
Қазаққа төнген қасірет
*31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
«Өткенін ұмытқан ұлт өшеді» дейді дана халқымыз. Бірақ біз зұлмат жылдарды еске алып қана қоймай, оның шындығын терең ұғынуға, жас ұрпақ санасына сіңіруге тиіс ұлтпыз.
Тарих – ұлт жадының тірегі
Бүгінгі ұрпақ үшін «репрессия», «ашаршылық», «қуғын-сүргін» деген ұғымдар алыста қалған абстрактілі түсініктерге айналғандай. Кейде тарихқа қызықпайтын, әдебиетке енжар қарайтын жастарға қарап, ұлттың рухани жадын жоғалтып алғандай күй кешесің. Ашығын айту керек, бүгінгі ұрпақ үшін «репрессия» – тарих оқулығының ішіндегі бір абзац, естелік күні өткізілетін формалды шара ғана. Кеңестік жүйенің қанды қырғындарын, Алаштың арыс ұлдарын құрбан еткен сұрапыл қуғын-сүргіннің мәнін, астарын тереңнен түсініп жатқан жастар көп емес. Өкініштісі, тарихқа, әдебиетке немқұрайлы қарайтын, жеңіл дүниеге үйір ұрпақ өсіп келеді.
«Алашты қынадай қырды», «халық ашаршылықтан қырылды», «зиялы қауым жойылды» деп айтып жатсақ та, бұл сөздер құлаққа жауыр, жүрекке әсерсіз естілетін секілді. Неліктен? Біз өткенді ұмытып, тек «таңбалы күндері» ғана еске алумен шектеліп жүрген жоқпыз ба?.. Бұл, бәлкім, тарихи оқиғаларды жылына бір мәрте – есеп үшін ғана атап өтетінімізден болар. Әлде, сапырылған сандардан тұратын құрғақ оқулықтың әсері ме?..
Шынтуайтына келгенде, бұл ел ретінде біздің ұжымдық тарихи жадымыздың әлсіздігін көрсетеді. Жастар репрессия мен ашаршылықты тереңнен танып-білуге ынта танытпайды. Себеп көп. Мазмұнды тәсіл жоқ. Ұрпақтың жүрегіне жетпей жатқан ақиқат бар. Дәл осы ой мақаланы жазуымызға себеп болды.
Расында тарихи шындықты датамен шектеп, санаға сіңіруден алыстап кеттік. Ал шын мәнінде, қазақ елі азаттыққа дейін екі ашаршылықты, екі төңкерісті, қуғын-сүргінді, ұлт руханиятының тұтас талқандалуын бастан кешті. Еліміздің беткеұстар тұлғалары, елдің ертеңі болған Алаш қайраткерлері сталиндік зұлматтың құрбанына айналды. Ұлт бас көтерместей халге түсті. Қазақ руханияты да қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл – ұлт ретінде тамырына балта шабылған, рухы сындырылған кезең еді.
Ұлтты ұрпақ жалғайды…
Мамыр айы басталысымен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу туралы мақала жазуға кірісіп, екі-үш жастан бұл күннің мәні мен мағынасы жайында сұрағанымызда, олардың немқұрайлы иық көтеріп, қысқа жауап бергенінен кейін-ақ жүрек сыздады.
Қазақ руханиятымен бірге бүтіндей бір ұлттың келешегі сол қуғын-сүргіннің астында қалды. Зиялылар атылды, жазықсыз жандар айдалды, мыңдаған отбасы туған топырағынан айырылып, босқынға айналды. Бұл – жай ғана тарих емес, ол – халықтық трагедия!
Алаш ақталғанымен, ақиқат толық ашылды ма?
Бұған дейін Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» аз жұмыс атқарған жоқ. Елімізде 11 өңірлік комиссия құрылып, архивтік құжаттар қайта қаралды. Түрмеге тоғытылған, шекара асуға мәжбүр болған, діні, тілі, көзқарасы үшін жапа шеккен мыңдаған адамның есімі анықталып, ақтау процесі жүріп жатыр.
Бірақ көкейді тескен сұрақ бар: осы ұлы істердің нәтижесін біз кімді тәрбиелеу үшін жасап жатырмыз? Жас буын егер мұны жүрегімен сезінбесе, еңбектің зая кеткені емес пе?
Ашаршылық – адамзатқа қарсы жасалған қылмыс
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов бұл туралы былай дейді:
«1931-1933 жылдардағы ашаршылық – гуманитарлық апат емес, адамзатқа қарсы жасалған қылмыс. Оның басты себебі – партиялық номенклатураның өктемдігі, ғылыми және тарихи логиканы ескермеуден туындаған саясат. Аштық қалаларды айналып өтіп, қазақ ауылдарын баудай түсірді. Бұл аштықтың ең ауыр түрі – ұзақ мерзімді, созылмалы аштық болды».
Профессор қазақтың бұл зұлматқа өз шаруашылық жүргізу қабілетсіздігінен емес, сыртқы зорлық-зомбылықтың кесірінен ұрынғанын айтады. Өйткені, егер қазақ «шаруаға қырсыз» болса, онда ХХ ғасырға жетпей-ақ жоғалар еді. Керісінше, 200 мың болған халық саны ғасырлар бойы өсіп, 6 миллионға жеткен.
Бір ғана ашаршылықтан кемінде 3 миллион қазақ қырылды. Әр алтыншы қазақ туған жерінен безіп, шет ел асты. Бұл – жай ғана сан емес, бұл – қасіреттің өлшемі!
Бізге шындықты жеткізу үшін әдебиет пен кино керек
Профессор Хангелді Әбжанов айтқандай, көпшілік ғылыми еңбекті оқымайды. Ал көркем әдебиет пен өнер – ақиқатқа апарар ұлы көпір. Егер біз «Қыз Жібек» секілді тарихи тағдырларымызды кино, телехикая, роман арқылы ұсынсақ, жастар санасына әсер ете аламыз.
Бір ғана дерек: 1939 жылы Қазақстан халқының 82%-ын құрайтын қазақ бірден 38%-ға дейін қысқарған! Бұл – аштық пен қуғын-сүргіннің нақты нәтижесі.
Иә, тарих – өткеннің қазынасы емес, болашақтың шамшырағы. Біз өткенімізге көз жүгіртпейінше, болашаққа сенімді қадам баса алмаймыз. Репрессия мен ашаршылық – біздің өткеніміздің қаралы беттері ғана емес, бүгінгі ұрпаққа аманат.
Архивтерді емес, жүректерді ақтару – бүгінгі күннің басты мұраты!
Әлі де ғылыми ізденіске зәру
Қазақстан тарихы – күрес пен қайғы-қасіретке толы ұлы дәуір. Оның ішінде Алаш қозғалысы мен 30-шы жылдардағы ашаршылық – қазақ халқының сана-сезімінде мәңгі қалатын ауыр да ащы кезең. Бұл тақырыптар әлі толық зерттелмеген, ғылыми ізденісті қажет етеді.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Ғабит Базарғалиевтің пайымдауынша, Алаштану ғылымында шешімін күткен сан түрлі мәселе бар. Алаштың әлеуметтік-экономикалық және саяси бастаулары, ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси өмірдегі орны, 1917 жылғы екі революция арасындағы басқа партиялармен қатынасы мен байланысы, партия ішіндегі қайшылықтар мен көрнекті қайраткерлердің көзқарастарындағы эволюция бұл күнге дейін әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Яғни, тарихты оқытып қоймай, оны ел есінде ұлықтау қажет. Мәселен, Астана, Семей, Қарағанды, Қарқаралы секілді қалалардағы орталық көшелерге «Алаш» атауын беріп, ескерткіш орнату – тек символ емес, елдігіміздің көрінісі.
Ғабит Базарғалиев ұлттық рухты жаңғырту үшін жас ұрпақты Алаш идеяларымен кеңінен таныстыру маңызды деп санайды. Ол үшін ең алдымен 1928-1932 жылдардағы «Алаш ісі» сот процестері мен архив құжаттарын көп томдық етіп жариялау керек деп тұжырымдайды. Бұл құжаттар – ғасырлық тарихи мұра, ұрпаққа берілетін бағалы сабақ. Сонымен қатар ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы кеңестік саяси репрессия материалдарын да отандық ғалымдардың күшімен жинақтап, жариялау керек. Бұл жұмыстар ресейлік зерттеушілердің ықпалынан тыс, тәуелсіз әрі әділ зерттеуді талап етеді.
– «Алаш қозғалысына құрмет ретінде еліміздің ірі қалаларының орталық көшелерінің біріне «Алаш» деген атау беріліп, салтанатты түрде ескерткіш немесе тақта орнатылса, бұл ұлттық сана мен руханиятқа жаңа серпін берер еді, — дейді ол.
Ашаршылық – адамзатқа қарсы қылмыс, ол қазақ даласын ғана емес, қазақ халқының рухын да сындырды. Ғалымның сөзінше, бұл қасіреттің негізгі себебі – қоғамның объективті даму заңдылықтарын бұзған кеңестік номенклатураның үстемдігі. Бұл топ барлық шешім қабылдау құқығын өз қолында ұстап, халыққа қауіп төндірді. Кеңестік биліктің қысымы мен қатаң саясаты қазақ ұлтының тарихи дамуын тежеді, ұлттық бірегейлігін қатты зардап шеккен кезеңдерді тудырды.
Қазіргі таңда 30-шы жылдардағы ашаршылық құрбандарының нақты саны әртүрлі айтылады. Кейбір зерттеушілер 2 миллионнан астам адам қырылған десе, «ал оның алдындағы ашаршылық құрбандары миллионнан асып жығылады» деген мәліметтер де бар. Дегенмен, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов бұл сандарды дәлме-дәл анықтау мүмкін емес деген пікірде.
– Ашаршылықтан келген адам шығынын нақты айту қиын. Түрлі демографиялық және статистикалық деректерге сүйене отырып, болжамдар жасауға болады. Менің есептеуімше, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кем дегенде 3 миллион қазақтың өмірін жалмады, — дейді ғалым.
Тарих деректері бойынша, 1897 жылы қазақ халқының саны шамамен 3,5 миллионды құраған, республикадағы халықтың 82%-ын алып тұрған. Ал 1939 жылы олардың саны 2,3 миллионға дейін азайып, республикадағы үлесі 38%-ға дейін қысқарған еді. Бұл – қазақ халқы үшін қаншалықты ауыр, жантүршігерлік трагедия болғанының айғағы.
Тарихсыз халық болмайды. Өзінің тарихын білмеген халық болашағын болжай алмайды, оның мәдениеті, дәстүрі мен ұлттық санасы қалыптасуы қиын. Сондықтан жас ұрпақ жеті атасын, бабаларын танып, отаншылдық рухта тәрбиеленуі тиіс.
Ашаршылық: табиғи апат емес, саяси трагедия
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаевтың пікірінше, қазақ халқы ұшыраған ашаршылық халықтың шаруаға қырсыздығынан туындаған жоқ. Бұл – саяси факторлардың, нақтырақ айтқанда, кеңестік тоталитарлық жүйенің сұмдық саясаты.
1925 жылғы Кіші Қазан науқаны осы қасіретті оқиғаның басы болып саналады. Біз әдетте бұл кезеңді «ұжымдастыру» деп атаймыз. Шын мәнінде, бұл үдеріс үш науқаннан тұратын үлкен жоба еді. Оның алғашқысы қазақ ауылдарын кеңестендіру науқаны болатын. Голощекиннің саясаты бойынша, ауылдардағы дәстүрлі байлар мен ақсақалдардан билік тартып алынып, олардың орнына саяси тәжірибесі жоқ, «жалаңаяқ», білімсіз шолақбелсенділер билікке келді. Бірақ бұл адамдарды қара халық қабылдаған жоқ. Өйткені олар ауыл шаруашылығы мен қоғам өмірінің заңдылықтарын түсінбеді. Түсінгілері де келмеді.
1926-1927 жылдары жайылымдарды байлардың меншігінен алып, қарапайым еңбек адамдарына бөліп беру әрекеті жасалды. Бірақ қазақ даласындағы жердің жеке меншікке жатпайтыны және ауылдағы үйлердің көбінің бір рудың туыстары екені ескерілмеді. Бұл әрекет қазақ қоғамының табиғи құрылымын бұзып, өзара сенімсіздік пен кикілжің тудырды.
Содан кейін 1928 жылы Сталиннің тікелей араласуымен «Қазақ байларын кәмпескелеу» науқаны басталды. Бұл саясат ауылдың ең ірі байларын қуғынға ұшыратып, олардың ықпалын жоюға бағытталды. Бірақ байлар ауылдың экономикалық тірегі болып, шаруашылықты дөңгеленткен нағыз менеджерлер еді. Осы науқаннан кейін 1929 жылы жаппай ұжымдастыру кезеңі басталып, оның ауыр зардаптары қазақ қоғамына ауыр соққы болды.
Аштықтың астарында кеңестік социалистік идеяның теориясы мен практикасының Қазақстандағы бұрмалаулары, қателіктері, тіпті сан қырлы іркілістері жатқанын Әуезхан Шашаев баса айтады. Кеңестік тоталитаризмнің екі үлкен қылмысы қазақ халқының жадында мәңгі сақталады: біріншісі – 1917 жылдан 1991 жылға дейін жүргізілген саяси қуғын-сүргін, екіншісі – әсіресе 1931-1933 жылдардағы ашаршылық.

– 1931-1933 жылдардағы аштықты «гуманитарлық апат» деп айту жеткіліксіз. Бұл – адамзатқа қарсы жасалған қылмыс, ғаламдық трагедия. Оның бірнеше жылға созылып, сансыз қайғы-қасірет әкелуінің басты себебі – қоғам дамуының диалектикасын бұзған партиялық номенклатураның өктемдігі болды. Кеңестік жүйеде партия мен билік басындағылар – номенклатура – материалдық және басқару ресурстарын толықтай қолдарында ұстап отырды. Бұл топтың өз мүдделері үшін халықты құрбан етуі ашаршылықтың басты себебі саналады,-деді Әуезхан Қадіржанұлы.
Ғылыми тұрғыдан ашаршылықтың бірнеше түрі бар: эпидемиялық ашаршылық (құрғақшылық, су тасқыны сияқты табиғи апаттардан туындайтын), азық-түлік жетіспеушілігі (адам организміне қажетті калория жетіспеуі) және ұзақ мерзімге созылған аштық. Соңғысы 1930-шы жылдар басындағы қазақ даласын шарпыды. Бұл аштық қалаларды, индустрия ошақтарын айналып өтіп, негізінен қазақ ауылдарын жайлады. Ашаршылық ауыл шаруашылығын түгелімен қиратты, халықтың өмірін күйретті.
Әуезхан Шашаевтың пайымдауынша, қазақтың аштыққа ұшырауы – ұжымдастыру мен саяси қуғын-сүргіннің ғана салдары емес, кеңестік партиялық жүйенің әлеуметтік-экономикалық құрылымын бұзып, табиғи қоғамның заңдылықтарын ескермеуінің нәтижесі болды. Қазақ қоғамындағы дәстүрлі тәртіп, ру-тайпалық құрылым мен шаруашылық тәжірибесі ескерілмей, шетелдік идеологияның қатаң талаптары қазақ даласында үлкен қайғылы оқиғаларға әкелді.
Сонымен қатар, Әуезхан Шашаев айтқан номенклатураның үстемдігі мен бюрократияның шексіз билігі – ашаршылықтың негізгі саяси факторлары болғанымен, оның салдарын басқарып, алдын алу мүмкіндігі болған мемлекеттік аппараттың әлсіздігі мен жауапсыздығын да сынауға тура келеді. Қаулы қабылдау мен оның жүзеге асуы арасында алшақтықтың, орындалмаудың орын алуы кеңестік жүйенің бюрократиялық кемшілігі екені айқын.
Түйін
Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықты ұрпақ жадына енгізіп, ұмытылмауы керек тарихи сабақ ретінде қабылдау өте маңызды. Бірақ тарихты саяси репрессияның құрбаны ретінде ғана қарау шындықты толық ашпайды.
Сол себепті «тарихсыз халық жоқ» дегенді жалаң ұран емес, жұртшылықтың жанайқайы деп қабылдауымыз керек. Тарих шежіре ғана емес, сабақ, тағылым, ұлттың рухани компасы. Жастарымыз өткенін білмесе, болашағына бағыт таба алмайды. Оған қоса тарихты білу жеті атасын білумен ғана шектелмейді. Ол – ұрпақ сабақтастығын жалғап, тамырды тереңге тарта білуден басталады.
Қазақ тарихының ең қасіретті беттері еске алу үшін ғана емес, ес жию үшін қажет. Ендеше, саналы ұрпаққа сана жүгін аманаттау – біздің борышымыз.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Коллаждарды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА