ТАБИҒАТ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ ЖАС ЧЕМПИОНЫ

Тараз қаласында дзюдо күресінен 1994-1995 жылдар аралығында туған жастар арасында өткізілген Қазақстан Республикасының чемпионатында 73 келі салмақ дәрежесінде Қызылқоға ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі, Атырау бизнес және құқық колледжінің студенті Табиғат Мағауияұлы чемпион атанды.

 Қуанышты хабарға орай Қызылқоға аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясының Қызылқоға аудандық филиалының ғимаратында аудан жастарының Қазақстан чемпионы Табиғат Мағауияұлымен кездесуі өткізілді. Мұнда жас чемпион өзінің жеңісі туралы әңгімеледі. Ол ел додасында бес қарсыласын таза жеңіп, біреуін жартылай басымдықпен ұтты. Алғашқы кездесуде белдескен ақтөбелік М.Артығалы, екінші қарсыласы Солтүстік Қазақстан облысының палуаны Ә.Әбдірахманов, үшінші қызылордалық Н.Болат санаулы секундтардың ішінде Табиғаттың тегеурініне шыдамай тізе бүккен. Оңтүстік Қазақстан облысының палуаны Е.Мұзафаров қана жерлесімізге белдесудің соңына дейін қарсылық көрсеткенімен, жеңіліс тапқан. Жартылай финалда шымкенттік О.Рысбекті жеңген Табиғат ақтық сында тағы да оңтүстікқазақстандық палуан Дидар Хамзамен кездесіп еді. 2013 жылы жасөспірімдер арасында Майамиде өткен әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғаған Дидар Хамза да оңай шағыла қоятын жаңғақ емес еді. Алайда, Табиғаттың қарқынды шабуылына қарсылық көрсете алмай, қашумен болған палуанға төрт мәрте шидо (ескерту) беріліп, нәтижесінде жерлесіміз жеңісті қанжығасына байлады. Қазақстан Республикасы спорт және дене шынықтыру істері Агенттігінің бірінші дәрежелі дипломына ие болып, «Алтын» медальды кеудесіне тақты.

Айта кетсек, Қызылқоға ауданынан Қазақстан Республикасының дзюдодан спорт шебері атағын тоғыз спортшы иеленген екен. Солардың ішіндегі ең жасы – Табиғат Мағауияұлы.

Табиғат наурыз айының аяғында Германияның Бремен қаласында өтетін халықаралық турнирде және Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтетін Еуропа кубогі үшін сайыста бағын сынамақ. Ал, күз айында Бангкоктағы Азия чемпионатына және Майамиде өтетін әлемдік додаға қатысады.

Мағрупа БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз