Құс тұмауынан қауіп бар ма?

img 20220713 wa0008 Қоғам

Атырауда құс тұмауының алдын алу үшін түсінік жұмыстары жүргізілуде.

Бұл туралы Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі. Құс тұмауы – тұмау вирустары арқылы жұғатын өткір жұқпалы ауру. Аурудың 15 түрі белгілі, олардың арасында Н5 және Н7 вирусының штамдары жоғары патогенділігімен ерекшеленеді.
Қоныс аударатын құстар, оның ішінде ең алдымен суда жүзетін үйректер құс тұмауының табиғи резервуары бола алады. Жабайы құстарда вирусқа табиғи төзімділігі болғандықтан сирек ауырады, бірақ алыс қашықтықтарға ұша отырып, тұмау вирусын таратады.

Суда  жүзетін  құстарда вирус ішегінде болып, қоршаған ортаға сілекей, тыныс алу және нәжіс бөлінділерімен бірге шығарады. Вирус  құс саңғырықтарында салқын күндері бір айдан аса, ыстық күндері бір апта аралығында сақталады. Құс тұмауы адамға жұққан уақытта инкубациялық кезеңі әдеттегі тұмауға қарағанда ұзағырақ: 2-8 күннен 17 күнге дейін созылады. Әдеттегі тұмауда 2-3 күн.
Бастапқыда жоғары температура, әдетте 38оС-тан жоғары және тұмауға ұқсас белгілер болады. Кейбір жұқтырған  адамдарда бастапқы белгілерінде  бұлшықет ауруы, тамақ ауруы, мұрыннан көп су ағу, құсу, ентігу, дауыстың өзгеруі, қанды қақырықты ылғалды жөтел пайда болады. Көп жағдайда ауру пневмонияның ауыр түрімен асқынуына әкеледі.

– Құс тұмауы жабайы құстар арасында эпидемия туғызбайды және оларда симптомсыз жүреді, ал үй құстарына жұқтырған кезде ауыр сырқатқа немесе өлімге әкелуі мүмкін. Бұл аурудың ерекшелігі – инфекция адамдарға тек құстардан жұғады. Құстарда ауру басталмастан 7 күн бұрын байланыста болған адам тез арада жергілікті емдеу мекемелеріне көмекке жүгініп, аумақтарда жабайы құстарды аулау кезінде және үй құстарының жаппай өлімі анықталған жағдайда ветеринариялық маманға хабарлау қажет, деді Департаменттің баспасөз хатшысы Айкөркем Нұрғалиева.

Сонымен қатар, ол құс тұмауының алдын алу үшін келесі шараларды сақтау қажеттігін ескертті. Атап айтқанда, ауру немесе өлген құстармен байланыс жасамау. Құс етін, жұмыртқасын шикілей тамаққа қолданбау, өнімдерін термиялық өңдеуден өткізу және шикі құс еті мен жұмыртқаларын ұстағаннан кейін, сондай-ақ, үй құстарына күтім жасағанда жеке гигиенаны сақтап, жеке қорғаныш құралдарын пайдалана отырып, қолды  жиі жуу керек.

Айта кетейік, Атырау облысында бүгінге дейін тұрғындар арасында құс тұмауымен тіркелген науқас болмаған. Алайда, мамандар сақтық шараларын қатаң ұстауды ескертеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз