Жарнама
Қоғам

Қазақстандық медианың дағдарысы: аудитория сенімі неге төмендеп барады?

Республика Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысында Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай еліміздің медиа саласы бірқатар жүйелі мәселеге тап болып отырғанын атап өтті.

img 7917

Сенатордың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстандағы медиа индустриясы сандық трансформациядан өтіп, айтарлықтай өзгерістерге ұшырағанымен, оның алдында бірнеше өзекті мәселе тұр. Олардың қатарында цифрлық форматқа бейімделу қиындықтары, медиа сауаттылықтың төмендігі, қаржыландыру тапшылығы, аудиторияның сенімсіздігі және кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі бар.

Қазір дәстүрлі БАҚ-тың цифрлық форматқа көшудегі қарқыны бәсең. Әсіресе өңірлік басылымдар технологиялық жаңаруға бейімделуде артта қалып келеді. Бұл жағдайға қаржылық және кадр тапшылығы әсер етуде. Осының салдарынан аудитория ақпаратты онлайн платформалардан тұтынуға көшіп, дәстүрлі медианың ықпалы әлсіреп барады.

Халықтың ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау дағдысының әлсіздігі жалған ақпараттардың таралуына ықпал етуде. Депутат бұл бағытта заңнамалық базаны жетілдіру қажеттігін атап өтті. Қазір жаңа цифрлық платформаларды қамтымау құқықтық вакуум тудырып, блогерлер мен онлайн медианың жауапкершілігіне қатысты мәселелер туындап отыр.

Қазақстанда тәуелсіз медиалар өз жұмысын жарнама мен оқырман қолдауына сүйене отырып жүргізуге мәжбүр. Алайда отандық жарнама нарығының шағын болуы, шетелдік алпауыт платформалармен бәсекелесе алмауы жергілікті медианың қаржылық тұрақтылығына кері әсерін тигізуде.

Сенатор мемлекеттік тапсырыстардың тақырыбын әртараптандырып, жаңадан құрылған медиаларды қолдау қажеттігін айтты. Сонымен қатар медиа нарығында ашықтық пен әділ бәсекені қалыптастыру арқылы ақпарат сапасын жақсартуға болатынын атап өтті.

Қазір қазақстандықтардың мемлекеттік БАҚ-қа деген сенімі төмендеуде. Бұған ресми ақпарат көздерінің біржақтылығы және әлеуметтік желілердегі манипулятивті контенттің көптігі себеп болып отыр.

“Мемлекеттік БАҚ-тар жергілікті жерлердегі мәселелерді көтеріп, олардың шешімі туралы ақпарат беруге басымдық беруі керек. Егер объективті ақпарат тарату жүйелі жолға қойылса, әлеуметтік желілерде билікті айыптайтын контент азаяр еді”, – деді сенатор.

Журналистика саласында білікті мамандардың жетіспеуі ақпараттық контент сапасына әсер етуде. Сапасыз аудармалар, кәсіби этиканың сақталмауы және терең талдау материалдарының аздығы – басты мәселелердің бірі.

Журналистердің еңбекақысының төмен болуы жас мамандардың өзге салаларға ауысуына алып келуде. Бұл бағытта медиахолдингтердің өз қызметкерлеріне бәсекеге қабілетті жалақы ұсынуы, сондай-ақ журналистика факультеттеріндегі білім сапасын арттыру қажеттігі айтылды.

Өңірлік басылымдар көбінесе жергілікті әкімдіктердің қызметін насихаттаумен шектеледі. Халықтың шынайы мәселелері көтерілмейтіндіктен, тұрғындар өз дауыстарын әлеуметтік желілер арқылы білдіруге мәжбүр.

Сенатор Ақмола облысындағы аудандық газеттердің бюджетіне тоқталып, олардың таралымы мен оқырман сұранысын салыстыра отырып, қаржыландыру тиімділігін қайта қарастыру қажеттігін айтты.

-Мәселен, Ақмола облысы, Аршалы аудандық газетін қолдауға 20 миллион теңге қаражат бөлінсе тираж саны 1000 дана. Ал аудандағы 48 мың халық барын еске алсақ босқа кеткен қаражат емес пе? деген ой туады. Ақмола облысы, Бурабай аудандық «Бурабай» газеті бюджеті 9 млн. теңге бола тұрып, таралымы — 700 дана. Ал ауданды 70 мыңға жуық халық бар, — дейді сенатор.

Қазақстандық медиа саласы даму жолында бірқатар маңызды реформаны қажет етеді. Цифрлық трансформацияны жеделдету, медиа сауаттылықты арттыру, қаржыландыру жүйесін жетілдіру, аудитория сенімін қайтару және кәсіби мамандарды даярлау – саланың болашағын айқындайтын негізгі факторлар.

Қ.ШӘКІРОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button