Жарнама
Қоғам

Қоғамдық дертпен қалай күресеміз?

«Ақсұңқар» қоғамдық қоры Абай орталығында ұстаздар, ата-аналар мен оқушылардың қатысуымен кездесу ұйымдастырды. Кездесуде жастар арасындағы нашақорлық пен ойынқұмарлықтың алдын алу мәселелері талқыланды.

268db442 a8a0 44a7 a6e2 86de5cacacc5

-Лудомания мен уытқұмарлық қоғамның дертіне айналды. Сондықтан жасөспірімдер ойнап жүріп от баспауы үшін ата-ана, ұстаздар, құқық қорғау қызметкерлері болып жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Жиынның басты мақсаты да осы – қатысушыларға есірткі мен лудоманияның алдын алу үшін бірлескен күш-жігердің маңыздылығын түсіндіру. Зиянды әдеттермен күресте еріктілер мен спортшылардың ролі ерекше, — деген «Тәуелсіз өмір» жастар қозғалысының жетекшісі Әнуарбек Батаев жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығын сөз етті.

fb9a0ca0 c18f 4e6a 8f7f c73aaa0d9e7d

Атырау облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының директоры Болатбек Досжан мектептерде профилактикалық жұмыстарды күшейту және тиімді әдістерді енгізу туралы айтты. Ал облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Марьяна Жанғалиева статистика негізінде есірткіге қарсы күрестің өзекті мәселелерін баяндап берді.
Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының психолог маманы Венера Мүтиғалиқызы психологиялық тәуелділіктердің себептерін және оларды жеңу жолдарын кеңінен түсіндірді. Ол «Әр бала отбасында мейірім мен қолдауды сезініп өсу керек» деп ойын түйіндеді.
«Тәуелсіз өмір» қозғалысының мүшесі Асқар Ізбасаров жастар арасындағы лудомания мәселесін қозғап, сақтық шараларын атап өтті. Спикер өзінің де 11 жыл бойы ойынқұмарлықтың құрбаны болғанын, оның құрығынан қалай құтылып шыққанын еске түсірді.
Жиын барысында +7 771 127 77 00 нөмірімен анонимді колл-орталықтың қосылғаны белгілі болды. Сәуір айынан бастап тәулік бойы жұмыс істейтін орталық тәуелділікке ұшыраған адамдарға көмек көрсетеді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Атырау облысында 2024 жылы есірткіге тәуелді 538 адам тіркелген, олардың 446-сы қалада, 92-сі ауылдық жерлерде. Лудомания мәселесі бойынша 110 адам көмек сұрап, оның 60-ы ем қабылдаған. Бұл деректер жастар арасында әлі де болса зиянды әдеттердің таралғанын көрсетеді. Сондықтан осындай кешенді жобалар қоғамның қолдауы мен ортақ күш-жігерін талап етеді.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button