Жарнама
Қоғам

Қандай кітап оқисыз?

Аға ұрпақ өкілдері «цифрлық технологияның дамығаны соншалық, әр парағы ашылған сайын иісін сезініп оқығысы келетін оқырмандар сиреп барады» деп дабыл қағуда. Олардың айтуынша, кезінде кітапты күні-түні жастанып, шам жарығында, қолдан-қолға жалғастырып оқыған.

Таяуда Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында оқырманның бірі – ақжаулықты әже Несібелі Жұмашқызын жолықтырдым.

–Осы кітапханаға немерем Фатимамен келіп, түрлі әдеби кітаптарды үйге оқуға жаздыртып аламыз. «Бала үлкендерден көргенін қайталайды» деген рас екен, немерем де құттай күнінен қасыма ілесіп жүріп кітап оқуды дағдыға айналдырды. Сондықтан жастарға дәстүрлі кітап оқуды тек осы әдіспен ғана үйрете аламыз. Біз үшін рухани азық болған, мұқабасы мүжілген сол кітаптар құндылығын жоғалтпаған ең қымбат қазына, – деп пікірін білдірді сұхбаттасушымыз.

Ал, бүгінде сол кітаптардың орнын ғаламтор жүйесіндегі электронды кітаптар басқан. Оны жүктеп алып, смартфон арқылы қалаған уақытыңда оқи бересің. Қағаз бетіндегі кітапқа қарағанда, сандық кітап ыңғайлылығымен жеңіп тұр. Мәселен, сандық кітапты қалаған жеріңізде, қалаған уақытта оқи немесе аудиосын тыңдай беруге де болады.

Бірақ, «Сандық кітаптың әсері қағаз кітапты қолға алып оқығанмен бірдей ме?» деген сауал туындайды. Негізінен, гаджетпен ұзақ парақтау біріншіден адамның көз жанарына зиянды болса, екіншіден, шимайлы беттерді сағаттап оқып отыру аса ыңғайсыздық туғызады. Жетістігі –  жүктелген файл артық орын алмайды, үнемі қолыңызда жүреді, кез келген уақытта оқи беруге болады.

Алайда, кітапты «тірілей» қолыңа алып, парақтай отырып оқығанның әсері әсте бөлек. Біріншіден, кітаптың мазмұны мен тақырыбын оқи отырып, оқырман автордың көңілі мен ой сипатын бөлек сезіне алады. Тақырыпқа сай безендірілген мұқаба мен мәтінге сәйкес суреттермен көркемделуі оқырманға толықтай оқып шығуға ынтасын оятып, ерекше әсер қалдырады. Екіншіден, кітап білім құралының алғашқы сатысы болғандықтан әлдеқайда жоғары орында қала береді. Үшіншіден, электронды форматтағы оқулықтар кітап секілді тұрақты емес, жиі өзгеріске ұшырап, сапа жағынан ауытқып тұрады.

Иә, әр адам қандай кітап оқыса да, қалай оқыса да оқырманның өз қалауы. Бастысы кітап оқуға деген қызығушылық, құрмет, ынта-ықылас жойылмаса болғаны. Өйткені, кітаптың адам өміріндегі маңызы өте зор.

Айтар ойымды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Ғабит Мүсіреповтің мына сөзімен түйіндегім келеді: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік».

Дана ЖАҚСЫБАЙ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button