Қамқорлықтан туған қайырымдылық

nkok3 Қоғам

            2020 жылдың аяғында NCOC компаниясы демеушілік көмек көрсететін республикалық ұйымдар арасында өткен «Жомарт жүрек» байқауында жылдың үздік компаниясы болып танылды.

            Биыл бүкіл әлем үшін қиын да күрделі жыл болды.COVID-19 пандемиясының ызғарынан   ешқандай ел құтыла  алмады. Осынау қиын шақта күллі әлем, ұжымдар мен мекемелер, қарапайым  халық бірігіп,  коронавируспен күрес шараларына біркісідей жұмылды. Ел басына күн туғанда NCOC компаниясы да жедел шешім қабылдап, елде коронавирустық инфекцияның таралуына  жол бермеу мақсатында  нақты шараларды қолға алды.

Бүгін біз  2020 жылы компания жүзеге асырған жобаларға жеке-жеке және толық  тоқталатын боламыз.

Елімізде пандемия жарияланған наурыз айында-ақ NCOC компаниясы Атырау және Маңғыстау облыстарының денсаулық сақтау ұйымдарына  аса қажетті медициналық  жабдықтарды орналастырды. Өкпені жасанды желдететін 70 аппарат, әмбебап аурухана кереуеттері, терапия бөлімшесіне  дефибрилляторлар, дәрі-дәрмектер мен  медициналық қызметкерлерге арналған жеке қорғаныш құралдары, сондай-ақ жедел жәрдем көліктерін қоса алғанда, барлық құны 3 миллиард теңгеден астам қаржыны ел игілігіне жұмсады.

NCOC компаниясының бастамасымен  өзге операторлармен біріге отырып,  Ұлыбританиядан шақырылған дәрігерлер жергілікті денсаулық сақтау саласына үлкен көмек әрі қолдау болды.

Біздің денсаулығымыз үшін

Өңірде жүзеге асқан беткеұстар жобаның бірі – 200 орындық инфекциялық аурухана. Атырау қаласы сыртындағы Сарыөзек ауылында салынған жаңа стационардың  180 кереуеті стандартты орынға, 20 кереуеті реанимация мен қарқынды терапия бөлімдеріне арналған. Негізгі ғимарат 8 блок пен жеке тұрған 10 қосалқы ғимараттан құралған. Бұлар бір-біріне галерея типті дәлізбен жалғанған әкімшілік бөлімі бар медициналық блокты, қабылдау және диагностика бөлімін, ота жасау бөлімі мен бес палаталық бөлімнен тұратын реанимация бөлімін қамтиды.

Сондай-ақ, ауруханада медициналық қалдықтарды залалсыздандыру жүйесі, көліктерді дезинфекциялау пункті, оттегі концентраторы, орталықтандырылған оттегімен және медициналық газбен қамту жүйесі бар. Барлық палаталар оттегі беру желісімен жабдықталған, соның арқасында әр палатада жағдайы ауыр және аса ауыр науқастарды қарқынды емдеуге мүмкіндік жасалған.

Заманауи медициналық жабдықтардан бөлек, жаңа ауруханада дәрігердің науқаспен тікелей байланысуын барынша азайтуға және медициналық персонал арасында ауру таралу қаупін төмендетуге бағытталған озық технологиялық шешімдер қарастырылған. Соның бірі – науқастардың денсаулығын ахуалдық орталық арқылы қашықтықтан бақылау. Аталған орталықтың көмегімен науқас жағдайының негізгі көрсеткіштері жинақталып, сарапталатын болады. Бұндай деректер автоматты түрде алынып, ауытқуларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Компания  тура осындай аурухананы 2020 жылдың қазан айында Ақтау қаласында пайдалануға тапсырды.

nkok2 2

Кардиоорталық кеңейді

Кардиологиялық ауруханаға қосымша ғимарат жобасы – кардиохирургиялық аурухананың медициналық жабдықтарымен және құралдарымен толықтай қамтылған үш қабатты, 50 орындық ғимараты құрылысын қамтиды. Ғимарат қолданыстағы кардиологиялық ауруханаға жалғанып салынды. Мұнда екі ота жасау бөлмесі, алты орындық реанимация бөлімі, МРТ бөлмесі, зертхана, ас әзірлеу блогы, медициналық газбен қамту жүйесі және тағы басқа блоктар бар.

Аурухана автоматты ауа айналдыру және бірқалыпты ұстау, бейнебақылау жүйелерімен, палаталық дабылдармен, бейнеконференция және телевизия құрылғыларымен жабдықталған.  Сондай-ақ, мұнда жеке дизелді электр стансасы, тексеріп өткізу бекеті бар 20 көлікке арналған көлік тұрағы, коммуналдық көлік үшін бөлек кіру жолы қарастырылған. Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнер сынды қосалқы нысандар да бар.

            –  Өзге елдердің астаналарына, үлкен қалаларға  семинарлар мен кездесулерге жиі барамын.  Сонда науқастың емделіп шығуына  барлық жағдайы жасалған  жаңа заманға лайықты ауруханамыздың болуын армандайтынмын, – деп жүрекжарды сөзін  бастады  кардиорталықтың директоры Марат Қонысов. – Міне, сол сәт енді бізгеде туып, Атырауда осындай керемет заманауи медициналық кешен есігін айқара ашты. Енді біз  онкологиялық науқастарға да ота жасай  аламыз.  Бұған біздің мамандардың да,  аппараттардың да күші жетеді, – деді ол.

Құрманғазылықтардың қуанышы

Сонымен бірге,NCOC компаниясы Құрманғазы ауданында жаңа орталық аурухананың құрылысын аяқтады. 75 орынға арналған орталық аудандық аурухананың екі қабатты ғимараты – 55 орындық бас ғимараттан, бір қабатты 10 орындық балалар бөлімі мен 10 орындық жұқпалы аурулар бөлімінен тұрады. Сонымен қатар, мұнда ас әзірлеу бөлімі, кір жуу орны мен үш автокөлікке арналған гараж да бар. Балалар бөлімі мен ас әзірлеу бөлімі бас ғимаратқа дәліздер арқылы жалғанған.

Бас ғимаратта – ота жасау палаталары, реанимация, хирургия, терапия, босандыру және тағы басқа бөлімдер, сондай-ақ, клиникалық-диагностикалық зертхана мен рентген бөлмесі орналасқан. Аурухана ауаны айналдыру және бірқалыпты ұстау автоматты жүйесімен, өрт дабылдамасымен, медициналық газбен қамту жүйесімен және апаттық электр қуатымен қамтуға арналған дизель-электр стансасымен толық жабдықталған. Қазандық цехы, емдік газбен қамтуға арналған баллондарды сақтау орындары және ауыз су мен өрт сөндіруге пайдаланылатын суға арналған резервуарлар, медицина қалдықтарын жою орындары да назардан тыс қалмаған.

-Көптеген  жылдар бойы осындай заманауи медициналық нысанды  күттік.  Ауыл тұрғындарының облыс орталығындағыдай  жайлы жағдайда ем алғанын  қаладық, –  дейді Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаев. – Жаңа ауруханада қажетті жабдықтардың барлығы бар. Ең бастысы –  жаңа мамандарды жұмысқа тарта алатынымыз үшін қуаныштымын, – деді ол.

Сонымен қатар, NCOC компаниясы Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар аясындағы құрылыс бағдарламалары шеңберінде жуырда өзге де денсаулық сақтау нысандарын тапсырғанын айта кеткен жөн. Солардың қатарында Индер ауданының Көктоғай селосындағы емхана, Мақат ауданы Доссор селосындағы 100 орындық санаторий типтес балабақша, Маңғыстау облысындағы Форт Шевченкода 25 орындық күндізгі стационар мен Түпқараған аудандық орталық аурухананың балалар бөлімі бар. 

Жағалаудағы жайлы демалыс

Атыраудың 380 жылдық мерейтойы, яки қала күні қарсаңында NCOC компаниясы Атырау қаласында жастар демалыс саябағының құрылысы жобасын аяқтап, қала тұрғындарына сыйға тартты.

Жастар демалыс саябағы – қаланың ортасында Атырау мемлекеттік университетінен Студенттік даңғылына дейін жағалау аумағында орналасқан. Қысқа мерзім ішінде бұл жерге ерекше саябақ салынды. Гранит плиткаларына жаңа технологиялармен жабдықталған субұрқақ жүйесі бар бірқатар сәулет композициялары орнатылды. Мұнда екі түрлі субұрқақтар орналасқан.

Оның біріншісі, ортасында көркем қола композициясы бар, диаметрі 7 м болатын 6 классикалық субұрқақ, екіншісі, серуендеу аймағының бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған ирек пішінді субұрқақтар. Кешке қарай саябаққа келушілер орталық жаяу жүргіншілер субұрқағында бояулары алуан түрлі реңкке құбылатын лазерлік шоуды тамашалай алады. 

Жаяу жүргіншілерге арналған ирек түріндегі субұрқақтың жалпы ұзындығы – 348 сызықтық (погонный) метр. Саябақта бірнеше арка бар. Олар саябақтың қарама-қарсы жақтарындағы екі негізгі кіреберісті және орталық бөлігіндегі субұрқақтардың айналасын безендіріп тұрған сәндік композиция ретінде ойластырылған.

Саябақтың бос аумағының көгалдандырылатынын да атап өту қажет. Оған арналған көгалдар мен ағаштар санитарлық-қорғау және сәндік қасиеттеріне қарай таңдалған. Бүгінгі күні зиянды заттарға төзімді және Атыраудың климаттық жағдайында өсуге бейімделген 1500-ден астам ағаш отырғызылды.

Парктің құрылысы барысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктері де ескерілді, ол үшін барлық санаттағы мүгедектердің саябаққа кедергісіз кіруі үшін пандустар жасалды.  Болашақта саябақтағы тенттік құрылымдар астындағы алаңда жазғы мобильді дәмханалар орнату көзделген.

Жобада балалар, ересектердің демалуына арналған, спорт, ойын алаңдары, аттракциондар және спорттың экстремалды түріне арналған алаң (скейт-парк) қамтылған. Көркем карусельдер де жастар саябағының сәулетіне сай үйлесіп тұр.

Ұзындығы екі километр болатын тағы бір маңызды жоба саябақты жалғастырды. Біртұтас сәулет шешімі болып табылатын қайта жаңартылған жағалау мен жастар саябағы қала тұрғындарының сүйікті жеріне айналып, мұнайлы астананың ел танитын көрнекі орны болады деп күтілуде.

nkok nab

Білімге деген қамқорлық

NCOC компаниясы денсаулық сақтау ғана емес, білім беру саласының дамуына да айтарлықтай үлес қосты. Жергілікті мемлекеттік органдармен  келісім аясында  онлайн режимде білім алып жатырған балаларға компьютерлер сыйға тартты. Мұқтаж оқушыларды қамтамасыз ету мақсатында Атырау облысының білім беру басқармасына 1200 дана компьютер табысталды.

Атырау және Маңғыстау облысындағы 12 мектепте компания осымен екінші жыл қатарынан  STEM-лабароториясы кабинеттерін жасақтады.

– STEM-кабинетті  біз шалғай орналасқан  Приморье селосындағы мектепке  орналастырдық, – деп атап өтті Құрманғазы ауданық білім беру бөлімінің меңгерушісі Гүлфара Құбаева. – Бұл мектеп оқушылары үшін  зор қуаныш болды. Дәстүрлі  физика, математика немесе химия сабақтары бұрынғыға қарағанда қызығырақ өтпек. Оқушылар бағдарламалау және робототехника сабақтарын  жоғары деңгейде үйренеді.  Сабақтарда арнайы  лаборотория және  оқу құрылғылары, 3D-принтерлермен, робототехникалық LEGO жинақтар бар. Бұл кабинетте  жас педагогтарға арналған мастер-кластар мен біліктілікті арттыру курстарын да өткізуге болады.

2020 жылы NCOC компаниясы Британ Кеңесімен бірлесе отырып, Атырау облысында ағылшын тілін қашықтықтан оқытатын үшжылдық инновациялық жобаны аяқтады.  Жобада сегіз мектеп және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау  мемлекеттік университеті бар.  Екі жылдың ішінде жобаға   573 мектеп оқушысы мен университет студенттері қатысты.

Мәдениет үйлері бой көтерді

NCOC компаниясы  Ақсай мен Еркінқала ауылдық округтерінде салынған 2 мәдениет үйін қолданысқа тапсырды. 200 орындық нысандар да шығармашылықты дамытуға арналған барлық жағдай жасалған: мәдениет үйлерінде кең сахнамен мен көрермендер залынан бөлек реквизиттер бөлмесі, гримдеу бөлмесі, артистер бөлмесі, оған қоса  кітапхана, касса және басқа да әкімшілік және техникалық жайлар қарастырылған.

Екінші қабатта дәстүрлі түрде көркемөнер және үйірме қызметтеріне арналған кабинеттер мен шеберханалар орналасқан. Сонымен қатар бұл жерде операторлық бөлме және дыбыс пен жарық жабдықтарына арналған жайлар бар.

Ауылдық жаңа клубтарда қажетті қосалқы және қосымша құрылыстар, олардың ішінде су ысыту қазаны, трансформаторлық қосалқы стансасы қамтылған, ал, ғимарат айналасында жасыл желек отырғызу қарастырылған. Нысандардың ашылуы  алдағы уақытта дарынды балалардың және белсенді ересектердің бос уақыттарын пайдалы түрде өткізуге мүмкіндіктерін кеңейтіп және шығармашылық ұжымдарға арнайы «тұрақты мекен-жайды» қамтамасыз етеді.

Мұнайшылардан баспана

NCOC компаниясы Атырау облысы Құрманғазы ауданында мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік саладағы жұмысшылар, кезекте тұрғандар, жетім балалар мен көмекке мұқтаж жандарға арналған жаңа үйдің құрылысын аяқтады. Бұл үй Консорциумның әлеуметтік міндеттемелерін орындау бағдарламасы аясында салынған алтыншы нысаны.

Қоныстой тойлаушылардың қатарында  Ғабитовтар жанұясы бар.  Отағасы Сабыржан 20 жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметші. Осы уақыт аралығында олар төрт баласымен жалдамалы пәтерде тұрған. Жиі-жиі  пәтерден-пәтерге көшу  оңай болмаса да, олар келер күннен үмітін үзбеген.

-Біздің енді барлық жағдайы жасалған үшбөлмелі пәтеріміз бар, – деп қуанды жары Өміргүл.

Әр тұрғын үй  60 пәтерден тұрады. Бұлар негізінен екі және үш бөлмелі пәтерлер. Олардың әрқайсысында қонақжай, жатынжай, газ плиталы және есептегіш құралдары орнатылған асүй, бөлек санитарлық тораптар қарастырылған.  Қолданылған материалдың басым бөлігі Қазақстанда өндірілген.

NCOC компаниясы қоршаған ортаны аялауға айрықша ден қояды, осыған байланысты үйлердің айналасы жасыл желекпен абаттандырылған. Өтпе жол мен бұрылыстарда асфальт-бетон, жаяужолдарда түгелдей әдемі әрі берік тақталар төселді.

Ал балалар үшін су жаңа ойын алаңы, салауатты өмір салтын ұстанушыларға ашық аспан аясында жаттығуы үшін арнайы жабдықталған спорт алаңшасы салынды.  Сонымен бірге үй жанындағы аумақта автокөлік қоюға арналған алаңша, жылу қазандығы, трансформаторлық қосалқы станса және басқа да инфрақұрылымдық нысандар бар.

Әлеуметтік көмектер легі

Атырау облысы Мақат ауданының Доссор кентінде NCOC компаниясы «Атырау облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігіне жаңа арнайы көліктің  – инватаксидің кілтін табыс етті. ГАЗ 32212 негізіндегі автокөлік арнайы тиеу алаңымен және шынжыр табанды көлбеу тиегішпен жарақталған, бұл арбаға таңылған мүгедектер үшін ыңғайлы. Арнайы автокөлікпен тегін тасымалдау қызметі әсіресе қимыл-тірек аппаратының бұзылуы салдарынан қозғалу қабілеті шектеулі азаматтар үшін ауадай қажет.

Инватакси Мақат ауданында қызмет көрсететін болады. Инватакси шақыру өтінімдері сапар шегуден бұрын, алдын ала қабылданады. Ауа баптау жүйесімен және жылу мен шу оқшауламасымен, сонымен қатар жұмсақ та ыңғайлы орындықтармен жарақталған жаңа арнайы автокөлікте ерекше қажеттіліктері бар жолаушылардың ыңғайлы сапар шегуіне барлық жағдай жасалған. Инватаксиде арбаға таңылған мүгедектер үшін төрт орын бар, қажетті бекітпелердің барлығы қарастырылған.

Бүгінгі таңда NCOC компаниясы өзінің демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы шеңберінде түрлі арнайы техниканың 80-нен астам бірлігін сатып алып, Атырау өңірінің білім беру және денсаулық сақтау нысандарына табыс еткенін атап өткен жөн, олардың қатарында мектеп автобустары, жедел жәрдем машиналары, реанимобильдер және инватаксилер бар

***

NCOC компаниясы Солтүстік Каспий бойынша ӨБК шеңберінде жыл сайын әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына белгілі бір бюджет бөледі.  Әкімдіктер мен жергілікті халыққа сапалы инфрақұрылымдық нысандарға деген қажеттілікті қанағаттандыру тұрғысында қолдау көрсету «NCOC» компаниясы үшін маңызды міндеттеме болып табылады және Консорциум осы бағытта көмек көрсетуді мәртебе санайды.

Бағдарлама экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және мәдени мұра, спорт салаларына қолдау көрсетуге, сонымен қатар тұрмыс деңгейі нашар отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған.

Жобалардың барлығы да «NCOC» компаниясының тұрақты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық мақсаттарына сәйкес келеді. Бағдарлама қолға алынғалы, NCOC компаниясы 214 жобаны жүзеге асырды және жұмсалған жалпы инвестициялар 2020 жылы 736  миллион АҚШ долларын құрады.

Марина ҚУАНЫШЕВА,

фото Ануара АБИЛГАЗИЕВ

NCOC демеушілік көмек көрсететін республикалық ұйымдар арасындағы «Жомарт жүрек» байқауында «Жылдың үздік ұйымы» деп танылды. Бұл жобаның мақсаты – жұртшылықты, бизнес құрылым өкілдерін, меценаттарға, ҮЕҰ мен еріктілерді өздерінің кіші Отанын дамытуға қатысуға ынталандыру, көтермелеу және қолдау.

«Жомарт жүрек» сыйлығы – «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған бірегей жоба. Сыйлықтың басты мақсаты – қайырымдылық және меценаттық идеяларын кеңінен насихаттау.

Әлеуметтік маңызы бар жобаларды тиімді жүзеге асырып, қоғаммен өзара әрекеттесудің жаңа формаларын енгізгені үшін NCOC «Жылдық Үздік Ұйымы» номинациясына ұсынылып, жеңіске жетті.

Солтүстік Каспий жобасының операторы Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В. (NCOC) тағы бір маңызды кезеңге, яғни 2016-жылы Қашаған кен орыны қайта іске қосылғаннан бері 50 миллион тонна мұнай өндірісіне қол жеткізгені туралы хабарлайды.

Компания COVID-19 таралуын болдырмау мақсатында қабылданған қауіпсіздік шараларына байланысты, нысандардағы жұмыс күшінің шектеулі санына қарамастан, Қашағанды  игерудің 1-кезеңі шеңберінде тұрақты әрі сенімді мұнай өндіру барысын және жабдықтардың тұтастығын қамтамасыз етуде.

nkok4
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз