. Бар-жоғы төрт-бес том кітап, он бес пьеса жазыппын. Алғы күндерден не күтем?.. Тар маңдайға тағдыр жазуы сыймайды екен. Оқи алмадым, қарындасым.
Сұхбаттасқан
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.
Әкім ТАРАЗИ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Кестелі ой, көркем сөз
— Мен Рахымжанды өте жақсы көремін. Ең алдымен, оның қыз қылығына тән әдемі мінезі бар. Ол үнемі үлкен адамдардың алдында кішіпейілділік танытып, құрмет көрсетіп жүреді. Екіншіден, оның шығармасын да жақсы көремін. Негізінен, мен көп ешкімнің туындысын оқымаймын. Өйткені, бастапқыда бірқатар жазушылардың шығармаларын оқып, көңілім қалған еді. Ал, Рахымжан Отарбаевтың шығармаларының біразын соңына дейін оқып, ұнаттым.
Ол Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың Бас директоры қызметін атқарды. Оның ғимараты біздің үйдің қасында орналасқан еді. Сол себепті, жиі-жиі араласып, хабарласып тұратынбыз. Сол кезде маған «аға, сіз – шығармашылықтың адамысыз. Үйде балалар бар, сол себепті, жазуға кедергі келіп жүрген болар» деп кітапхананың ішінен бір кабинет бөліп, жазуға жағдай жасап берді.
Бізден кейін әдеби ортаға келген екінші буын мардымды ештеңе жаза алмады. Ал, Рахымжандар бастаған үшінші буынның ішінде үш-төрт қаламгерді ғана атап өтуге болады.
Проза жанрын көптеген қазақ жазушылары түсіне бермейді. Тек еліктеуіш сөздерді пайдаланып, табиғат кереметтерін суреттеп, кейіпкердің анауы жақсы, мынауы жаман деп бөліп алып, оқиға желісіне еніп кетеді көп ретте. Мен өз шығармаларымда оқырманның ненің жаман, ненің жақсы екенін өзі аңғаруына ерік беремін. Рахымжан да солай. Ол кейіпкердің бір жағына шығып алып, екіншісінің жаман қасиеттерін тізбелеуге жол бермейді. Табиғатты суреттегенде де эскизді шебер пайдалана біледі. Бұл әдіс жаныма жақын көрінеді. Сол себепті, Рахымжанның шығармаларын оқығанды жақсы көремін.
Төлен ӘБДІКОВ,
жазушы, драматург, қоғам қайраткері:
ШЫҒАРМАСЫНЫҢ АРҚАУЫ – ШЫНДЫҚ
— Бүгінгі таңда бізден кейін әдебиетке келген буындар ішінде бөліп атайтын аз ғана қаламгерлер бар. Соның бірі – Рахымжан.
Бір кездескенімізде ол маған «Біздің ауылдың амазонкалары» атты жинағын тарту еткен. Соның ішінде «Американың ұлттық байлығы» әңгімесін оқып, ішек-сілем қатып күлгенім есімде.
Оның прозалары ерекше атап өтуге тұрарлықтай. Өзі де сүйкімді жігіт, мінезі тік. Әдеби ортадағы адамдарға көңілі ерекше, соған орай адамдарды талантына қарай бағалайтыны анық.
Рахымжан бүгінгі заманның тақырыбын ашық жазады, жағымпаздану дегенді білмейді. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Бүгінгі күннің шындығын ашып жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Біздің әдебиетке жетпей жүргені де осы болатын.
Оның тілі де ерекше. Оның бай да, айшықты тілі, әсіресе, табиғатты суреттегенде айқын көрінеді. Ол нені жазса да ішіне ене алады, адамның бойындағы бар қасиетті оқырманға көркем сөзбен жеткізу қабілетіне де ие. Бұған қоса, детальды дәл табатындығымен де өзге қаламгерлерден ерекше.
Қызық оқиғасы
Мұхтар ағамен (Шаханов) ұзақ жылдар қызметтес болдым ғой. Қырғызстанда елшілікте жүрген кездегі бір оқиға әлі күнге есімнен кетпейді. Мұхаң аңғал да жаны жомарт адам. Оны ел біледі. Бір күні сол кездегі Премьер-министр С.Терещенко ресми іссапармен келетін болды. Қырғыз жағы қам жасады. Біз де шапқылап жүрміз. Қазақ үкіметі басшысы вертолетпен Қордайға кеп қонды. Оны қырғыз Премьер-министрі Абас Жұмағұлов күтіп алды. Ал, біз кешігіп қалыппыз. Кешігетін себебіміз – Мұхаң: «Сергей Александрович қымызды жақсы көреді. Шымкентте өскен. Қазақша судай ағып тұр. Әкесін де жақсы танимын. Бұл деген бар ғой, тіпті туған інімдей», — деп әңгіме өрбітеді. Бішкекке іргелес ауылдан бапты, сары қымызды алдырсын. Сөйтіп ырғалып жүргенде ал, кешікпей көр!
Андағайлап шауып Қордайға жетейік. Жетсек, екі елдің Премьер-министрлері жүздесіп, бір қыдыру әңгіме айтысып, елшіні тосып қалыпты. Протокол бойынша елші оларды тосып алуы қажет. Бәрі керісінше. Терещенко Мұхаңа сызданып қарады. Өзгесі де салқындау амандасты. Сасатын Мұхаң ба: — Қазір қымыз ішеміз. Бал татып тұр. Арнайы алып келдім, — десін қазақ жағы өзін көрші елге бие байлап, қымыз ашыт деп жібергендей. — Құй, Рахымжан, тездет!
Жүргізуші Бисен екеуміз машинаның артқы қақпағын ашып жіберсек, көзің жамандық көрмесін… Бес литрік пластикалық ыдыстың тығыны атылып кетіпті де, бүкіл қымыз төгіліпті. Бетінде шөп-шалам, май-май шүберек, қиқым жүзіп жүр. Мұхаң болса, құй да құй деп жанды алып барады. Абас Жұмағұлов парасатты, сабырлы адам.
— О, кәне, ішейік. Асыл дәм ғой, — деп қояды. Жалма-жан бетіндегі қоқымды сыпырып, асыл дәмді кесемен көсіп алып бір-бірлеп ұсынайын. Төгілген қымыз тесік тауып тамшылап жерге де ағып жатыр. Тіпті жоғары мәртебелі меймандардың біреуінің тамағына қиқым кетіп қала ма, деп те жаным шығып барады.
— Ішіңіздер. Қымыз жетеді. Әкел, ыдысты, өз қолыммен құямын. Тағы бір-бір кеседен, — деп Мұхаң күмпілдеп қояр емес. Жарылып кете жаздадым.
— Аға, адамды өлтірейін демесең қойшы енді. Бітті. Құрығанда қымыз құрсын! — дедім булығып.
— Ой, идиот, — деп Мұхаң ештеңе түсінбесе де ыңғайға көне берді.
— Тарттық ендеше Бішкекке!
Әй, Мұхам-ай, от пен суға қатар салдың-ау, талай.