Ойынқұмарларға психологиялық көмек көрсететін орталық алғаш Атырауда ашылды

img 9601 Қоғам

«Жаңа өмір» ойынқұмарларға қолдау орталығын ашу идеясын қала тұрғындары Нұртас Нұрғалиұлы және Тимур Рамазанов ұсынған. Бұған себеп қос азамат та бұрын құмар ойынның зардабын тартқан. Ұсынылған жобаға «Respublica» партиясы Атырау облыстық филиалы қолдау көрсетіп отыр. Қазіргі таңда орталық қарқынды жұмыс атқаруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Әлем лудоманияның ауру екенін анықтады. Өкінішке қарай бұл психологиялық дертті емдейтін ешқандай дәрі-дәрмек жоқ. Құмар ойынның соңы өз-өзіне қол жұмсауға әкеп соғуда. Өткен жылы елімізде 3676 суицид тіркелсе, мұның 40 пайызы лудомандар. Қазіргі уақытта қолдау орталығында 11 азамат психологиялық қолдау көріп, маман кеңестерін алуда. Барлығы анонимді түрде өтеді. Бір қызығы 90 пайыз лудомандар есепті шемішкеше шағатын азаматтар. Осы жағы бізді таңғалдыруда,- деді «Respublica» партиясы Атырау облыстық филиалының өкілі, партия мүшесі Талғат Ағысов.

Қолдау орталығына келген азаматтарға жеке-жеке көңіл бөлініп, отбасылық психолог көмегімен қатар, заңгер мамандарымыздың кеңесін алуына болады. Ерекшелігі – мұндағы методикалардың барлығын бұрынғы құмар ойыншылар енгізген.

Менің құмар ойынның арбауында болғаныма 12 жыл болды. Алғашқы бәсімді 9 сыныпта тігіппін. Өкішке қарай, бірінші бәсім жеңісті болып, бұл жеңістің эмоциясы 12 жылға созылды. Отбасымның, достарымның алдындағы абыройдан арылдым. Екі мәрте өз-өзіме қол жұмсамақ болдым. 2021 жылы өзімнің «лудаман» екенімді мойындап, арнайы мамандарға қаралып, қазір толық бұл дүниемен қош айтыстым. Дерттен айығудың алғашқы қадамы, өзіңді-өзің мойындай білу,- деді Нұртас Нұрғалиұлы.

«Respublica» партиясы құмар ойындарының жарнамасын толық жоюдан бұрын, халыққа қауіпті екенін ұғындыруымыз керек деп отыр. Жарнамаға тиым салынғанмен, ауру адам амалын табатынын айтуда. Сол себепті партия филиалы, мектеп жасындағы оқушыларға қаржылық сауаттылық бойынша дәрістер оқуды жиілетпек.

Айта кетейік, аталған қолдау орталығы Атырау қаласы, Бейбарыс даңғылы 450 мекенжайындағы «Respublica» партия кеңсесінде орналасқан.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз