900 «OTAU TV» АБОНЕНТТЕРІ 900 МЫҢНАН АСТЫ

2015 жылдың 25 шілдесіндегі мәлімет бойынша, «OTAU TV» Ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі абоненттерінің саны 920 мыңнан асты, деп хабарлайды ҚР телерадиохабар тарату саласындағы Ұлттық операторы «Қазтелерадио» АҚ өкілдері. Бұл 3,6 млн.  қазақстандық отандық және шетелдік телеарналарды цифрлық сапада тамашалауда деген сөз. Оның 58 мыңнан астамы Атырау облысының үлесінде, демек «OTAU TV» қызметін аймақтағы 116 елді мекенде тұратын 218 мыңнан астам тұрғын пайдаланады.

 

Жерсеріктік телехабар тарату жобасын ендірген алғашқы жылдары «OTAU TV» әсіресе, ауыл тұрғындарының арасында үлкен сұранысқа ие болды, олардың үлес салмағы 2011-2012 жылдары 90 пайыздан асты. Өйткені, қалаларда кабельдік және эфирлік аналогтық телехабар тарату желілері жақсы дамыған, ал, ауылдықтар болса ол кезде әрі кетсе 4 телеарнаны ғана тамашалайтын. Жобаның басты мақсаты – қала мен ауыл тұрғындарының арасында ақпараттық теңсіздіктің деңгейін төмендету еді. Ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тарату желісінің өзге операторлармен салыстырғандағы басты артықшылықтары – телебағдарламалардың тегін топтамасы мен желіге республикамыздың кез келген нүктесінен қосылу мүмкіндігі.

Қазақстанда жерсеріктік телехабар тарату желісі 2002 жылы «Кателко+» сауда белгісімен қосылған-ды. Ал, 2011 жылдың қаңтар айында Қазақстанның жерсеріктік желісі хабар таратудың DVB-S2, MPEG-4 цифрлық стандартына көшіп, «OTAU TV» деген сауда белгісімен іске қосылды. Осылайша, 2011 жылдың басында «Кателко+» ден «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік телехабар тарату желісіне көшкен абоненттер саны 6300-ді құраған болса, содан бері бұл көрсеткіш еліміздің көлемінде қарқынды түрде өсіп, жоғарыда көрсетілгендей, 1 млн. абонентке таяп қалды. Жоба халыққа отандық телерадиоарналарды цифрлық сапа мен бейнеде тамашалауға мүмкіндік берді. Айта кетерлік жайт, желі іске қосылғаннан бері «Базалық» тегін топтамасының құрамындағы арналар саны 38 теле және 7 радио арнадан 40-14-ке дейін артты.

2012 жылдың шілдесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен цифрлық эфирлік телехабар тарату желісі іске қосылды. Бүгінгі таңда республика халқының 72 пайызының немесе 12 млн. қазақстандықтың цифрлық эфирлік желіге қосылуға мүмкіндігі бар. 2014 жылдың шілде айында Ұлттық индустрияландыру күні аясында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен «Қазтелерадио» АҚ «GALAM TV Ұлттық интернет-телевизиясы» және «Телегазет» атты екі инновациялық  жоба  таныстырылды.

 Клиенттерге ыңғайлы болу үшін, сондай-ақ, бәсекелестік орта тудыру мақсатында қабылдағыш қондырғыны сатып, монтаждау және қызмет көрсету жұмыстарын шағын және орта бизнес өкілдерінен тұратын дилерлік ұйымдар атқаруда. Олардың саны қазір 400-ден асты. Сонымен қатар, халықпен және дилерлермен тиімді жұмыс істеу үшін ақпараттық қолдау көрсету қызметі (Call-centre) 193 телефоны арқылы үзіліссіз жұмыс істейді. Және барлық облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларында сату орталықтарының жұмысы жолға қойылған.

«Қазтелерадио» АҚ өз абоненттерін түрлі акция, ұтыс ойындарымен үнемі қуантып тұрады. Нәтижесінде тұрғындар «OTAU TV»-ден түрлі құнды сыйлықтар мен естелік кәделерден кенде қалған емес. Мәселен, ағымдағы жылдың көктемінде «OTAU TV»-мен Наурыз тойла!» акциясының нәтижесі бойынша, астаналық абонент Мәриям Юсупова күтпеген жерден екі адамға Гоа аралына жолдама ұтып алды. Елорданың тағы бір тұрғыны Перуза Әбдумәжитова мен Жамбыл облысы Бектөбе ауылының тұрғыны Әбдіразақ Жолшыбеков қанжығаларына заманауи теледидар байлады. Бұдан өзге 55 абонентке естелік сыйлықтар мен кәделер жөнелтілді.

Алдыңғы акцияны қорытындылап бола салысымен, «Қазтелерадио» АҚ келесі шараны бастады. Яғни, 2015 жылдың 1 шілдесі мен 30 қыркүйегі аралығында шетелдік телеарналарды көрсетуге мүмкіндік беретін төлем карталары арқылы «OTAU TV»-ге қосылған абоненттер көрсетілімнің қосымша айларын тегін алады. Мысалы, «Элит» топтамасына 6 айға қосылған абонент қосымша 1 ай бонустық көрсетілімді иеленсе, 12 айлық қосылу картасын сатып алған тұрғын «Элит» топтамасын қосымша 3 ай тегін тамашалайды.

«OTAU TV» желісіне қатысты сауалдарыңыз болса, «Қазтелерадио» АҚ  Атырау облысындағы сату орталығына Атырау қаласы, Абай даңғылы 25, тел.: 8 (7122) 558-444., 276-251, 276-252, ұялы: 8702 430 7155 хабарласа аласыздар.

Дархан ХҰСЫНОВ,
«Қазтелерадио» АҚ облыстық филиалы,
Атырау облыстық телерадиохабарларын таратудирекциясының директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз