
«Қызарғанда келерсің»
*Тілші естелігі
Әуелден баспасөз саласы тек ақпарат құралы ғана емес, тәрбие мен тәлімнің де тетігі болды. Сол кезеңдегі әрбір газет мақаласы жіті бақылаудан өтіп, қоғамға әсер ететін құрал ретінде қаралатын. Шындықты батыл жазған журналистің даусы естілсе, құзырлы органдардың өзі елең ететін. Мақала жарыққа шықпас бұрын оның мазмұны, мазмұндағы әр сөйлем мен астар мұқият тексерілетін. Аудандық «Коммунизм туы» (қазіргі «Қызылқоға») газетінің жауапты хатшысы болып қызмет етіп жүргенімде, уақытпен санаспай жұмыс істедік. Аптасына үш рет шығатын газет журналистерінің қолынан шыққан сын мақаланың төңірегінде туындаған ерекше оқиға әлі күнге дейін езуге күлкі, жүрекке жылу сыйлайды…
Бірде қызық оқиға болды. Қалыбай Жүрекбаев есімді штаттан тыс тілшіміз өте сауатты, білімді жігіт болатын. Ол сын мақала дайындап әкелді. Онда автоинспектордың жол қауіпсіздігін бұзған жүргізушіден пара ретінде ақша алатындығы сыналды. Жол қауіпсіздігін сақтамаған жүргізуші өзін тоқтатқан автоинспекторге берген көлікті басқаруға арналған куәлігінің арасына «өз кінәсін жуу үшін» бес сомды (кеңес ақшасы) қыстыра салады. Автоинспектор куәлікті ашқанда көк түсті «бестікті» көреді де, риза болмағанын білдіріп, «қызарғанда келерсің!..» деп құжатты қалтасына салып алады. Сол кездегі он сомдық кеңес ақшасы қызғылт түсті еді…
Ол кезде сын мақалалар, фельетондар газеттің төртінші бетінде басылатын. Макетке орналастырып, баспаханаға әкеліп, линотип машинасында отырған Нұрлықызға тергізіп, бетке салып жібердік. Редактор марқұм Жолдығали ағамыз (Бақытов) газетті көбейтуге қол қойды. Басылым цехында газетті көбейтуді бастап жатырмыз.
Бір уақытта алқын-жұлқын жүгіріп, аудандық партия комитеті бірінші хатшысының хатшысы келіп тұр. Редакторға қарап: «Газетті тоқтату керек, сізді секретарь тез шақырып жатыр», — деді. Ағайдың түрі өзгеріп кетті. Арада біраз уақыт өткеннен кейін біз бірінші хатшының алдында отырдық. Сол кездегі аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Ермекқали ағай, автоинспектор Сәрсенбай, автобазаның жүргізушілері, штаттан тыс тілші Қалыбай Жүрекбаев, аудандық атқару комитетінің төрағасы да бар.
Мәселенің мәнісін енді түсіндік. «Газеттің бетіне «Қызарғанда келерсің» деген сын мақала шығып жатыр», — деп, аудандық ішкі істер бөліміне «сымсыз телефонмен» хабар жеткен. Басшысы автоинспекторды қысқан, ол «білмеймін, мен емеспін» деп азар да безер болған соң ауданның бірінші хатшысына телефон соққан. Ол автобазаның директорын шақырған, сонымен абыр-сабыр болып жатыр екен. Жүргізушілерді тексергенде олардың құжаттары қолдарында болған.
Жолдығали ағай: «Бұл – сын мақала, мұнда ешкімнің аты-жөні көрсетілмейді. Осындай келеңсіздіктер қоғамда орын алмауы үшін, адамдарды жаман әдеттерден аулақ болуға, ар-намысқа дақ түсірмеуге үндеген мақала. Кемшіліктерге жол бермеу, жағымсыз жәйттерден сақтандыру, алдын алу біздің, журналистердің міндеті емес пе?» — деп қызылкеңірдек болып, әйтеуір түсіндірді-ау.
Бірақ, бірінші хатшы: «Бұл мақаланы шығаруға болмайды!.. Ауданымыздың атына кір келеді. Елдің бетіне қалай қараймыз?!» — деп болмады. Сонымен ол мақаланы алып тастап, орнына басқа дайын тұрған материалды салдық.
Апа-сапа басылған соң, Жолдығали ағай баспаханада линотип машинасында теруші болып істейтін бір басшының келінінен күдіктенді. Өйткені, журналистер газет бетіне шығатын материалдар жөнінде ешкімге сыр шашпай, қашан газет жарыққа шыққанша құпия ұсталатын.
Тіпті, бұрын басшы болып, құрметті демалысқа шыққан кейбір ағаларымыз телефон шалып: «Газетке не беріп жатырсыңдар?» — деп сұрап, сыр тартатын кездері де болатын. Біз тісімізден шығармайтынбыз. Газетті көбейтіп болған соң баспаханадан шыққан кезде, кейде ауыл адамдары «Газет шықты ма? Көрейік деп едік…» — деп сұрап, есіктің алдында тұратын. Аудан жұртшылығы газетті тағатсыздана күтіп отырушы еді. Біз: «Қазір почтадан қызметкерлер келеді, олар газетті санап, буып алады. Үйлеріңізге таратады» — деп жауап беретінбіз.
Міне, баспасөздің құдіреті, қасиеті мен ерекшелігі осында жатыр. Қазақтың дарынды ұлдарының бірі Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы hәм тілі» деп тегін айтпаса керек.
Қазір Жолдығали ағайымыз да, Қалыбай ініміз де арамызда жоқ. Бірақ, олардың есімдері мен жарқын істері есімізде мәңгі сақталып қалды.
Мағрупа БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,
ардагер-журналист