«Қазақстан халқына» қорынан – Атырауға!
Атырауда «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Басқарма төрағасының орынбасары ҮЕҰ өкілдерімен кездесті.
Жиында мүмкіндігі шектеулі атыраулықтарға медициналық көмек көрсету, білім сапасын арттыру секілді өңірдегі өзекті тақырыптар талқыланды, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кездесуге қатысқан ҮЕҰ өкілдерінің басым бөлігі ерекше балалардың шетелде емделуін, оларды қажетті құрылғылар және ортопедиялық аяқ-киімдермен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Өз пікірлерін ортаға салды.
Биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қан-тамырларының патологиясы бар атыраулық бүлдіршінге медициналық қолдау көрсеткен. Сондай-ақ 4 атыраулықты инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз етпек. Қор биыл Мақат және Индер аудандарындағы 2 спорт залға жалпы сомасы 15 миллион теңгеге жуық қаражатқа керекті жабдықтарды сатып алып беруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Басқарма төрағасының орынбасары әр өңірдегі түйткілді мәселелерді саралап, алдағы уақытта қаржының жұмсалатын бағытын анықтау маңызды екенін айтты.
— Ауылдарда мүмкіндігі шектеулі балаларға спорт бағыты бойынша үйірмелер ашылады. Сондай-ақ, аудандарда білім сапасын арттыру үшін тірек мектебін ашу жоспарланып отыр. Оны қажетті құралдармен жабдықтап береміз. Қорға жиналған қомақты қаражат денсаулық сақтау, білім, спорт, әлеуметтік сала мен төтенше жағдайдың салдарын жою үшін жұмсалады, деді «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорына бүгінге дейін 130 миллиард теңгеден астам қаражат түскен. Қордағы әрбір тиынның қайда кеткенін кез келген азамат біле алады.