Жарнама
Қоғам

Қайық жөндеудің шебері

Дамбы ауылының тұрғыны Асхат Орынбасаровтың ұсталықпен достығы бала кезінен басталған. Жастайынан темірге жақын ол сол кезде қазіргідей дәнекерлеуші құралдардың болмағанын айтады.

Балықшыдан – ұсталыққа…

Асхат Сапарғалиұлы Германия еліндегі әскери борышын 1990 жылы өтеп келген соң еңбекке араласты. «Атыраубалық» кәсіпорнында бірнеше жыл жұмыс істеп, балық аулауды кәсіп қылған ол 2009 жылдан бастап ұсталықпен дендеп айналысып, оған көңіл бұра бастайды. Бұған себеп те жоқ емес.

Өзінің айтуынша, сол уақытта бұзылған қайықты жөндейтін маман болмаған. Қайығы жарылған ауыл тұрғындары әлсін-әлсін қалаға барып, шебер іздейді екен. Табылған шебер екінің бірінің қайығын жөндей бермейтін. Осы жағдай Асхатты ойландырып, бұл іске білек сыбана кірісуге түрткі болады. Оған қоса қысы-жазы балық аулау да оның саулығына кері әсерін тигізген еді. Әуелі туған-туыс, көрші-көлемнің қайығын жөндеп бастайды. Осылайша кәсіби түрде сүйікті ісіне айналады. 2014-2015 жылдары баяғы темір қайықтың орнына пластик қайықтар шыға бастады. Оларды көбінесе Ресейден әкелетін.

– Темір қайық жасауды бірте-бірте азайттым. Бұрын темір қайыққа шетелдік маркалы моторларды орнатып, траншын жасайтынмын. Темір қайықты кесіп, оны ұзартып, кішірейтумен айналыстым. Апатқа ұшырап, формасы өзгерген қайықтарды да құрастырдым. Сол уақытта қайықтарын қаладан келіп оңдататын да адамдар болды, — деді шебер.

photo 5226729329990421895 y 1

Бүгінде шебер жасап жатқан мотор бұрамаларының 300-ге жуық сорты, маркалары бар екен. Айталық, тұщы суға алюминий қондырғы үйлессе, теңіз суына тот баспайтын болаттан басқа металл жарамсыз екен. Тағы бір қызығы, бүгінде Каспий теңізінде судың тайыздауына байланысты мотор бұрамалары тез желінеді де, оларды жаңалау балықшылардың қалтасына соғады. Сондықтан, осы кәсіпті игеруді қолға алғанын Асхат Сапарғалиұлы ашық айтып отыр.

– Біздің өңірде қайық жасау мамандығын оқытса құба-құп болар еді. Қайықтың кішкене бөлігін жасату үшін жігіттер бәрін сатып алады. Айталық, мотор бұрамалары 40-50 мың теңге тұрады. Оны екінің бірі сатып ала алмайды. Оның үстіне балық та бұрынғыдан әлдеқайда азайып кетті. Нарықтағы бағасынан гөрі арзандау бағаға соғылған қайықтарын жамап-жасқап, құрастырып беремін. Бұрын аттың тұяғы желінбеу үшін таға қақты ғой, сол секілді алюминийге таттанбайтын болатты бекітіп қағамын. Теңізге арналған болаттан жасалған бұрамалардың бағасы да қымбат. Балықшылардың оған мүмкіндігі жете бермейді. Көбінесе көктем, күз айларында, балық аулау науқаны кезінде тапсырыс қабылдаймын, — деді Асхат ұста.

Кісіден көмек күтпеген жөн

Әзірге ешқандай әлеуметтік желінің көмегінсіз жұмысын жасап, балықшылардың қажетіне жарап отырған шебер бұл істің өзінің де қолынан келетінін дәлелдеуге талпыныпты. Қит етсе өзгеден көмек күтіп тұратын әдеттен арылу керек деген тұжырымға да осы себеп болған.

photo 5226729329990421890 y

Бүгінде өз шарбағындағы гараждан қайық моторының бұрамасын құйып, қолдан теңдестіріп шығарып отырған шебер балғамен жұмыс істеуге әбден төселген. Тіпті, адамның қолынан шыққанына күмән келтіргендер де болыпты. Ал, гараждағы қызу жұмысты екі-үш күн бақылап, көздері жеткен жігіттердің таңғалмасқа шарасы қалмайды.

– Кейбір кезде қажетті құралдарды қолдан жасап, құрастыруға тура келеді. Металл қабылдайтын жерлерді аралаймын. Сол жерге тапсырған темірлерді, түрлі түсті таттанбайтын болатты сатып аламын. Атырауда одан басқа алатын жер жоқ, — дейді ұста.

Балықшылармен тығыз жұмыс істеп келе жатқан дамбылық ұстаның айтуынша, осы кәсіп арқылы отбасын асырап, қарапайым қоңыр тірлік кешіп келе жатыр. Отбасындағы жан-жары оның қандай бастамасына да әрдайым тілеулес. Бүгінде тұңғыш қызын құтты орнына қондырып, одан көрген үш жиеннің тәтті қылығына тоймай, кенже қызының тілеуін тілеп отырған отағасы шағын гараждан несібесін тауып отыр. Осы арқылы күрпіп байып кетуді де ойламайды. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деген сөзді ту етіп алған.

Осы күнге дейін мемлекет тарапынан қандай да бір көмек-қолдауға жүгінбеген ұста алға қарай да осы кәсібін дамытып, кеңейтуді ойлайды. Әлбетте оған бүгінгі таңда қаражат жағы қолбайлау болып тұр.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button