Қираған қаланы қалпына келтірген…
36 жасында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін кеудесіне тағып, 44-ке толғанда «КСРО-ға еңбегі сіңген барлаушыгеолог» атағын алған жылыойлық Бақтыбай Қалымбетов ақсақал жеңіс сағатын жақындату үшін тылда тынбай тер төккен ерен ердің бірі. Ұлы Отан соғысы басталғанда 15 жастағы жасөспірім 7 кластан бастап Абай атындағы мектептегі оқуын тастауға мәжбүр болады. Оқушы Бақтыбай енді «Колхозшы Қалымбетов» атанып, қан майданға аттанған аға әкелерінің орнын басады.
ТЕМІРЖОЛДАҒЫ ТЕГЕУРІНДІ ІС
1942 жылдан бастап «Қызыл ту» колхозының қара жұмысына араласып, таңмен таласа тұрып, күн батқанша бел жазбайды. Ала жаздай түйемен шығыр айдап, егіс суарып, ересек колхозшының міндетін мінсіз атқарады. Еңбекке епті баланы басшылар бертін келе Еңбек майданының алдыңғы шебіне аттандырады. Сол жылдары еліміз үшін стратегиялық маңызы зор Гурьев-Астрахан теміржолының құрылысы басталған еді. Көптеген жылойлық тыл еңбеккерімен бірге бұғанасы қатпаған жасөспірім Бақтыбай Қалымбетов те осы қайнаған қарқынды құрылыстың қақ ортасына келіп түседі. Теміржол торабындағы темірдей тәртіп соғыс жағдайына байланысты одан да бетер күшейе түскен еді. Сондай ауыр кезеңде қара жұмысқа жұдырықтай жұмылған жұмысшылардың мұндағы көрген бейнеті әскери өмірден еш айырмашылығы жоқ болатын. Бірақ, болатжолдың бойында шыңдалып, құрыштай шыныққан бозбаланы алда одан да ауыр сынақтар күтіп тұр еді.
СҰСТЫ СТАЛИНГРАД
1943 жылы Қазақстаннан арнайы бригадалар құрылып, соғыстан жермен-жексен болып қираған Сталинград қаласын қалпына келтіру жұмыстарына жіберіліп жатқан-ды. Міне, бүкіл ел болып жұмылған осы игі іске, қаһарман қалаға аттанған топтың құрамында бала Бақтыбай да бар еді.
– Гурьев облысынан барған жұмысшылардың 13-і өзіміз секілді жасөспірім бала да, қалғаны қыз-келіншектерден құралған бригада болатын. Әйелдер жағын бөлек алып кетті де, біздер жұмысшы батальонының құрамына қосылдық. Ол жерде далалық «палаткаларда» тұрып , сол жерден ауқаттандық, кәдімгі солдаттан ешқандай айырмашылығымыз болған жоқ. Қала толықтай қираған, үйлердің сау тамтығы жоқ, қаңқасы ғана қалқиып тұр, көп жерлерде жермен-жексен болып үйіндісі жатыр. Біздер – жасөспірім балалар, таңның атысы, күннің батысы ат арбамен жүріп сол қираған үйлерді үйінділерден тынбай тазарттық, — дейді екен сол бір сұрапыл жылдар жайлы көзі тірісінде әңгімелеген Бақтыбай ақсақал.
Табиғатынан салмақты, «арық сөйлеп, семіз шығатын» Бәкең тәптіштеп қайта-қайта сұрағанда болмаса, сол бір сұрапыл жылдарда көргенін көпшілікке айта бермейді екен. Сондықтан да артындағы ұрпағы Бақтыбай ақсақалдың қаһарман қаланы қалпына келтіруге қатысқан тыл еңбеккері ретінде сіңірген еңбегі жайлы көп деректер айтып бере алмады.
– Сол дәуірдің адамдары өте қарапайым ғой. Сондықтан ба көп нәрсені мақтанып, әңгіме қыла бермейді. Бәкеңнің Сталинград қаласын қалпына келтіруге қатысқанын кеш білдік. Сөйтсек экспедицияда жүргізуші болып жұмыс жасаған Қыдырбай ағамыз да сол кезде қасында болыпты. Мүмкін, ол еңбектерін ерекше жоғары бағаламай, әдеттегі міндетіндей санады ма, кім білген? — деп еске алады Бәкеңді еңбек ардагері Ахметқали Ізекенов.
ЕҢБЕК МАЙДАНЫНЫҢ ЕРЖҮРЕК ЕРІ
Жасөспірім Бақтыбай елге келгенде бейне жаумен бетпе-бет шайқасқа түскен жас жауынгердей болып оралғаны анық. Өйткені, өзі еңбекке ерте араласқан баланы қираған Сталинград қаласынан көрген жантүршігерлік көріністер ерте есейтіп, ширата түскені рас. Жауға деген өшпенділік оты көкірегін кернеген жерлесіміз «Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен еңбек майданындағы «шайқасқа» бұрынғыдан да бетер бел шеше кіріседі. 1944 жылдың қаңтарында Құлсары бұрғылау цехына бұрғышының көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Бригада басшысы, ілім-білімсіз-ақ кондукторсыз бұрғылау әдісін ойлап тапқан Ленин орденді бұрғылау шебері Бисенғали Өтеулиев еді.
Еңбек майданының даңқты ері жас балаға тәлімгер болып, жеті қат жер астының қыр-сырына қанықтырып, бұрғышылық болашағына даңғыл жол салып береді. Еңбек майданының алдыңғы шебінде шыңдалған Бақтыбай Қалымбетовтің өзі де еңбектегі нағыз ер атанды. Жас кезінде алған жоғарыдағы наградадан басқа В.И.Лениннің 100 жылдығына орай «Ерекше еңбегімен» медалін, 1977 жылы «Октябрь революциясы» орденін иеленді. Оның басқарған бригадасынан Ақаш Мұхамбетов пен Зейнел Балкенжиевтей екі Социалистік Еңбек Ері, Қызыл Ту орденді Бипан Нұрымов пен Жолдас Тәжіғалиевтердің шығуы – көп нәрсені айғақтаса керек.
Ербол ҚОШАҚАНОВ