Қайырымдылық күнінде еліміздің түкпір-түкпірінде игі шаралар өтті
Наурыз мерекесінің қайырымдылық күнінде еліміздің түкпір-түкпірінде игі шаралар өтті. Жұртшылық жақсылық жасаумен жарысып, сауапты іске атсалысты. Мәселен, Қызылорда облысында көпбалалы және осал топтағы 134 отбасы баспаналы болып, жаңа қонысқа қол жеткізді.
134 отбасы баспаналы болды
Баспана тауқыметін көріп, үй кезегінде тұрған жандардың бірі Феруза Сейілханқызы. Көпбалалы ана бұл күнді ұзақ күтті. Он жылдан бері пәтерден-пәтерге көшіп келген отбасы ұлыстың ұлы күні қарсаңында үйлі болады. Мемлекет есебінен бой көтерген жаңа көпқабатты тұрғын үйлерге 100-ден аса жанұя қоныстанып, қуанышқа бөленіп отыр.
Феруза Сейілханқызы, көпбалалы ана:
Өте қуаныштымын. Өйстіп үй алып жатқанымызға. Отбасымда 5 балам бар. Үшеуі студент. Екеуі кішкентай оқушылар. Ризамын мемлекет басшысына. Осындай көпбалалы аналарды қолдап, рақмет.
20 мың балаға тынығу лагерлеріне жолдама берілді
Ал «Қазақстан Халқына» қоры еліміздегі 20 мың балаға жазғы демалыс лагерлеріне жолдама тарту етті. Оқушылардың көбі ауыл-аймақтан. Мереке қасаңында осындай тосын сыйға Қостанай облысының Алтын Дала елді мекенінің 10 жасөспірімі ие болды. Барлығы оқуда озат атанып, ауылдың мәдени-спорттық шараларына белсене атсалысып жүрген балалар.
Асыл Мейрамхан, Оқушы:
Алдыңғы жылы да мен «Қазақстан Халқына» қорының жолдамасымен «Парус» лагерінде демалып қайттым. Онда түрлі тренингтер, экскурсиялар болды. Демалыс жақсы өтті. Енді биыл да солай жазғы демалысым көңілді өтеді деп ойлаймын./
Қайырымдылық — қасиет төресі
Қайырымдылық күні Талдықорғанда 200-дей отбасыға азық-түлік қораптары таратылды. Сауапты іске жергілікті волонтерлер мен қайырымды жандар демеушілік жасап, әлеуметтік жағынан аз қамтылған шаңырақтарға наурыз сарқыты ретінде ең қажет деген дастархан мәзірін ұсынды.
Бақыт Габайдуллина, қала тұрғыны:
Наурыз мерекесі ерекше болып жатыр. Балалар мектепке ұлттық киіммен + барып жатыр. Ұмытылып бара жатқан құндылықтардың бәрін нақыштап, қайтадан дамытып жатырмыз десек те болады.
Қызылжарда да қалалық мешіттің ұйытқы болуымен 100-ден астам көмекке мұқтаж отбасыларға ұн мен азық-түлік себеттері үлестірілді. Жылулық акциясына еріктілер де белсене атсалысып, әр үйге жеткізіп берді.
Әділбек Серікұлы