Жарнама
Қоғам

Қазақтың мәңгі дара тұлғасы

Халықтың рухани болмысын жаңғырту үшін әуелі Абайды тану, оның бай мұрасын қоғамда кеңінен пайдаланған абзал. Абай заманынан бері қанша уақыт өтсе де оның шығармашылығы, күллі ұлтқа салып кеткен сара жолы өзектілігін жойған жоқ. Бұл ақын мұрасын зерделеп, зерттеуді әлі де дұрыс жолға қою қажеттігін айқындайды.

Қалың бұқараны Абай ілімі арқылы тәрбиелеп, алға жылжытуда ойшылдың өзі туып-өскен өңірде қолға алынған игі істер аз емес. Ақын мұрасын ұлт игілігіне айналдыруда бізге ортақ іс пен мақсат-міндет керек.

Семей қаласындағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері, жазушы, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері Қуат Қиықбаймен сұхбаттың негізгі  түйіні де осы болды.

– Қуат Қазезұлы, киелі Абай елінде туып-өсіп, бүгінде «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде Абайтану жұмыстарының бел ортасында жүрсіз. Сіздің бұл қызметке келуіңіздің себебі неде? Жалпы Абайтану бағытындағы зерттеу жұмыстарыңыз қашан, қалай басталып еді?

– Хакім Абайды тану, оның өзі мен сөзіне қызығушылық мектеп қабырғасында жүргенде басталды. Шын мәнінде Абайға дендеп келгеніме бес-алты жыл өтті. Оған осы музейге ғылыми қызметкер ретінде шақырылуымның да әсері болғаны анық. Ең алғаш музейге келер кезде қатты ойландым. «Нені зерттеуім керек, Әуезовтен асып не жасай аламыз?» деген сияқты ой, әрине, болды. Бірақ дана Абай барлық кезеңде де күллі қазаққа үлгілі тұлға болып қала береді. Сондықтан оның ақын болып қалыптасудағы еңбегін әлі де зерттей түсуіміз керек екенін ұғындым.

Бүгінде кейбір адамдардан «Біз қазір Абайды тым биіктетіп айтамыз. Мұның басты себебі – бай, аға сұлтанның, мемлекеттің ірі қайраткері Құнанбайдың баласы болғандығынан шығар» деген пікірді жиі естимін. Рас, біз бен сіз секілді Абай да қоғамның бір бөлшегі болды. Ол да бала болды. Бірақ ол Жаратқанның берген ерекше талантын бойына жиған, Тәңірдің ерекше мейірім шапағаты түскен тұлға екенін әсте ұмытуға болмайды ғой. Өйткені Абай қазақтың бүкіл ауыз әдебиетін құлағымен естіп, жүрегімен сезіп, көңіліне қондырып, санасына сіңіріп өскен. Сондықтан, меніңше, жоғарыдағы пікірдің өзі білместіктен айтылып жүрген секілді.

Дұрысында, Абайды тану дегенді адамды тану деп түсінуіміз қажет. Ол бос мақтан, өсек-өтірік, жат қылықтан аулақ болу қажеттігін естір құлаққа сіңімді етіп жазып кетті емес пе?!

Абай жылы жүрек, мейірім, махаббат, ғашықтық, жан құмарлығы туралы өте көп айтты. Қазір «интеллектуалды білім» деп жүргенімізді ол өз заманында-ақ дәлелдеп, адамға нұрлы ақыл қажеттігіне көбірек ден қойды. Ащы термен, шын еңбектенумен келген дүниенің барлығының несібесі болатынын да өзі жеткізді.

Абай мұраларын зерттеуде «176 өлеңі, 45 қара сөзі, 3 поэмасы бар, 4-нші поэмасы аударма» деп, оның шығармаларын санамалағаннан гөрі, әр туындысының түпкі мәніне шынайы кіру керек. Сөзі арқылы оны тани түсіп, әр ғибрат сөзін қоғамдық күш ретінде қолдануға әбден болады. Мысалы, бала тәрбиесінен бастап, адамды еңбекке баулуда, нәтижелі іс атқаруда да оның әр сөзін күнделікті өмірде қолданса артық болмас. Әр адам Абайға жақындай түскенде ғана біз бүгінгі қоғамдағы біраз нәрсенің кілтін табар едік.

– Абайтанушы болу зор жауапкершілік жүктейді. Осы жүкті арқалап жүру Сізге қаншалықты әсер етеді?

– Сұрағыңыз өте орынды. Расында да, бұл зор жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Өткен жылдары Зәуреш Басаева есімді азамат «Абай-Ибраһим деген ақын мүлдем болмаған» деп қисынға келмейтін даулы мәселе көтерді. «Оны Әлихандар ойлап шығарған екен, оған қатысты дүниенің барлығын Мұхтар Әуезов жазып шыққан. Біз көркем бейнені шын тарихи тұлғаға айналдырып алдық» деген сыңайда өте ауыр сөз айтып, дана Абайды жоққа шығарды. Бұл – бүкіл ұлтқа оқ атып, халықты жек көргендік деп білемін.

Біз қызмет бабымен талай жерге экспедицияға барамыз. Сонда «Абайды тым асқақтатып айтамыз» деген пікірді жиі естимін. Бізге бұлайша қателесуге болмайды.

1885 жылы Американың әйгілі жиһанкез жазушысы Джордж Кеннан Семей қаласына келіпті. Бұл Ресей патшалығынан қуғын көрген саяси тұтқындардың жер аударылуына байланысты орыстардың жай-күйі туралы зерттеп, «Сібір және қуғын-сүргін» кітабын жазып шығады. Өз еңбегінде ол жер аударылып келгендердің жағдайының жақсыға жақын екенін көргенін көрсеткен. Мұнда мәдени шаралардың жиі өткізілетінін айтып, Абай Құнанбаев деген адаммен мәслихаттас болып, кеңінен әңгімелескенін де жазады. Демек сол кезден-ақ Абай өте беделді адам болған. Ал оның бәрін жоққа шығарып, әлгіндей қисық пікір айтушылар бас көтеріп жатқанда, шақшадай басымның шарадай болатыны рас.

«Абайтанушы» деген өте жауапты, әрі салмағы ауыр атақ. Ақын шығармашылығына үңілген адамның барлығын бірдей «абайтанушы» дей беру түбегейлі қателік. Мен өзімді осы музейдің бір бөлшегі, мекеменің бір ғылыми қызметкерімін деп білемін. Ал қазір өзінің пікірін мерзімді басылымдарға шығарып, Абайға қатысты ел аузындағы дүниелерді жинақтап, кейінгі жылдары өзін «Абайтанушы» деп таныстырып жүргендер көбейді. Олар ондай атақты арқалауға аса зор жауапкершіліктің қажеттігін сезінбейді бәлкім!

Мен үшін нағыз абайтанушы – ғұлама ғалым, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов, одан кейін Мекемтас Мырзахметов, Тұрсын Жұртбай, Бауыржан Ердембеков сынды үлкен ғалым ағалар. Қазір Абайтану ғылымы еріккеннің ермегіне айналып кеткендей көрінеді кейде. Абай шығармашылығына жеңіл-желпі қарайды да, өздерін «абайтанушы» деп атауды үлкен абырой көреді.

ca7a5367 adeb 486d 8681 495a48b1c984

Ақын мұрасы – жан жолдасым

– Өмір болған соң барлық нәрсе адамның көңілінен шыға бермейді. Оның соқпақты жолдары, көлеңкелі тұстары да бар. Осындай жол таппай шырылдаған сәтте бірінші әрекетіңіз қандай?

– Мұндай сәтте маған көмекке Абай мұрасы келеді. Абайтанушы болмасам да, оның мұрасын ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген қызметкер болғандықтан, бүгінде ақынның әрбір сөзі ең жақын досыма айналды. Шығармашылық адамы ретінде де, әдебиеттанушы ретінде де Абай мұрасы мен үшін өте ыстық. Ер мен езді, жақсы мен жаманды, ақылды мен ақылсызды, ғылым мен оған қатысы жоқ адамның парқы болмай, ешқайсысын ажырата алмай жатқанда шын мәнінде Абайға үңілемін.

Осындайда Тұрсын Жұртбай ағамыздың: «Мен Абайды оқысам, екі-үш күнге дейін жер бауырлап жатып қалам», — деген сөзі ойға еріксіз оралады. Мұның мағынасын студент кезімде мүлдем түсінбейтінмін. Қазір жасымыз өсіп, ақылымыздың да толысқаны шығар, бәлкім, қоғамда болып жатқан әділетсіздікті, өз арамыздағы бассыздық пен басбұзарлықты көргенде Абайға үңілсең, шын мәнінде жүректі біраз уақыт тыныштандыруға әбден болады. «Абай заманында да осы болған, ақынның басында да осындай дүниелер өткен екен ғой» деп өзімізді жұбатуға болады.

Абай: «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек – осы үшеуінің жайын білмек бұл үлкен ғылым» дейді. Ыстық қайрат дегеніміз әр адамға керек. Қазір «әр адам қимылдау керек, спортпен айналысу пайдалы» деп жар салып жүрміз. Ал, Абай оны өз заманында-ақ айқындап айтып, әркімде ыстық қайрат болу керектігін жеткізген. Ыстық қайраты болған адамның еңбекке де ебі бар.

Осы секілді нәрселерді оқып отырғанда өзіміздің негізгі жолымыздан, негізгі бағыт-бағдарымыз бұлыңғырланып адасып бара жатқанда, әрине Абай бізге көмекке келеді. Өйткені Абай білім, ғылымды іздеуге, талапты болуға, «бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық» болуға үйретті.

Ойшылдың мұрасының бала тәрбиесінде де орны айрықша. Бірінші қара сөзінде бала бағу туралы өте жетік айтылады. Баланы дұрыстап тәрбиелей отырып, оның жақсы мен жаманның парқын ажырата алатындай адам болып қалыптасуы үшін еркін өзіне беру керектігін де алға қойды. Абай баланы ғылымға, білімге үндеуде де оны алдарқатып, ақылмен үйретсеңіз, оқу оның күнделікті әдетіне айналатынын айтады. Ақын мұның барлығын ашық айтпаса да, қара сөздерінде астарлап әдемі жеткізе білген.

«Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде «кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп, сыртқа  пысық келеді, сөзге сынық…» дейді Абай. Расында да бұл жағдай қазіргі қоғамда «аға» деп аспанға көтеріп, «бауыр» деп бауырымызға басып жүрген ер-жігіттердің мінезін ашып берді. Сонымен қатар, «Ғылым таппай мақтанба…» деген сөзін қазір қанша айтсақ та артық емес. Біз «бабамыз батыр баһадүр болған екен, бәлен екен, түген екен» деп мақтанға салынып кетеміз. «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңі де қазір кейбір замандастарымыздың кейпін көрсетеді.

Абайды білу – өз-өзіңе үңіліп, жан жүрегіңді жаман нәрседен арашалап, адамдыққа, адалдыққа, имандылыққа үйрету деген сөз.

– Қазіргі жас буынға Абайды қалай оқытуға болады? Ғылым мен технологияның дамыған заманында жас ұрпаққа дара туған данамыздың шығармашылығын танытып, оған қызықтыру үшін қандай идея, ұсыныс айтасыз?

– Семейдегі үлкен оқу ордасының бірі – Шәкәрім атындағы университетте оқытушылық қызметті де атқарып жүрмін. Мұндағы іс-тәжірибемнен айтсам, жастарға Абайдың балалық шағында бастан өткерген дүниесін айтқан өте қызықты. Семейдегі музей Абайдың осыдан үш жыл бұрын – 175 жылдығы қарсаңында қайта жаңғыртылып, кішкентай келушілер үшін көлеңкелі театр жасақталды. Балаларға ұғынықты тілде қойылымдар қойылып, әндер айтылады.

Абайды бала жастан жаттап өскен бала өмірде ешқашан адаспайды. Қазір әлеуметтік желілерде ақынның өлең, әндерін жастардың жатқа айтып жүргенін көріп, марқайып қаламыз. Кез-келген жас бала осындай қызығушылықпен Абай шығармашылығына ден қойса, болашағымыз бұлыңғыр болмайды. Жас буынға ақынның бала кезіндегі қызықты оқиғаларын көп айтып, ұғындыра беру керек. Ол үшін Абайдың балалығы туралы мультфильм де жасап шығаруға болады.

Сонымен қатар, жас ұрпаққа Абайды оқытып, қызығушылығын арттыруда жан-жақты жұмыс керек. Бұл істе мектеп, ата-ана мен музейдің орны айрықша. Мәселен, Семей қаласындағы мектептердің бірінің VII сынып оқушысы «Абай жолын» оқып шыққанын айтты. Оны оқуға не себеп болғанын сұрағанымда, музейге алғаш келгенде Абайға қатысты жәдігерлерді, ол тұтынған заттарды көзбен көргенде оның шығармаларын оқуға, танып-білуге құштарлығым артты дейді. Тағы бір оқушы музейге сапарынан кейін Абайдың қара сөздерін толық оқығанын айтты.

Бала тәрбиесінде баса назар аударатын нәрсе – олар көргенін жасайды. Бұған өз отбасымнан қарапайым дәлел келтірейін. Үйде Абайды көп оқып, өлеңдерін жаттаймын. Маған ілесіп, қызым да өлең жаттауды әдетке айналдырды. Бұл – оның өзінің жеке қызығушылығы. Сондықтан Абайды ұрпағына оқыту үшін ата-ана да өзін осы бағытта тәрбиелей білуі керек. Үйде осы жұмыстарды дамытпасақ, Абай туралы білім беруде мектептегі немесе музейдегі іс-әрекет біржақты болып қала береді, сөйтіп барлық еңбек зая кетеді. Сөздің ақиқаты – осы!..

Абайдың өз балаларына берген білімі мен тәрбиесінен-ақ осыны аңғаруға болады. Мысалы, Әбіш қандай білімді болған?! Мағауиясының өзі Абай секілді өлең, поэма жазып, дәл әкесі секілді болыс, әділ би болады. Ақылбайы мен Тұрағұлы да өнерлі. Мұның барлығы әкесінің бойындағы өнерді көріп, жиып өскендіктің нәтижесі демеске амал жоқ.

Кітап жазу – парызым

– Бүгінде Абай елінде ақын мұрасын насихаттап, оның кемеңгерлігін адамзатқа үлгі етуде қандай іс-шаралар атқарылуда? Музей-қорықта қандай жаңашылдықтар бар?

– Биыл біздің музейдің ашылғанына – 83 жыл. Мұнда 2020 жылы ақынның 175 жылдығы кеңінен атап өтілді. Содан бері музейде үлкен жаңалықтар бар. Абай музейі заманауи мультимедиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Музейді қайта жаңғырту, экспозициясының мазмұнын арттыру, заманға сай икемдеу жұмысы осыдан 30 жыл бұрын жасалған еді ғой. Бүгінге дейін біраз ауқымды жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде адамзаттың Абайды тануға құштарлығы артып келе жатқаны қуантады.

Музейге алыс-жақын шетелден де келетін қонақтардың қарасы көбейді. Студенттерге өз дәрістерін мазмұндырақ етіп дайындау үшін ізденіспен келетін педагогтар көп. Музейдің ғылыми қызметкерлері мектептер мен жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста қызмет етеді. Бұл жерде Абайды оқытуда ғылыми дәйектермен дәлелденген деректерді ұсынып, талқылаулар жиі ұйымдастырылады. Музейде 11 экспозициялық зал бар. Жылжымалы көрмелер де тұрақты жұмыс жасап тұр. Тәжірибе алмасу түрінде кейінгі жылдары Павлодар, Қарағанды, Алматы, Астана, Ақтөбе, Орал қалаларында жылжымалы көрмелерді өткіздік. Мұндай көрмені басқа облыстарда да ұйымдастыру жөнінде өңірлерден ұсыныс түссе құба-құп. Өйткені Абай – барша қазаққа ортақ. Сондықтан барлық өңірлерді қамтып, алдағы уақытта Абай елінде аймақтық, республикалық шаралар ұйымдастыру көзделген.

Биыл дана Абайдың туған күніне орай музейде екі көрме ашылмақ. Семей қаласында 1853-1858 жылдары Абай білім алған қасиетті оқу орны – «Ахмет Риза» медресесі екенін білесіздер. Мұндағы шәкірттерге 250-ден аса кітап оқытылған. Соның ішінде «Абай оқыған кітаптар» көрмесіне 100-ге жуық еңбек қойылады. Ал, екінші шара – сурет көрмесі. Сонымен қатар, медреседегі Абайдың ұстаздары туралы зиялы қауым және зерттеуші-ғалымдардың қатысуымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылады. Облыстық білім беру басқармасымен бірлескен «Абай оқулары» конкурсы өтеді.

– Енді өзіңіздің шығармашы-лығыңызға ауыссақ. Қазір немен шұғылданып жүрсіз?

– Менің қазір ойға алған дүнием – диссертация, ғылыми еңбегімнің жол торабы ретінде кітап жазып шығу. Абайтанудағы бүгінгі көзқарасты ескеріп, «туындыны жас буынға ұғынықты етіп қалай жазамыз, орта, үлкен жастағыларды да қамту үшін не істелуі керек?» деген секілді сауалдарды зерделеп жүрмін.

Жеке шығармашылығыма тоқталсам, алты жыл бұрын кітабым шықты. Қазір тағы бір-екі кітабым дайын тұр. Алты жыл ішінде жазылған және 30-ға тарта әлем әдебиетінен аударған әңгімелер жинақталды. Осы дүниелерді кітап етіп басып шығаруды ойлап жүрмін. Арасында драмалық шығармаға да қалам сілтейтінім бар. Ал, ғылыми мақалалар жазу – күнделікті жұмысым!

– Сұхбатыңызға көп рақмет. Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button