«Егер бостандыққа шықсам…»

vkaprolьb Қоғам

СЫРТЫ БИІК, ТІКЕНДЕЛГЕН СЫМДАРМЕН ҚОРШАЛҒАН ДУАЛДЫ ЖАҒАЛАЙ БАҚЫЛАУӨТКІЗУ БЕКЕТІНЕ ДЕ ЖАҚЫНДАДЫҚ. ИМЕНЕ БАСЫП, ҚОРҚАСОҚТАП ТҰРМЫЗ. ЕСІКТЕН ЕНГЕННЕН-АҚ ЕСІМІЗДІ ШЫҒАРМАСА ДА, КҮЗЕТШІЛЕР ҚҰЖАТ ТІРКЕП, СЫРҒА, САҚИНА, ТЕЛЕФОН, АҚША СЕКІЛДІ ДҮНИЕЛЕРДІ АРНАЙЫ ОРЫНҒА ҚАЛДЫРТЫП, МЕТАЛЛ ІЗДЕГІШПЕН БОЙЫМЫЗДЫ БІР «СҮЗІП» ШЫҚТЫ. ӘБДЕН ТЕКСЕРІП, СОДАН КЕЙІН ҒАНА ІШКЕ КІРУГЕ РҰҚСАТ ЕТТІ. ҚАЛАМ-ҚАҒАЗЫМЫЗДЫ ҚҰШАҚТАП, ФОТОТІЛШІ ЕРЛАН АЛТЫБАЕВ ЕКЕУМІЗ ТЕГЕУРІНДІ ТӘРТІПКЕ БАҒЫНЫП, ҚАНШАМА ӘЙЕЛ ЖЫЛДАР БОЙЫ СЫРТҚА ШЫҒУДЫ АРМАНДАЙТЫН ЕСІКТЕН СОЛ ӘЛЕМГЕ ЕНДІК. АРТЫМЫЗДАН ТАРС ЕТІП, ЗІЛДЕЙ ҚАРА ЕСІК ТЕ ЖАБЫЛДЫ. БҰЛ АУЫЗЕКІ ТІЛДЕ «ӘЙЕЛДЕР ТҮРМЕСІ» АТАНҒАН ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ 79 МЕКЕМЕСІ ЕДІ.

ТҮРМЕДЕГІ ТІРШІЛІК

Қанша жерден тігісін жатқызып, жасырғымыз келсе де, əйелдер түрмесінде отырған нəзікжандылар саны аз емес. Рас, бұл жерге келместен бұрын көз алдымызға фильмдердегі сюжеттер елестейтін. Сартылдаған темір есік, тарсылдаған темір тор, қолдарындағы дубинкамен сотталғандарға əкіреңдеген əскери əйелдерді елестеткен едік. Олай емес екен… тікенді сымның арғы жағында да қым-қуыт тіршілік бар. Ол жерде істі болып, жазасын өтеп жатса да əдемілікке құштар нəзікжандылар, сотталса да еңбек етіп, отбасын асыраған жандар жүр. Өзара əзілдесіп, əңгімелесіп, кітап оқып, арасында əуенге қосыла əн шырқап, мың бұралып билеп те алады. Жанымызда қауіпсіздік үшін екі қызметкер еріп жүрді. Түрме ғимараттарынан биік тұрған — күзет мұнарасы. Ол жерден сотталғандардың аула ішіндегі жүріс-тұрысы бақыланады. Айнала тікенді сыммен қоршалған қабырғалар ғана. Бұл жердегілердің өмірі, бəлкім тағдыры «еркіндікте» жəне «темір торда» деп екіге бөлінген. Олар үшін бір күн жүз күнмен тең. Арнаулы киім киген сотталғандар конвоирдің мұқият қадағалауымен есік алдында жүр. Біреулері аптасына бір рет əлеуметтік желілер арқылы жаңалықтарды шолып, жақын-туыстарымен сөйлесуге берілетін мүмкіндікті пайдалану үшін кезекте тұрды. Біздің мақсат түрме аумағындағы түрлі цехтарды аралап, жұмыс барысымен танысу болатын. Өйткені, түрме тіршілігінен толық репортаж жасауға мекеме басшылығы тарапынан рұқсат берілмеді. Барына қанағат етуге тура келді.

ЖҰМЫСҚА ТАРТЫЛҒАН ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ

Кез келген түрменің тұрғын жəне өндірістік аймағы бар. Өндірістік аймақта түрлі цехтар, өзге де өндірістік нысандар орналасқан. Колонияда 169 əйел шалыс басқаны үшін, шарасыздықтан шатасқаны үшін айыбын өтеуде. Жаңылысып, жазаға кесілгендердің арасында жасын да, жасамысын да көз көрді. Бəрінен бірдей «қандай қылмыс жасадың?» деп сұрауға да батыл керек. Өйткені, агрессияға берілгендерді де байқағандай болдық. Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің 79 мекемесінің бастығы, əділет майоры Жандос Жұмашевтің айтуынша, түзеу мекемелеріндегі адамдарды жұмысқа алуға ынталы кəсіпкерлер қатары жыл санап артып келеді. Қазір мұнда 7 кəсіпкер қызмет атқарады. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаржылай қолдауға ие болған олар 103 жазасын өтеушіні жұмысқа тартып отыр. – Жалпы, сотты болғандарды жұмыспен қамтудың тиімді тұсы – бос уақыттарын пайдалы іске арнайды əрі сол жерде кəсіпкерлік біліктіліктерін арттырады. Қапастағы тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, бостандыққа шыққан соң да жаңа өмірге тез бейімделуіне көмектеседі. Сонымен қатар, сот үкім еткен материалдық шығынды өтеуге мүмкіндік алады. Абақтыда жасап жүрген жұмысын бостандықта да жалғастыруға болады. Бұл бұрынғы сотталғандар арасында қайта қылмыс жасау қаупін азайтады жəне жұмыссыздық деңгейін төмендетеді, – дейді Жандос Ғарифоллаұлы.

ЕҢБЕК ЕТІП, ТАБЫС ТАБАДЫ

Əр цехта музыкалық аппараттар қосулы. Жазасын өтеушілер əндерін тыңдап, əңгімелерін айтып, жұмыстарын жасауда. Біз «Еңбек Атырау» кəсіпорнының бөлмесіне келгенімізде жұмыс жасап жатқан бірнеше қыз-келіншекті көрдік. Көпшілігі біз келгеннен соң, орындарынан тұрып кетіп қалды. Суретке түсіп қалудан қорқып, жүздерін жасырып жатыр. «Сен жергілікті емессің ғой, ешкім танымайды» деп бір-бірін итермелеп қояды. Иə, жасаған істеріне өкініп, қысылады. Мұнда қызмет етіп жүргендер аймақтағы мұнай саласы мамандарының, сотталған ер-азаматтар мен өздерінің қысы-жазы киетін формаларын тігеді. Ең бастысы, еңбекақы төленеді.

Бір айта кетерлігі, өздерінің табыстарын отбасыларына жіберетіндер де бар. Атын атамауды өтінген жазасын өтеуші ақтаулық келіншек алаяқтық баппен істі болған екен. Аталған цех бригадирінің көмекшісі. Екі ұл мен бір қыздың анасы жуырда ғана еңбек демалысынан шыққанын айтады. «Басында уақытты босқа өткізбей, бірдеңені үйреніп алайын деп ойладым. Артынан қалай қызығып, осы жұмысқа белсене кірісіп кеткенімді байқамай қалдым. Айына 27 000 теңге еңбекақымды аламын, өткен айда қалтама қомақты қаржы түсті. Жартысын айыппұлға төлеп, қалғанын отбасыма жібердім. Колонияда азық-түлік дүкені жұмыс істейді, ол жерден өзіміз тапқан ақшаға керек-жарағымызды сатып ала аламыз. Бізге зейнетақы да төленеді» деп жүзіндегі мұңын, көзіне құйылған ыстық жасты іркіп, білдіргісі келмей, жай жымиып қана келесі жылы бостандыққа шығатынын айтты. Атыраулық жазасын өтеуші де осы баппен сотталған екен. Темір тордың ар жағында ағайын-туғаннан бөлек, төрт қызы қалған. Бұл түрмеге тоғытылғаннан бері өмірге екі немересі келіпті. Соларды көруге асық.

– Шыны керек, келер жылды асыға күтіп, күн санап жүрмін. Аңсаған бостандығым да алдымда тұр. Бір жағынан сыртқа шығуға қорқамын да. Бірақ бостандыққа ештеңе жетпейді. Оның үстіне мені күтіп отырған əкешешем, бауырларым бар. «Шалыс кеттің» деп менен сырт айналған жоқ, – дейді ол.

Иə, мұндай мекемедегі өндірістік жұмыстар адамның өзге өмірге, жаңа ортаға бейімделуіне, бостандыққа шыққан соң да сол бағытта жұмыс табуына зор көмек екен. Ал, жалақы көлемі атқарылған жұмысқа байланысты 20-30 мың теңге аралығында. Бірі – жалақысын жинаса, біреуі – үйіне жібереді, екіншісі дүкеннен қажетін алады.

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ КЕДЕРГІ ЖОҚ

Мекеме бастығының орынбасары Марта Өтеповадан білгеніміздей, сотталған əйелдерге жұмыс тауып беремін деген кəсіпкерлерге айтарлықтай кедергі жоқ. Тігін машиналары мен құралжабдықтарын қойып, сотталғандарға жалақы төлеп отыруы тиіс. Арзан жұмыс күшін пайдаланып отырған кəсіп иелерінің көбі тендер арқылы тапсырыс алған. Біз əрі қарай «Алмаз» ЖК орналасқан цехқа келдік. Мұнда үріп ауызға салғандай екі ару жамылғы көрпе тігіп отыр екен. Басында қысылып, дидарласудан қашқақтағанымен, кейін еркінсіп, жұмыс барысын айтып берді. Білгеніміздей, қыз-келіншектердің жұмыс уақыты таңғы 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін. Тапсырысқа қарай, айына шамамен 25 000 – 70 000 теңге көлемінде еңбекақы төленетін болып шықты. Негізінен текстиль, сүлгілер, төсек жабындыларын тігумен айналысады. Ай басында 200 дана жамылғы көрпеге тапсырыс түсіпті. Оның 140-ын дайындап үлгерген. Сөреде қаз-қатар жиналған, түрлі түстегі сүлгіге көзіміз түсті. Олардың айтуларынша, 200 сүлгінің де тапсырысын орындап тастаған. Күніне шамамен 50 шақты көрпе тігуге мүмкіндіктері барын да жеткізді. Ал, «Ақ желкен» ЖШС-нің цехы полиграфиялық өнімдер шығарумен айналысады. Мұнда сотталушылар куəліктердің сыртқы қағазын, сертификаттар мен папкілер дайындап отырды. Аталған мекемеде бұдан бөлек, о й ы н ш ы қ т а р м е н к и і м т і ге т і н «Сүйесінова», «Асма», «Кəусар», «Аманғалиева» жеке кəсіпкерліктерінің цехтары жұмыс жасайды. Біздің назарымыз текшелеп жиналған құрақ көрпелерге ерекше ауды. Көздің жауын алатын керемет оюмен өрнектелген көрпешелерден қолөнердің, «ай», «шаршы», «тұмарша», «ботакөз», «сегіз жапырақ», «тырна» атты құрақ түрлерінің ізін көріп қуандық. Қидаланған матаны бір-біріне жалықпай қиюластырып, құрақ құрап отырған жазасын өтеуші тігіншілікті анасынан үйренгенін айтады. «Əсіресе, қыз балаға жасау жасаған уақытта бірінші осы құрақ көрпені апарады ғой. Перзенттерімнің басы құралсын деген ырыммен тігетін болған. Қазір базарға барсаң оюланған неше түрлі көрпешелер тұрады, сатушылар оны сізге құрақ деп ұсынады. Бірақ, ол құраққа жатпайды. Негізінде қолмен тігілген құраққа жетпейді, – дейді ол.

Бұл жердегі қыз-келіншектердің күні осылай өтуде. Олардың боянуына да рұқсат етілген. Байқағанымыз, «бостандыққа шыққанда» деген тіркесті тілдеріне жиі тиек етеді. Бұл адамдардың көңілінде мерзімінен бұрын шығуға, үйлеріне оралуға деген ынталары зор. Ертеңгі күннен үмітті. Жалпы ұстау режимді колонияда басым бөлігі темір торға бірінші түскендер, алаяқтықпен айналысқандар, білместіктен адам өліміне кінəлі болғандар. Айтпақшы, біз бұл əлемге «саяхат» жасаған күні мекеме басшылығы жазасын өтеушілердің қолынан шыққан 50 шақты құрақ көрпе мен жастықты, оюлы төсеніштерді №4 арнаулы əлеуметтік қызметтер көрсету орталығы коммуналдық мекемесіндегі қарттарға табыстауға бара жатты. Кім мұндай тар қапастағы тірлікті таңдап алды дейсіз… Тағдыры тəлкекке ұшырап, темір торға қамалды…. Қазақта «шүкіршілік» деген жақсы сөз бар ғой, абақтыдағы ағайынның қоғамнан шеттемей, ғаламтордан елдегі жаңалықтарға қанығып хабардар болып, отбасымен араласуларына, еңбек етіп, табыс табуларына да мүмкіндік жасалғанына шүкір. Қолайлы жағдай да жоқ емес. Мүмкін, бұл қадамдар жаза басып, жазықты болғандардың тура жолға түсіп, түзу өмір сүруіне мүмкіндік берер… Қалай десек те, түрмеден кейін де өмір жалғасады. Мұндағы тіршілікті көргендегі ой осы болды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз