Жарнама
Қоғам

Құрғақшылық қысып барады

ЖАЙЫЛЫМДЫҚ АЛҚАПТАРДЫҢ ТАПШЫЛЫҒЫ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРІСТЕТУГЕ КЕРІ ӘСЕРІН ТИГІЗІП ОТЫРҒАНЫ АНЫҚ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ 12 ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ ҮКІМЕТТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН МӘЖІЛІСІНДЕ ОСЫҒАН АРНАЙЫ НАЗАР АУДАРЫП, ҮКІМЕТ ПЕН ТИІСТІ ҚҰРЫЛЫМДАРДЫҢ АЛДЫНА НАҚТЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕДІ. АЛ, МҰНЫҢ АҚИҚАТЫН БИЫЛҒЫ ҚЫС АЙҚЫНДАП БЕРДІ.

Қазақша жыл қайырумен алғанда биылғы «Барыс» мұнайлы өңір малшылары үшін берекелі болғанымен, келе жатқан «Қоянның» қысы қарақатқақпен басталып, малға да, жанға да қиын тиіп тұр. Қарсыз қара суық аяз қараша туғалы ашық су көздерін қатырып тастады. Төрт түлік мал амалсыздан құдық басына қаңтарылуда. Тоқсанның күнінде мал суару малшыға сын екендігі өз алдына, мал суға қанбай үлкен қиындық туындады. Жылда осы уақытта көбік қардан сусыны қанып, тебінде жататын жылқы мен сиыр қазір құдықты жағалап, өрістей алмайды. Себебі, қырда су жоқ. Ал, аязбен алысып мал суарған малшының азабы айтпаса да түсінікті.

Біз аралап көрген екі қыстақта да осындай жағдай. Өріс алыс, қиырдан зорға жеткен төрт түлік суға қанбай жатыр. Оның үстіне тоң қатқалы құдықтарда су көзі тартылып барады. 14-15 метр тереңдіктен мотор арқылы тартылған тірлік нәрі төрт түліктің барлығына жетпейді екен. Шаруагер Айбек Ақсереновтің бағымындағы 120 бастай сиыр, үш үйірдей жылқы мейірі қанып су іше алмағасын, мал біткен мотордың даусы шықса құдыққа қарай шабады. Ал, су барлығына бірдей жете бермейді. Аудандағы малды шаруашылықтардың бірі – «Құрман» шаруа қожалығы «Мырзабай», «Нұрпейіс» қыстағына көшкенімен малы «Жамансай» жайлауындағы құдықтан шыға алмай отыр. Қазір 300-дей ірі сиыр, 24 айғыр үйір жылқы мен 2 мыңға тарта ұсақ жандық құдықтан суарылады. Ондаған шақырым өрістен шапқылап жеткен жылқы мейірі қанбағасын ауылды жағаттап шыға алмайды екен. Төрт түлік тәулігіне бір мәрте ғана суарылады. Биыл жер от болғанымен, қазіргі судың тапшылығынан өрістеп жайылмаған малдың қоңы тая бастаған. Құдықтағы мотор 12 сағат бойы жұмыс істегенімен су жеткіліксіз. Биыл аудан бойынша 170 мыңға жуық қой-ешкі, 19 мыңнан астам жылқы, 2 мыңға жуық түйе және 4 мыңдай сиыр қыстаққа түсті. Олардың басым бөлігі жаз бойы Ойыл өзенінен сусындайтын. Енді түгелімен құдыққа қаңтарылған төрт түлікке су жете бермейді.

eprlob 1

Ендігі үміт – «желтоқсанның соңғы онкүндігінде қар жауады» деген синоптиктердің болжамында ғана. Жалпы, биыл облыс аумағында қыс қарсыз басталды. Ендігі амал – қырдан жаңа су көзін іздеу бағытында ұңғымалар қазу. Бір қиындығы, жер асты су көздері де қашып бара жатқан сыңайлы. Мысалы, Ойыл өзенін бойлай қазған құдықтардың тереңдігі 30- 40 метр болса, Сағыз, Мұқыр ауылдары маңайындағы ұңғымалардың тереңдігі 180 метрден асып кетті. Соған қарамастан, шаруалар өз күштерімен тыңнан су көздерін іздеуді тоқтатқан жоқ. Өткен екі жылда 22 ұңғыма-құдық қазылған. Оны арнайы маманданған мекеме жүзеге асырады. Қызметі ақылы. Сондықтан, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қазылған ұңғыма-құдыққа кеткен шығынның 50 пайызын инвестициялық субсидия есебінен өтеп беруге кірісіпті.

Бұл да құптарлық жағдай. Осындай жолмен биыл 11 құдыққа 20 млн. теңге шамасында субсидия төленген. Біз әңгімелеп отырған Қызылқоға өңірінде әлі де зерттелмеген жер асты су көздері болуы мүмкін. Бұған дейін шаруалар Тайсойған өресіндегі шағылды жиектеп, болмаса Ойыл өзенін бойлап қана күнелтіп келді. Одан өзге Қарабау ауылы маңайындағы Саркөл алқабында, Тайсойған беттегі бұрын Индер ауданының Жамбыл атындағы кеңшары жайлаған «Қарағайқұдық», «Ақмола», «Ишанқұдық», Беспәтер» мекендерінде сулы құдықтар болды. Соңғы 30 жылда мал бармағандықтан олар бұзылып, құмығып жатыр. Сондай-ақ, өткен ғасырдың 70-90 жылдары Энгельс, Абай атындағы, «Қызыл ту», «Комсомол» кеңшарларының 6 мыңдай жылқысына сусын тауып берген «Талқұдық», «Жабағылы», «Төбеқұдық», «Шарқазған», «Шығырлы» деген суы тұщы әрі мол құдықтар болған еді. Енді сол маңайды тағы да зерделеп, гидрогеологиялық барлау жүргізсе, жаңа жайылымдар ашылуы ғажап емес.

Ал, бұрын барланған жерді шарлай бергеннен өріс кеңіп, су көзі табыла бермесі анық. Ендеше, ата-бабамыз белгілеп кеткен су көздерін қайтадан жаңғыртатын кез келді. Қуаңшылыққа келсек, ол әр мүшелі жылда қайталануы ықтимал. Ескі қазақы есепте солай дейді, тек соған жан-жақты дайын болсақ, малға да, жанға да залалы тимесі анық.

Арыстанбек КЕНЖЕ

Қызылқоға ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button