Қысқа дайындық тиянақтылықты талап етеді

1000 f 58159423 ydj5jostd3intnf5zhv7nupzwwgnwacl Қоғам

Атырау облысы жылу беру маусымына дайындықты тиянақтады. Осы мақсатқа биыл бюджеттен маусымның дайындығына 5,7 миллиард теңге бөлінген еді. Ол қаржыға тозығы жеткен Атырау жылу-электр орталығы мен Атырау жылу жүйелері мекемесіндегі құбырлар мен қондырғылар жаңартылды. Бүгінде 55 жылу беру бекеті қалыпқа келтіріліп, 16 шақырымдық жылу құбырына күрделі жөндеу жүргізілген. Жаз бойы облыс орталығында жөндеу жұмыстары мәреге жетіп, жылу беру маусымы уақытында басталды.

Облыс орталығының орталық аумағын қамтитын №6 жылу бекеті биыл толық жаңартылған. Мұнда қазір 2 жөндеуші мен 1 оператор ғана кезекшілікте. Бекет маусымға толықтай дайын, 9 қазанда жылу кардиологиялық орталық, балаларға арналған өкпе аурулар санаториясы және «жедел жәрдем» станциясына беріле бастаған. Ал, тұрғын үйлер ПИК-тердің тапсырысы бойынша алады екен.

Қалада осындай 55 жылу беру бекеті бар. Бірақ әзірге тек әлеуметтік нысандар ғана жылу алуға тапсырыс берген. Атырау қаласындағы көп қабатты 1034 үйдің 300-і жылу жүйесіне қосылған. Жалпы, ПИК жылуға өтініш беруге асығар емес. Биылғы қоңыр күз әзірге малға да, жанға жайлы болып тұр. Сондықтан, үйлерге жылу беру кезең-кезеңімен жүзеге асады. Табиғаттың осынау сыйын бос жібермей, коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлері әр күнді тиімді пайдаланып қалуға тырысып жатыр.

Атырау қаласы бойынша орталық жылу жүйесінен өзге, жекеменшік бизнес нысандары мен мекемелерде 81 қазанды да желіге қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейбір аудандарда тұрғындардың келісімдеріне байланысты жылу беріліп жатыр.

Облыс орталығын жылу және ыстық сумен қамтамасыз ететін Атырау жылу-қуат орталығындағы 14 жылу агрегатының көпшілігі 50-60 жыл бойы тынымсыз жұмыс істеп келеді. Биыл 3 агрегат жөнделіп, 16 шақырым жылу құбыры ауыстырылуы тиіс болатын. «Атырау жылу жүйелері» кәсіпорны өткен жазда оның 3,5 шақырымын, жоғарғы қысымды және орта қысымдағы аулаішілік 12,5 шақырымдық желіні ауыстырып үлгеріпті.

– 16 шақырым жылу жүйесін оқшаулауымыз керек еді. Оның қазір 90 пайызы аяқтала келді. Енді облыс орталығындағы 50 шақырымнан астам иесіз жылу құбырын жаңарту керек. Олардың барлығы дерлік тозығы жеткен. Биыл соның алғашқы 5 шақырымы жөнделіп, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қарамағына өткізілді. Ол жұмыс қаражат көзінің шешілуіне қарай жалғаса береді, – дейді «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті Жұмабек Есмағамбетов.

Қосымша қуат көзін көбейту мақсатында кешенді жоба жасақталып, қуаттылығы 65 МВТ-тық турбоагрегатты іске қосу жоспарланып отыр. Әзірге жылу жүйесін жаңарту жобасы жалғасын табады.

Жылу беру маусымындағы тағы бір түйткілді проблема – қазандықтардың қауіпсіздігі. Бүгінде жеке секторды айтпағанның өзінде Мақат, Жылыой аудандарындағы көп қабатты үйлер дербес жекеменшік қазандықтары арқылы жылытылады. Ал, олардың техникалық жағдайына назар аударып отырған ешкім жоқ. Атырау облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті осы бағытта бірқатар жұмыстар істеп, алдағы қыс мезгіліне дайындықты аяқтады. Бұл туралы кеше департаменттің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жантөре Демешов хабарлады. Дайындық барысында өрт сөндіру бөлімдері де тексеріліп, құрал-жабдықтар мен автокөліктер түгенделген және маусымдық техникалық күтімдер жасалыпты.

– Қысқы маусымға дайындық бойынша барлық өрт сөндіру бөлімдерінің жылу жүйелеріне қысымды тексеру жасалды. Бөлімдердің есік-терезесі мен шығу қақпаларын қымтау жұмыстары да толық аяқталған. Биыл қазан айында барлық өрт сөндіру бөлімдері мен жедел құтқару жасағының қысқы дайындығын тексеру кезінде автокөліктердің қымтағыш материалдары, қыздыру лампалары, факельдері, жұмсақ және қатты тростарының жарамдылығына көз жеткізілді. Автокөліктерге маусымдық техникалық күтім жоспар бойынша уақытылы жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша 138 өрт сөндіру техникасы бар, оның 63-і негізгі, 21 арнайы және 54 көмекші құралдар, – деді Ж.Демешов.

Республикалық және облыстық дәрежедегі көлік жолдарында қозғалыстың шектелуі кезінде өзара іс-қимыл бойынша «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы және Атырау облысы полиция департаментіне қарасты құрылымдармен бірлескен іс-жоспар бекітілді. Қазір гарнизонға қарасты түрлі мақсаттағы 20 ғимарат бар. Оның ішінде 15 ғимарат табиғи газ желісі арқылы дербес жылу жүйесімен қамтылған, 2 ғимарат орталық жылу жүйесіне қосылған және 3 ғимарат дербес электр қазандығы арқылы жылытылады.

Облыста өртке қарсы күрес қызметіне қарасты 14 өрт сөндіру бөлімінің құрамына «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі және «Жедел құтқару жасағы» кіреді. Олар апатты жағдайлардың алдын алу және оны болдырмау үшін осы бастан дайындықтарын пысықтауда. Қазірдің өзінде 77 жол талғамайтын автокөлік техникалық байқаудан өткізіліп, сапқа қойылды.

Дегенмен, келер қыстың қандай боларын тап басып айту қиын. Ендеше, «сақтансаң сақтармын» деген сындарлы шақта сыр беріп алмау үшін барлық күшті «кәрі құданың» қаһарына қарсы жұмсау – кезек күттірмейтін іс. Әсіресе, Құрманғазы ауданына қарасты  Азғыр өңірі, қиырда жатқан Қызылқоға ауданы, Жылыойдың ойы мен қырында төрт түліктің қамымен жүрген малшылар көзден таса болмауы тиіс.

Арыстанбек КЕНЖЕ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз