АТЫРАУДА – ҚОЛА ЖҮЛДЕ

Атырауда грек-рим күресінен тұңғыш рет ел чемпионаты өтті. Қазақ хандығының 550 және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған турнирде еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық 1999-2000 жылдары туған жасөспірімдер «Атырау» дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде  он салмақ бойынша сынға түсті.

Грек-рим күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Ербол Әділбаевтың айтуынша, бұл додада чемпион атанғандар тамызда өтетін Әлем, ал, күміс жүлдегерлер маусым айында өтетін Азия  чемпионаттарына жолдама алды.

Чемпионаттың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, спортшыларға жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестігін білдірді.

Чемпионаттың қонағы 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен XXVI жазғы олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко мен облыстық грек-рим күресі федерациясының президенті, Атырау мұнай өңдеу зауытының директоры Қайрат Оразбаев та жас палуандарға сәттілік тіледі.

Екі күнге созылған чемпионатта атыраулық жанкүйерлер өз палуандарына үлкен үміт артты. Боз кілемге 63 келі салмақ дәрежесінде шыққан Ғаламат Саматов пен 85 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Асқар Бағытжановтар қола медаль жеңіп алып, артылған үмітті ақтады.

Сонымен қатар, Солтүстік және Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл облыстарының спортшылары жақсы нәтиже көрсетті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз