ШЕТЕЛДІКТЕР ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚҚА ӨКПЕЛІ

Атырау облысында мұнай-газ секторын материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласында жаңа Қазақстан-Британ серіктестіктері құрылатын болады. Бұл жөнінде мұнай-газ секторын материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласында өзара әрекеттесу мәселелері жөніндегі 7-ші Қазақстан-Британ форумында Атырау облысында жаңа өндірістер құруға және өндірістік жабдықтарды құрастыруға мүдделі британдық және қазақстандық компаниялар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі екі бірдей келісімге қол қойылды.

Дәстүрлі форум еліміздегі «Шелл» концерні, Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігі жанындағы сауда және инвестициялар жөніндегі департаменті және жергілікті қамтуды дамытудың ұлттық агенттігінің қолдауымен 2011 жылдан бері өткізіліп келеді. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс тарихы тереңде, соның ішінде, Атырау және Абердин қалалары «бауырлас қалалар» деп есептелетінін айта кеткен жөн. Шараның ашылу салтанатында сөз алған Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков елдер арасындағы іскерлік қарым-қатынасқа тоқталып, бірлесіп қолға алған жұмыстың жандана түсеріне сенім білдірді.
Биыл форумға 40-тан астам британдық компания қатысты. Онда көтерілген мәселелердің қатарында – шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қолайлы шарттар қалыптастыруға байланысты ұсыныстар да қаралды. «Жергілікті қамтуды дамытудың ұлттық агенттігі» («NADLoC») төрағасы Қайрат Бектүргеневтің айтуынша, осы орайда жүзеге асырылып отырған мемлекеттік бағдарлама қарқынды дамып, нәтиже беріп келеді. Атап айтқанда, 2011 жылдан бастап 23 серіктестіктің айналымы шамамен 150 миллион АҚШ долларын құраған. Қазіргі кезде 62 серіктестікті құру бойынша келіссөздер жүріп жатыр екен, оның ішінде 35-і бұл шағын және орта бизнес болып табылады. Болжам бойынша 2020 жылға дейін серіктестіктер айналымы 2,5 млрд. долларды құрап, жиырма мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Бұдан кейін сөз алған Ұлыбритания Премьер-министрінің Қазақстандағы және Орталық Азиядағы сауда мәселелері жөніндегі өкілі Чарльз Хендри, Қазақстандағы «Шелл» концернінің өкілі Кэмпбелл Кир, «Шелл» компаниясының жергілікті мазмұнды дамыту жөніндегі кеңесшісі Оделия Морван, Ұлыбританиядағы мұнай-газ секторындағы сауда-инвестициялық өкілдігінің басшысы Джон Кроуфорд екі ел арасындағы іскерлік байланысты өркендетудің жан-жақты аспектілерін кеңінен талқылады. Соның ішінде, бизнестегі қазақстандық мазмұнды байыту, жергілікті кадрды көптеп тарту бойынша да іс-шаралар атқарылып отыр. Бұған дейін Қазақстанда серіктестіктерін ашқан Wood Group, Worley Parsons және Fluor UK секілді Ұлыбританияның ірі компаниялары технологияларды өткізу және жергілікті кадрларды даярлау бағыты бойынша жұмыс атқаруда.
Форум барысында айтылғандай, инвестиция тарту және іскерлік қарым-қатынас үшін қолайлылығы жағынан рейтинг бойынша жыл санап көтеріліп келе жатқан Қазақстанда тиесілі құжаттарды рәсімдеу ұзақ уақыт алады. Бір ғана қажетті қағаздың қолға тиюі үшін жарты жылдап жүруге тура келгенін жеткізген шетелдіктер осы мәселені құзырлы мекемелер назарына ұсынды. Мұндай қағазбастылықтан арылып, артық құжаттарды азайтудың өзі ортақ істің алға басуына септігін тигізген болар еді.
Сондай-ақ, форум аясында мамандандырылған жұмыс сессиясы өткізіліп, табысты қолдан жасап келе жатқан компаниялар нарық жағдайындағы тиімді бизнесті жүргізу және дамыту бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз